Президенттің жыл ішіндегі Ақмолаға үш мәрте сапары

Елорда маңындағы елді мекендерге әрдайым көңіл бөлінеді

2019 жыл 20 сәуір. Президенттің Ақмола облысына алғашқы жұмыс сапары осы күні Целиноград ауданының Қосшы кентінен басталды. Естен кетпес ерекше сапардың нәтижесі де айтарлықтай болды. Өйткені, облыс тарапынан қаржы бөлініп, айтарлықтай жұмыстар тындырылғанымен елордалық елді мекеннің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері жетерлік. Мемлекет басшысы кенттің инженерлік-көлік инфрақұрылым ахуалымен танысып, жергілікті су тарату стансасын аралап көрді. Президентке сумен жəне электр қуатымен қамтамасыз ету мəселесін шешу жөніндегі тапсырманың орындалуы туралы баяндалды.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Р.Қошқарбаев атындағы №1 орта мектептің мұғалімдерімен жəне оқушыларымен өткен жүздесуі де әсерлі болды. Кездесуде сапалы білім алу үшін елімізде барлық қажетті жағдай жасалғаны айтылды. Осы ретте, Президент ауыл тұрғындарының саны жылдам өсіп келе жатқанын ескере, үш ауысымды мектептердің мəселесін шешуге бағытталған шараларға ерекше назар аударды.
– Біз бұл мəселені жақсы білеміз жəне Қосшы ауылында 1200 орындық мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Тиісті қаражат бөлінді. Аталған мəселе менің бақылауымда болады, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл елді мекеннің халқы ресми есептелген межеден көп артып кеткенін айтты. Мемлекет басшысы кемшіліктерді қалпына келтіріп, ауылды одан əрі дамыту үшін Үкіметке жəне Ақмола облысының əкімдігіне нақты тапсырмалар берді.

Агроөнеркәсіп саласын дамыту – басты назарда

2019 жыл 19 қыркүйек. Мемлекет басшысы қыркүйек айында кезекті жұмыс сапарымен Жақсы ауданындағы «Айбат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін алқаптарын аралап көріп, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесті. Шаруалардың хал-жағдайын өз ауыздарынан сұрастырып білген Қасым-Жомарт Тоқаев күзгі егін орағына қамданып жатқан диқандардың игі істеріне оң бағасын берді. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқтала келе, мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге баса мән беріліп отырғанын атап өтті.
– Мемлекетіміз үшін сіздердің еңбектеріңіздің мәні зор. Үкімет фермерлерге жан-жақты қолдау көрсетеді, ауылдың өмір сүру сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылдайтын болады, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан кейін, Мемлекет басшысы аудан орталығындағы Т.Уәлиев атындағы спорт мектебі және «Урожай» серіктестігінің жұмыстарына да назар аударды.

Өңірдің мол мүмкіндіктері бар

2019 жыл 14 қараша. Қараша айында жұмыс сапарымен Көкшетауда болып, Ақмола облысын дамыту мәселелері жөніндегі кеңес өткізді. Облысымызда табиғаты көрікті жерлер көп. Стратегиялық маңызы зор ауыл шаруашылығын дамытуға да қолайлы. Экономиканың өсімін әр адам сезінуі қажет. Сондықтан, барлық игілікті әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсартуға бағыттау міндет. Облыстық әкімдікте өткен кеңесті ашып жүргізіп отырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз ойын осылайша өрбітті.
Кездесуде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдің экономикасы мен елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын баяндады. Президент өңірге инвестиция тарту, әлеуметтік, тұрғын үй мәселесін шешу, туризм, агроөнеркәсіп салаларын дамыту сияқты бірқатар салалар бойынша қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысын талқылады.
Сапар барысында Мемлекет басшысы облыс орталығындағы халал ет өнімдерін дайындайтын «Бижан» кәсіпорнында, полиэтилен, полипропилен және кальций карбонатынан жоғары сапалы, мемлекеттік және халықаралық стандарттарға сай өнімдер мен «Биг-бэг» контейнерлерін өндіретін «Асыл арман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, «Ақай» киім ательесінде болып, жұмыс барысымен танысты.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар