Күрделі қызметтің құрметті адамы

Артық сөзге жоқ, осы бір қарапайым да ақжарқын ағамызды Көкшетау жұртшылығы жақсы біледі десек, артық айтпағанымыз. Үнемі елдік істердің бел ортасында жүретін Сайлау аға да сексеннің сеңгіріне келіп қалыпты дегенге адам сенбейтіндей. Өйткені, ширақ қимылы сендірмейді. Талай жерде азаматтық бет-бейнесімен көрініп, аузынан тек арлы, аталы сөз ғана шығатын ел ағасы өзін танитын екінің бірінің жүрегінен лайықты орын алып келе жатқаны әмбеге аян. Әрі күнделікті қам-қарекеті, өзіндік өмір жолы соны дәлелдей түссе, басқаша болуы мүмкін де емес.

Сайлау аға 1939 жылы Көкшетау қаласының іргесіндегі Қарлыкөл ауылында дүниеге келді. Ол күн Жаңа жылдың басы – қаңтардың 1-і болатын. Қыстың жаңа жауған аппақ қарындай содан ағамыздың тұла бойына да бұл өмірдің ақтығы, пәктігі мол дарыған сынды.
Ал, осының бәрі бір кезде неден басталып еді? Әрине, ата-анасының тәлім-тәрбиесінен, өзі өмірге келген киелі мекеннің, ата тегінің қадір-қасиеті мен ұлағатынан дер едік. Әке-шешесі қарапайым шаруа болатын. Әкесі Сапиолла «көппен көрген ұлы той» деп, соғыстың сұрапыл жолымен сонау Берлинге дейін барды. Артиллериялық бөлімшеде болып, қатардағы жауынгер үшін әскери марапаттың ең қадірлісі – «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған жан. Арқасының бәрі снаряд жарықшақтарынан шұрық-шұрық із болып қалған. Сол қанды қасаптан коммунист болып келді. Бейбіт заманда да еті тірі еді. Сүйегінің асылдығы ғой, 92 жасқа қараған шағында бейнетті де, зейнетті де көріп барып, өмірден озды.
Анасы Балқыз болса, ерлердің бәрі соғысқа кеткенде кейін тарқап тынған сол Қарлыкөлдің шөбін де шапты, егінін де орды. Осынау өмірдің жақсы жағына ғана ұмтылған әке-шешеден төрт бала дүниеге келіп, екеуі бертін бұл дүниеден де өтіп кетті. Әсіресе, Серік Ыбыраев інісі қаржы саласының нағыз білгірі, елдің аса бір сыйлы азаматы еді. Қазір осы Сайлау аға бауыры Теңбай екеуі Ыбыраевтар әулетінің туын жоғары ұстап, бір кездегі өскен, өнген әулеттің тұғырын биіктен түсірмей жүр.
Орта білімді Сайлау аға 1957 жылы Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин атындағы өнер-білімнің қара шаңырағынан алды. Жасынан еңбекке араласып, 19-ға толғанда әскерге алынды. Оған бармас бұрын Көкшетау облысының Чистополь ауданында белді қызметте болған Қайыркен ағайының шарапатын көріп, халықты қамсыздандыру жүйесінде екі жылдай ысылғаны үш жылдық әскери борышын өтеуде де біраз пайдасын тигізді. Сол әскерден оралғанында Көкшетау қаласында жаңадан педагогикалық институт ашылып жатқан. 1962 жылы соған оқуға түсті. Бастапқыдағы арманы Алматыға, тарих факультетіне бару еді. Әскерден әкесі сияқты коммунист болып оралған жігіттің оған мүмкіндігі де мол болатын. Бірақ, отбасы жағдайына байланысты анасының сөзі тежей берді.
Мұғалімге оқыса да, әрі қарай кім болары алдын ала шешіліп қойғандай еді. Өйткені, төртінші курстың басында үш жылдан бері пединституттың кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін бірге алып жүрген бұған Көкшетау қалалық партия комитетінің «Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне барасың» деген жолдамасы беріліп те қойған. Сонымен 1967 жылы КГБ-ның Щучье аудандық бөлімінде осы жаңа қызметін бастады. Сол қызметті алты жыл атқарып, кейін жаңадан құрылып жатқан Уәлиханов ауданындағы бөлімге бастық болып тағайындалды. Мұнда да тоғыз жыл осы құпия қызметтің қарбалас қарекетімен өтті. Жалпақ жұртқа беймәлім күрделі де жауапты жұмыстың үдесінен шығып, өз ерекшелігі бар ауданның әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуына лайықты үлесін қосты. Ол кезде партия КГБ демейді, мұны да аудандағы бүкіл науқандық іс-шараларға уәкіл етіп бекітіп қояды. Осылай жылдың төрт мезгілінде жас ауданның бүкіл қам-қарекетін бес саусақтай біліп алды. Сонымен бірге, өзінің қызмет бабы бойынша жүктелген міндеттер де назардан бір сәтке қалыс қалмады.
Қауіпсіздік саласында істеген адамдардан сыр тарту қашанда оңай емес. Сонау 1991 жылы зейнет демалысына шыққанның өзінде Сайлау аға да әлі күнге өз жұмысынан басы артық ештеңені ауызға ала қоймайды. Дегенмен, ол кезде сол Уәлиханов ауданында Қытайдан қоныс аударған арнайы контингенттің болғанын, өздерінің соларды бақылауда ұстап, жоғарыдан жүктелген жауапты тапсырмаларды да орындауларына тура келгенін жұқалап болсын айтып қалады. Сол алпысыншы жылдардың аяғында Кеңес Одағы мен Қытайдың арасындағы жағдайдың шиеленісіп тұрғаны белгілі. Соған сай түрлі резидентуралар болған. Ал, бұл істердің басы-қасында ел қауіпсіздігі ойлап, осы кісілер жүрген.
Осы арада сәл шегініс жасап, Сайлау ағамыздың өмірінде маңызды орын алатын мына бір екі жайға тоқтала кетсек дейміз. Оның бірі 1968 жылы Алтын тәтемізбен отау құрып, отбасылық өмірін бастағаны. Сол бір кездегі жас отау бұл күнде ақар-шақар үлкен шаңыраққа айналған. Өмір бойы медбике болып, науқастардан жан жылуын аянбаған Алтын Қайыржанқызы ағамызға алтын асықтай үш ұл сыйлап, олардың бәрі де мына қым-қуыт заманда өз орындарын таба білген. Үшеуі де үйлі-күйлі, ата-анасына немерелер сүйдіріп, енді сол немерелерден шөберелер де сүйеміз бе деген ниет бар. Тұңғыштары Асқар әке жолын жалғастырып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет атқарса, екінші ұлдары Алтай «Тыныс» акционерлік қоғамында инженер. Қайрат та қалалық сүт зауытында дәл осындай лауазымда абыройлы жүріп жатыр. Мұның бәрі ата-ананың қамқорлығымен, еңбегімен алған жоғары білімдерінің де арқасы.
Екінші бір әңгіме Сайлау ағаның достыққа берік адал жүрегі жайлы. Бұл кісі есімі көпке мәлім көкшелік белгілі қаламгер Мәтен Бижанов ағамызбен сонау пединституттың бірінші курсында танысады. Филология факультетіне екеуі оқуға бірге түсіп, содан арада қыл өтпестей болып достасып кетеді. Сол достықтары өмір бойы жалғасты. Оған осы азаматтарды білетін бүкіл көкшетаулық ағайын куә. Мәтен ағамыз қайтыс болғаннан кейін де жарғақ құлағы жастыққа тимей, есімін ел есінде қалдыру шараларына, атап айтқанда, тұрған үйіне ескерткіш тақта орнату ісіне белсене ат салысқан Сайлау ағамызға бұл күнде не жетіспейді десек, ол әрине, осы досының ыстық ықыласы, ақ адал көңілі.
Иә, бірде шешіліп, бірде шешілмейтін жүз түйіні бар өмір мұндай сағыныштар мен жалғыздықтарға да көндіреді. Сайлау аға темірдей тәртіп пен асқан қырағылықты талап ететін өзіне үйреншікті қызметінде ауданнан кейін Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Көкшетау облыстық басқармасының бөлім бастығы болып келді. Жетпісінші жылдардың бас кезінде «Союз справедливых» деген ұйымның атынан антисоветтік парақшалар тарату орын алып, бұл оқиғаның бір шеті республикаға жеткен еді. Бірінші май мерекесінің қарсаңы болатын. Листовкашылдар «Радио Свободаны» тыңдап алған өзге ұлт студенттері екен. Арада қанша жыл өтті, ендеше, бүгінде мұны да айтуға болар. Содан кінәлілер ұсталып, жауапқа тартылды.
Кейін мұның бәрі ұмытылып кеткені анық. Бертін Сайлау аға бір мекемеге кіріп барса, алдынан бір жігіт атып тұрады. Бұл күнде кешегі студент емес, білдей бір азамат, сол мекеменің басшысы. Рас, бастапқыда ағамыз оның кім екенін білмеген, шырамыта алмаған. Оны:
–Баяғыда бізді листовкалар тарттың деп ұстағанда, жағдайымызды, жас болып қызуқандылыққа салынғанымызды ескеріп, басымыз кетейін деп тұрғанда, аса қатты жазаламай, тәрбие-түсінік жұмысымен шектеліп едіңіздер. Сол үшін сізге мың рахмет. Басқаша болғанда, алдағы өмірім қалай қалыптасар еді?! Енді міне, өткеннен сабақ алып, дұрыс еңбек етіп, осы мекемені басқарып отырмын,–деп әлгі жігіттің өзі айтып салады.
Ағаның қызмет бабынан біз там-тұмдап келтіріп жатқан бұл мысалдар сөз жоқ, әңгімеміздің басында айтқан үлкен адамгершілігі, кісілік келбетінің айғағы екені даусыз. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында да осы тектес жағдай болып, Көкшетауда «алаңға шықты» деген желеумен он шақты қыз-жігітті апыл-ғұпыл КГБ-ның облыстық басқармасына алып келеді. «Бұл балаларды бізге әкелудің қажеті қанша, басқа органдар да жетпей ме?» деп, тіркетпей, жігіттерге сол бойда қоя бергіздім» деп ағынан жарылуында да туа біткен тектілігі жатқандығына дау жоқ.
Әңгіме барысында тағы бір білгеніміз, біздің чекистер сол тұста «жол пайдалану учаскесі» деген мекемеде Ұлы Отан соғысы жылдары жау жағына шығып, соларға көмектескен бір сатқынды да ұстапты.
Зейнет жасына шыққан 1991 жылы Сайлау Сапиоллаұлы бірден Ұлттық қауіпсіздік комитеті Көкшетау облыстық басқармасы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланды. Осы қоғамдық жұмысты 2012 жылға дейін атқарып, кейін оның басшылығына жоғарылатылды. Осы жылдар ішінде ардагер аға жетекшілігімен бұл бағытта да көптеген жұмыстар тындырылды. Соның тек бір-екеуіне ғана тоқталсақ, бір кезде Көкшетау облысының Ұлттық қауіпсіздік басқармасын басқарған генерал-майор, Ауған соғысының қатысушысы Мәжит Жанділдиновтың есімі де ұмытылмай, оның атына Көкшетауда бір көше берілді. Ал, Ұлы Отан соғысы жылдарында неміс фашистерінің зәре-құты қалмаған СМЕРШ-те қызмет атқарған даңқты жерлесіміз Шегебай Ұзақбаевтың сол сұрапыл кезеңде көрсеткен ерліктері, атап айтқанда, контрразведканың жедел уәкілі, Берлинді алғанда полк парторгы болғаны, сөйтіп, 1945 жылдың 28 сәуірінде жарылған снарядтан қаза тапқаны туралы деректер тірнектеліп жиналып, ҰҚК Ақмола облысы бойынша департаменті ғимаратының қабырғасында ескерткіш тақта орнатылуы да игі істердің бірі болды. Кейін Ақкөл қаласында бір көше осы ержүрек чекистің атын иеленді.
Осындай жақсы істерге ұйытқы бола білген Сайлау ағамыз бүгінгідей сексеннің сеңгірінде де арқаны кеңге салған жандардың қатарынан емес. Қашанда өзіне сеніп тапсырылған қоғамдық жұмыста ардагерлердің күнделікті өзекті мәселелерін шешуге, олардың іс-тәжірибесін, батылдығы мен Отанға деген шексіз сүйіспеншілігін жас ұрпақ тәрбиесінде кеңінен пайдалануға бар күш-жігерін салып келеді. Сондықтан, құрамында 140 мүшесі бар бұл бастауыш ардагерлер ұйымы өзінің ықпалы, абырой-беделімен облысымыздағы белді ұйымдардың бірінен саналады. Оны ұйым төрағасының Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі болып табылатындығы да растай түссе керек.
Отставкадағы подполковник, қауіпсіздік органдарының құрметті ардагері, ел алдындағы елеулі еңбегіне берілген 15 медаль, екі төсбелгінің иегері Сайлау Сапиоллаұлы Ыбыраевтай ардақты ағаларымыздың қызметтік өмір жолы, адамгершілік биік тұлғасынан кейінгі біздердің, жастардың да үйренеріміз көп. Көпшіліктің сый-құрметіне бөленген, айналасын өмірлік берік ұстанымы, жайсаң мінезімен тәнті етіп жүрген жақсы ағаға алда да жарқын өмір белестерін тілейміз.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар