Қоңыр үнді қобызым!

Қазақ деген халықтың Тәңірі сыйлаған өлмес өнері, өшпес мұрасы әнеу замандардан, әлмисақтан ырғын көп болған-ды. Бұлдыр-бұлдыр уақыттарда бұлт болып көшіп, өмір ағысының өзен арнасы болып ақтарылып, замана көшінің зар запыраны болып сөгіліп, көз жасы, көңіл қуанышы болып төгіліп, тіршілік заңына тікелей бағынып, дәрігейі күшті небір ғаламат дәуірлердің дегеніне дес бермей осынау Ұлы даланың ұлық жыры, ұйытқы сазы болып келе жатқан Мен – Қобыз бағзы заманнан жеткен қоңыр үн едім…

Сайын даланы, сахара шөлді салмауыр санадан, саф алтын жүректен қоздай шыққан қоңыр үніммен оятып, бебеу қаққан сарыныммен бетегелі белді самалдай өбіп, аққу-қазынан айырылған айдын көлді алай-дүлей сапырып, жусанды жуас даланың жұпар иісін аңқытып, боз даланың бой-бой ботасыз боз інгені болып боздаған, шемен болып қатқан шер көкірек дүниенің шерменде өткен мұң-шерін қозғаған, алағай да бұлағай болып Аспан астында Ай адасып, Күн тұтылған, телегей дәрия теріс аққан, тебіншек аттың тебінгісі теріс тағынған, ашулы аш бөрісі аспан – Тәңірісіне қарап ұлыған, азулы да айбынды бек ұлдарының ұйқысы ұйқы, күлкісі күлкі болмаған бейопа жалғанның жарық дүниесінен талмаурап, талықсып, тамшылап естілген бейуақ үн едім…
Басы сайран, түбі ойран, түсініксіз мынау дүниеден түңіліп, басындағы бағы сандалып, бармақ шайнап, баз кешкен, жарық дүниенің бес күндік жалған екендігін біліп, «өзекті жанға бір өлім» деп жаратқанның жазмышына жанталаса қарсы жүзіп, түгел жерді түндей тінтіп, көз жетер аумақты күндей аймалап, желмаясы жеткен шартарапты шарлай аралап, ақыр аяғы қара жерден қашып шығандап, Сырдарияның үстінен орын сайлап өлімге қарсы өмір күйін күйлеткен, тіршілік сазын сапырған Қорқыт бабаңнан қалған мәңгілік сарынның сарқыншағы едім…
«Үйеңкінің түбінен үйіріп алған қобызым, қарағайдың түбінен қайырып алған қобызым…» – деп, түп атасы бір түркі баласының түңілік бауы босамай, төрт құбыласы түгел болып, жырға қосқан ескі замандардан ескек желдей ел-жұрттың кезіп жеткен есті сазы едім…
Ешкімнің ешқандай саз аспабына ұқсамай қайталанбас үніммен үкілеген үкіні, сұңқылдаған аққуды, қаңқылдаған қазды, шаңқылдаған қыранды, боздаған ботаны, ұлыған бөріні, ұйтқи соққан боранды, үйіріп әкететін құйынды, үскірік желді, азынай ұрған ақ түтекті, алашымылдық аптапты, ызыңдаған ырғайды, қалтыраған қамысты, қураған қурайды, шырылдаған сәбиді, шырқыраған дауысты, адам баласын аһ ұрғызған қазаны, аңыраған ананы айна қатесіз елестетіп, қыл ішектің қияқпен қиысып кеткен нүктесінен шыр айналған дүниенің ешкім айта алмаған шындығы болып естілген ащы үн едім…
Уақыт жүгін көтердім, уәйімін айттым, жылаттым һәм жұбаттым. Қойлыбайдың қолында болдым, қоңыр үнімді толас-
татпадым. Өмірі жаяу-жалпы жүрген Қашағанның қасынан табылдым, бәйгеге түстім, жүйрікпен жарыстым. Жанақ ақынның жанында болдым, Шөженің шөліркегенде шөлін бастым, қара түнек жанарына жарық сәуле болып құйылдым, Қаратауда Ысқақтың қарын талдырдым, Бағаналы Балақай бақсының бармағын ісіттім, көбесін сөктім, Ықыластың ыңғайына жығылдым, ыңырандым, ызаға булықтым, ышқындым, Тайлақбайдың тартысы болып «Қыз жылаттым», Ақкемердің өзеніндей ақжалдана толқындап, Аққабаның толқынындай арнасына сыймай асып-тас-
тым, Ер Қотанның зары болып естілдім, Байжігіттің мұңын мұңдадым, төрдегі төсегінен тұрмай, етегі толып еңіреген Сандыбайдың Ерденінің еңсесін тіктеттім, Тілек бабадай болып тіршіліктен тірнектеп тілек тіледім, Молықбай болып қапас зынданға қамалдым, тар уақытқа тап келдім…
Қияқпен тартқан қыл шектен «Айрауықтың ащы зары» болып құйылдым, «Ұшардың ұлуы» болып апшысын қуырдым, «Ала байрақ» болып желкілдедім, «Қызыл қайың» болып тербелдім, «Бес бармақ» болып былқылдадым, «Балбұрауын» болып балқыдым, «Боз інгенге» салып бүлкілдедім, қыл-қысқасы сарытап болған санаға саңылау сәуле түсіріп сарын болып сарнадым…
Жаратылыс дүниенің иесінен ығып, киесінен қорқатын атаң қазақ мені ақ матаға әдемілеп орап, әспеттеп ұстап адал бақанның, ақ керегенің басына ілді. Тұрпатымды тұлғалап, кескінімді келістіріп, ажарымды айшықтап, бет-бейнемді бедерлеп, жамалымды жарқыратып, дидарымды дүйім жұртқа көрсетіп, құс төресі – аққудың кеспіріне ұқсатып жасады. Сірә, сұңқылдақ аққудың мұңын, сыбырлақ аққудың сырын айтсын дегені болар. Табылып жатса үйеңкінің өзінен, болмаса емен, тұт, қарағай, шырша, тараңғы, самырсын, арша ағаштарына шалқақ бітетін шанағымды тереңдей ойып, үңгіп, оны боз інгеннің көнімен қаптап, ақ боз арғымақтың қыл құйрығын ішек етіп тағып, арқардың мүйізінен тиек жасап орнатып, ар-иманы зор, арқасы бар адамның алақан аумағынан, бармақ басынан, сүйір саусақтардың ұшынан табылдым…
Түр-тұрпатыма, қолдану ерекшелігіме, үн өзгешелігіме сай нарқобыз, қылқобыз, желқобыз, тілқобыз және шаңқобыз деп атаған. Мені әуелі ұлы дала абыздары ұстады, ақын-жыршылар тұтынды, дәулескер күйшілер күй төгілтті, бақсылар сарынға қосты. Менімен кіндіктес егізімнің сыңарлары жалпақ әлемге жайылды. Біреуі комыз, кумус десе, енді бірі хомуз, қомус, әлде біреулері қубас, қозба, кобзар деп атады. Аттың жалында, түйенің қомында күн кешсе де салтанатты өмірін, салқар көшін, сауық думанын, сан алуан тұрмысын, сайдауыл жорықтарын, сайыпқыран оғыландарын жалынды жырға, өлмес өлеңге, әсерлі әуезге қоса білген қоңыр қазақтың күй құдыреті болған мені орта ғасырлық Еуропаның ұлы жиһангерлері Марко Поло, Плано Карпинилер таң-тамаша таңданып, өз елдеріне ала барғандары есте жоқ ескі замандардың еншісіне айналып кете барды. Ұлы дала сарынын зерттеушілер, соның ішінде неміс өнер зерттеушісі Вернер Бахман қылқобызды скрипканың арғы атасы деп танып, айдай әлемге паш еткенде біреу мойындаса, енді біреулердің әлі де мойындағысы жоқ. Күллі Еуропаны еркін кезіп, ерке сазына айналған скрипканың ғажап үніне үңілсеңіз, ғасырлар қойнауынан талып жеткен тамаша сарынымды естір едіңіз, естір едіңіз де осынау апайтөс ұлан-ғайыр даланың өзі туғызған төл үніне, төркін мәдениетіне иіліп тұрып ізет жасап, құрмет көрсетер едіңіз.
Ерболат Баят.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар