«Бурабай» спорт сарайы: жемісті жылдар

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері өңірімізде көптеген әлеуметтік-экономикалық нысандар бой көтергені белгілі. Солардың бірі – облыс орталығында орналасқан «Бурабай» спорт сарайы жөнінде әңгімелеуді жөн көрдік.

Құрылысына 2 миллиард теңге жұмсалған жаңа спорттық кешен осыдан он жыл бұрын пайдалануға берілген болатын. Ашылу салтанатында бұрынғы облыс әкімі Альберт Рау хоккей мен мәнерлеп сырғанау тәрізді спорттың қысқы түрлерін дамытуға ерекше назар аударылатынын, мұнда спортшылардың кәсіби дайындығы үшін барлық жағдай жасалғанын айтты. Сол күні хоккей жарысының маусымын Көкшетау қаласы мен Атбасар ауданының командалары арасындағы жолдастық кездесу ашты.
Қазір Көкшетау қаласы бұл спорт сарайында республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыс өткізе алады. Жаңа спорттық ғимаратта қашықтығы 50 метрді құрайтын 8 жолақтық бассейн, мұз айдыны мен күрес, дене шынықтыру, фитнес залдары орналасқан.Салауатты өмір салтын ұстанатындардың бәрі «Бурабай» спорт сарайындағы мұз айдынына, бассейн, үстел теннисі, шығыс жекпе-жегі мен күш дайындығы залдарына, зияткерлік ойын орталығы мен саунаға келіп жүр.
1500 орындық трибунасы бар мұз аренасында концерт, салтанатты жиналыстар, спорттың сан түрлері бойынша жарыстар өткізіледі. Жұрт күні бойы коньки тебеді. Осы кезде көңіл-күйіңді көтеретін жағымды музыка ойнап тұрады. Мұз айдынына жалға коньки беріледі. Коньки тебуді үйренемін деушілерге спорт сарайының нұсқаушылары көмектеседі. 8 жолақтық бассейнде 475 орындық трибуна орналасқан. Оның қасында балаларды жүзуге үйрететін бассейн бар. Бассейн барлық стандарттарға жауап береді. Қазіргі заманғы жылу беру технологиясының арқасында судың қажетті температурасы сақталады. Бассейнде кәсіби нұсқаушылар жұмыс істейді. Олар жүзу білмейтіндерге көмектесуге әрқашан дайын. Қазіргі заманғы күш дайындығы залында «Vasil» фирмасының жаңа тренажерлары орналасқан. Кәсіби нұсқаушылардың басшылығымен қысқа мерзімде дене бітіміңізді қалпына келтіре аласыз. Жекпе-жек жанкүйерлері үшін арнайы зал ашылған. Мұнда жаттығу және ірі жарыс үшін барлық жағдай жасалған. Үстел теннисімен айналысушылар арнайы жабдықталған залда шеберліктерін шыңдайды.
Зияткерлік ойын орталығында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнаушылар өзі үшін лайықты қарсылас табады. Сондай-ақ, спорт сарайы балалар мерекесінде спорттық демалыс шарасын ұйымдастыруға көмектеседі. Мұнда кәсіби әртістер мұз айдынында шоу-бағдарламаларымен және цирк нөмірлерімен өнер көрсетеді.
Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған «Бурабай» спорт мектебінің директоры Тахир Шәкеновтың айтуынша, бұл мекеме 2017 жылдың желтоқсанынан бастап жұмыс істейді. Бүгінгі күні спорт мектебі спортпен жиі айналысуға балалар мен жасөспірімдерді тартуды қамтамасыз ететін әрі балаларға қосымша білім беретін негізгі мекеме болып табылады. Сондай-ақ, өзінің негізгі жұмысында тұрғындарды көбірек дене шынықтырумен және спортпен айналысуға тартады. Спорт мектебінде 632 оқушы жүзу, су полосы, бадминтон, шорт-трек, армрестлинг, пауэрлифтинг тәрізді олимпиядалық спорт түрлерімен айналысады. Мектепте 24 жаттықтырушы-оқытушы жұмыс істейді.
– Биылғы жылы мектеп спортшылары мектепаралық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі көптеген спорттық шараларға қатысты. Жүзу, теннис, су полосы, армрестлинг пен пауэрлифтингтен Қазақстан Республикасы чемпионатына 52 оқушы қатысып, 22 алтын, 8 күміс, 15 қола медальды жеңіп алды. Су полосының командасы Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Жүзу бөлімінде де жарыстар жиі өткізіледі. Бұған мектептің тәрбиеленушілері белсене қатысып, облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болуда. Су полосы бөлімшесінің оқушылары ҚР чемпионатында Нұрсұлтан мен Өскемен қалаларының командасын жеңіп, чемпион атанды. Пауэрлифтингіден Азия чемпионатына Диас Шәкерхан, Шахризат Жақыпбеков, Алена Солопова, Ерлан Игілік, Данил Кривцов қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Спорттың осы түрінен Қостанай қаласында өткен ҚР чемпионатында Артем Тарада мен Алена Солопова бірінші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ,Шахризат Жақыпбеков, Алена Солопова мен Кирилл Старостиннің спорт шебері, Шахризат Жақыпбеков халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанғанын айтқан жөн. Армрестлингтен Дмитрий Тюков Азия чемпионатында 1 орынды жеңіп алып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады. Сондай-ақ, ол Әлем чемпионатында 1 орынды жеңіп алды. Азия кубогында Қайырбек Арғынбек пен Александр Авдеев жүлделі орындардан көрінді. Биатрис Шократов, Радион Трайгель, Айша Сайран, Екатерина Дмитриченко республикалық турнирлер мен чемпионаттарда жүлделі орын алды. Соңғысы әйелдер арасындағы халықаралық турнирдің жүлдегері атанды.
Өткен маусыммен салыстырғанда мектеп оқушыларының саны 45 пайызға өсіп, топ саны көбейді. Шорт-трек бөлімшесі ашылды. Мектебіміздің рейтингісі өсіп келеді. Суда жүзетін спортшылар саны артты. Армрестлинг бөлімшесіне келем деушілер көбейді,–дейді спорт мектебінің директоры.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар