Салынып жатқан нысандар сапалы әрі сәулетті болсын

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласында салынып жатқан бірқатар тұрғын үй және әлеуметтік нысандарды аралап көріп, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Көкшетаудағы №6 мектеп-лицейінің жанынан салынып жатқан қосымша ғимарат үш қабаттан тұратын болады. Қазіргі таңда екінші қабатының қабырғасы қалануда. Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер компания «ДЕЛО ФБК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері ғимаратты келесі жылдың қыркүйегінде пайдалануға береміз деп отыр. Жобаның жалпы құны 716 миллион теңге. Осы уақытқа дейін қаражаттың жартысы игерілген екен. Құрылыс алаңын аралап көрген облыс әкімі Ермек Маржықпаев мердігер компания өкілдеріне жұмысты белгіленген кестеге сай әрі сапалы орындауды тапсырды.
Бүгінгі таңда аталған білім ошағында 1635 оқушы үш ауысымда оқытылуда. Ескі мектеп ғимараты 1973 жылы тұрғызылыпты. Енді жаңадан салынып жатқан 300 орындық қосымша ғимарат мектептегі үш ауысымдық мәселесін шешеді деп отыр мектеп директоры Айшолпан Самбаева.
Осы күні Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің жанынан салынып жатқан студенттерге арналған жатақхана да келер жылы жазда пайдалануға беріледі. Жеті қабаттан тұратын бұл ғимараттың төбесі жабылғаннан кейін жылу беріліп, ішкі әрлеу жұмыстары бас-талады. Сонымен қатар, оқу орны 2020 жылдың көктемінде Студенттер сарайының құрылысын бастамақшы.
Аталған университет ректоры Мәди Елубаев облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа сарайдың бас жоспарын таныстырып, жоғары оқу орнының алдағы жоспарлары мен жетістіктері жайлы да айтып өтті. Бүгінгі таңда мұнда үш мыңға жуық студент білім алуда. Олардың көбісі қалада пәтер жалдап тұрып жатыр. Ректор келер жылы жатақхана пайдалануға берілсе, бұл сұраныс толығымен өтелетініне сенімді. Облыс әкімі жатақханалар құрылысы Елбасының бес әлеуметтік бастамасынан туындаған маңызды міндет екенін, мемлекет тарапынан осы мәселеге зор көңіл бөлініп отырғанын еске салып өтті.
Бұл күні облыс әкімі Сарыарқа шағын ауданында салынып жатқан көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс алаңында да болып, мердігер компания өкілдерімен сөйлесті. Қазіргі таңда мұнда көп пәтерлі он екі тұрғын үй салынуда. Екі 40 пәтерлі тұрғын үйден жиырма пәтер көп балалы отбасыларына беріледі деп жоспарланып отыр. Пәтерлер несиеге беріледі және арендалық баспана ретінде үлестіріледі. Облыс әкімі жылдар бойы кезекте тұрған азаматтардың, әсіресе, көп балалы отбасылардың баспаналы болуды асыға күтіп отырғандарын айтып, үйлерді кешіктірмей, уақытында тапсыруды, сондай-ақ, тұрғын үйлерге газ құбырлары тартылып, лифті жұмыс істеп тұруын қатаң ескертті. Мердігер компания өкілдерін келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Қаланы аралау барысында
Ермек Маржықпаев Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізу аясында салынып жатқан «Болашақ сарайына» да ат басын бұрып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *