Ел бастаған Жәмила

Моңғолия қазақтарының ішінен ел басқарған даналар көптеп шықты. Солардың бірі – аналар арасынан шыққан алғашқы мемлекет және қоғам қайраткері Жәмила Әпселеңқызы Алтай аймағының Шыңжан өлкесінде дүниеге келген. 1929 жылы Моңғолияға қоныс аударып Ақкөл, Ақбалшықта мектеп жұмысшысы болып еңбек етіп, өз бетімен төте жазуды үйреніп, моңғолша хат таныған. Жаңадан ашылған «Қызыл отауға» басшылық жасайды. 1939 жылы мемлекет басшысы, маршал Чойбалсан келген сапарында парасаттылығымен танылып, мемлекеттің 8-ші Хуралына мүшелікке сайланып, мемлекеттік Ұлы Хуралының жиналысында Кіші Хуралтайдың басқарма мүшесіне – батыс аймақтар министріне сайланып 1940 жылдан, он жылдай ел астанасы Ұланбатыр қаласында тұрып, еңбек етеді.

Кіші Хуралтайдың басқарма мүшесі болған кезінде, ел басқарған зиялы қауыммен ақылдасып, халықтың арыз-өтінішін жоғарғы орындарға нағыз дәйектермен жеткізе білгенінің нәтижесінде Аймақ орнату комиссиясының құрамында болды. Еңбегінің нәтижесінде «Еңбек Қызыл Ту», «Алтын Жұлдыз» ордендерімен және медальдармен марапатталған. Ел басқарып еңбек еткен жылдары дүниежүзілік 2-ші соғыс басталып, Кеңес Одағының жеңісімен аяқталған қауырт жылдар еді.
Моңғолия елі Совет Одағынан кейінгі екінші социалистік ел, өзара көмектесуге жасалған келісімдер де бар. Соғыстың әділетсіз екенін халыққа түсіндіріп экономикалық, моральдық көмек жасау үшін ел-жұртты аралап, үгіт-насихат жүргізуден жалықпады. Жерлестері «министр» атап, еліне қамқор болған. Үкіметтің сан алуан мәселесін шешуге белсене қатысқан, жеке дербес аймақ орнауына, моңғол елінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға өз үлесін қосқан қоғам қайраткері. Қазақ, урианхай, тува балаларын алғаш рет іш, сырттың жоғары оқу орындарында оқып білім алуына ықпал жасаған тарихи тұлға. Осындай еңбектерінің нәтижесінде 1940 жылы Баян-Өлгий (Байбесік) аймағы орнаған. Бұл Моңғолия Үкіметінің басқа ұлттар үшін жасаған аса үлкен қамқорлығы еді, әр ұлт өз тілінде білім алатын мүмкіндік туып, ел-жұрты қоғам қайраткерінің мерейтойын тойлап, Баян-Өлгий аймағынан арнайы көше атауы беріліп, тақта орнатылған. Баяндамалар жасалып, ақындар өлең-жырларын оқып, көптеген адам есте қалғаны мен естігендерінен сыр шертісті, концерт қойылып, ас берілді. Мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ел-жұртына сіңірген еңбегін көпке насихаттап айтып, есіне түсіріп отырмаса, кейінгі ұрпақ білмей қалуы да мүмкін ғой. Естеліктерге үңілсек: Сүйеніш Кәмештайұлы (Баян-Өлгий аймағының Ардагерлер кеңесінің төрағасы) – аймағымыздан шыққан қоғам қайраткерлерінің бірі, әсіресе, қазақ аналарынан тұңғыш рет еліміздің үкімет орнының жоғарғы билігінде қызмет атқарған, қарапайым жұмысшы Жәмила әжейдің өмір жолын, қоғам, оның ішінде аймағымыздың халқы үшін атқарған еңбегін бүгінгі ұрпаққа таныстырып жеткізу бізге борыш. Ол аймағымыздан алғаш рет 1940 жылы шақырылған 8-құрылтайға өкілдікке сайланып, сол құрылтайда өзгеріс енгізген екінші негізгі заңды бекітіскен ана. Осы 8-құрылтайда 75 адамнан құрылған Кіші құрылтай мүшесіне және оның басқарма мүшесіне сайланып, 10 жыл бойы жоғарғы орында жауапты қызмет атқарды. Өзі білім дәрежесіне сай қорытынды жасап, орнын кейінгі жастарға беру туралы өтініші қабылданып, әйелдер кеңесінің бастығына атын ұсынғанда, тағы да одан бас тартып, еңбек еткен ауылына оралады. 1953 жылы Баяннур сұмынына келіп, Туяа (Сәуле) бірлестігінде сауыншылық қызмет атқарады. Бұл жұмысты абыроймен істеп, «Озат сауыншы» атағына ие болып, Ұлы Құрылтайдың 11-съезіне қатысып, еңбек жемісін көрген ана. 1959 жылы дербес зейнеткерлікке шыққан. Бұл жөнінде апайымыз былай деп түйіндейді:
Бақ берді Аллам өзі қара басқа,
Мінеки, келгенімде орта жасқа,
Ел-жұртым аман болсын деп айтамын,
Тілегім, арманым жоқ бұдан басқа, – халқым жүктеген сенімді ақтадым, жастарға орнымды беріп, дем алайын деген ойды меңзейді.
Бекболат Әбділұлы: – Бар білгеніміз Жәмиланың керей қазақтары тарихында ең жоғары лауазымға ие болғандығы, Моңғол елінің тарихында аттары алтын әріппен жазылған Чойбалсан, Янжмаа, Самбуу, Бумцэнд, Цэдэнбал қатарлы тұлғалармен иық тіресе қатар жүргендігі. Арманы биік асыл жан, ұрпақ қамын ойлады. Аймақ орнағанда Жәмила апай Үкіметтен тағайындалған комиссияның бір мүшесі болып келіп, шаңырағымызды көтеріп, уығымызды шанышты, керегемізді жайысты. Басымызға үй тігіп, бауырымызға қазан салып берді. Отауына еншісін қоса бөліп берді. Жәмила апайымыздың тікелей ықпалымен Б.Құрметбек, О.Тілейхан, А.Сарай, Б.Қаби, Ш.Ноғай, М.Қашқынбай сынды мақтан тұтар азаматтарымыз тәрбиеленді. «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» демекші, Жәкең туралы Б.Жанат, Б.Батырхан, Л.Жарантай, Р.Құрма, Б.Дархан қатарлы адамдар естелігімен бөлісіп, жыр шумақтарын арнады. Құмархан Сағынбайұлы «Маршал Чойбалсанның Қызылқайыңға келуі және Жәмиланың еңбек жолы туралы» толғауында:
Еңбек жолын Уланхуста бастады,
Қандай істі үйренуден қашпады.
Тазалаушы, сауыншы әрі аспаз боп,
Қиындықты жеңе білді, саспады.

Өз бетімен хат таныды тағы да,
Туа біткен қасиет пе қанында?!
Дөрбеттермен араласып бір жүріп,
Моңғол тілін жаңа үйренген шағында.

«Бас уәли келді деген сөз болды,
Чойбалсанның келуі де тез болды.
Ас-су жағын Жәмилаға тапсырған,
Басшылардың бұйрығына кез болды.

Осылайша қарбалас іс басталды,
Сұмын халқын, дүрліктіріп жастарды.
Қызыл матаға Ұран сөздер жазылып,
Жолдың бойын безендіріп тастады.

Бетке алып Қызылқайың өлкесін,
Чойбалсан да келді мұнда ертесін.
Елдің жайы тұрмысымен танысып,
Жиын ашып ақыл-кеңес бергесін.

Оған арнап қонақасы берілді,
Қымыз ішіп, бас пен жамбас желінді.
Өлең айтып, күмбірлетіп күй тартқан,
Қазақтардың ықыласы сезілді.

Разы болып мынау елдің салтына,
Шашу шашып, бата берген қартына.
Үкіметтен жасаймын деп қамқорлық,
Урианхай, Тува, Қазақ, Дөрвет халқына.

«Ұқыпты да өз ісіне қырағы,
Қыз да болса, қазақтың бір қыраны.
Жәмиладай қыздарыңды қолдаңдар,
Ел бастауға енді әйелдер шығады», –

Деп Чойбалсан сөзін әрі жалғады,
Соңғы сөзін аналарға арнады.
Бұл съезде басқармалар сайланды,
7 орынға басқармалар жайланды.

Міне, ғажап, қазақ қызы Жәмила,
Ел басқаратын басқармаға айналды.
Арыз, тілек, өтінішті сан қырлы,
Басқармалар талқысына салдырды.

Баян-Өлгийді жеке дара аймақ қып,
Тарихта өшпестей із қалдырды.
Қайда жүрсе, ана тілін қорғады,
Ұлт бірлігін, дербестігін қолдады.

Министр де, басқарма да атанып,
Бола білді ел-жұртының қорғаны.
Қазақ қызы, көш басшысың, дарасың,
Шоқ жұлдыздай жарқырайсың, жанасың.

Құрылтайда басқармаға сайланған,
Тұңғыш әйел қазақта сен ғанасың!
Ел бастаған аяулы, асыл анасың,
Янжмааның әріптесі, ақыл қосқан данасың.

Сайд Жәмила, тэргүүлэгч Жәмила атыңмен
Тарихта мәңгі-бақи қаласың! – деп жырлағаны қазақ қызының еңбекқорлығын, парасатын, білейін, ұғайын деп тұрған құлшынысын толық баяндап тұрғандай.
Мәрияш Ноғайқызының «Айналайын, арулар» кітабында Моңғолия қазақтарының ішінен шыққан, биік орындарда еңбек еткен нәзік жандылар туралы баяндалады. Жәкең мен Ноғай екеуі де Кіші Құрылтайда мүше болып, бірге еңбек еткен ел ағалары екен. Жәкеңнің сөзі өткір әрі жинақы, көбінде ойлап сөйлейтін және дәлелмен айтатын еді дейді. Бас қосуларда әдемі ән салатынын кейде өз ойынан шығаратын қасиеті барын айтады. Қолынан іс келетін шебер екенін, 1943 жылы әкесі Ноғайды Қытайдың гоминдан басқыншылығынан Шыңжан халқын қорғау үшін көмекке Үкіметтің құпия тапсырмасымен аттандырғанда, моңғолдың бай қазағындай әдейілеп киіп кеткен киімдерін Жәмила апай тігіскені жайында қызына естелік айтыпты. Ел жұртына аса қамқор, қолынан келгенін аямайтын еді. Кіші Құрылтайда қызмет атқарып жүрген кезінде, түрмеден босаған біраз қазақтар елге жете алмай, тарыққаннан «Жәмила сайдке» барады. Жәкең бұл мәселені дереу шешіп, машина шығартып, еліне қайтарады. 1940-жылдарда қазақ әскерилерін Халхинголға жеткізуге тиісті басшы-офицерлер жолда көп уақытын қыдырумен өткізеді, бұлардың басшыларына іссапармен жүрген Жәкең дереу ескерту жасап, бөгетсіз жүруіне мүмкіндік жасайды. «Тәңір тілеуің бергір, қыз болса да ұлға бергісіз, алғыр жан еді» деп, ақсақалдар риза болып отырғанын талай рет естігенін жазыпты. Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын деген осы болар.
Жәмила Мұқалбайұлы Қатамен шаңырақ көтеріп, ұл-қызын өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 63 жыл ғұмыр кешкен ана. 2020 жылы туғанына 120 жыл толады. Еліміз Тәуелсіздік алысымен ата-жұртқа оралған үрім-бұтағы Астана қаласында және Ақмола облысының Бұланды ауданында баласы Мазақ, қыздары тұрады.

Әдебиет БАЙДОЛДАҰЛЫ.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар