Жастар жүлдесінің иегері

Атбасардағы №2 орта мектептің 11 сынып оқушысы Юлия Минец волонтерлікпен 14 жасынан бастап айналысып келеді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді өмірлік ұстанымым деп білетін бойжеткен үш жылда ерікті ретінде біраз адамдарға қол ұшын беріп, игі істердің басы-қасынан табылып жүр.

Бізбен әңгімесінде бойжеткен «Волонтер жылы» деп жарияланған 2020 жылы осы сүйікті ісін әрі қарай жалғастыруға зор мүмкіндік туып тұрғанын, сол үшін жаңа жылда жаңа белестерді бағындырғысы келетінін айтты. Оның үстіне, жуырда «Жас Ақмола» дәстүрлі облыстық жастар жүлдесінің «Жылдың үздік еріктісі» аталымымен марапатталуы өзіне жүктелген зор жауапкершілік дейді Юлия.
–Волонтерлікпен айналысып келе жатқаныма үш жыл. Бұл шаруаны аудан орталығындағы жастар ресурстық орталығымен бірлесіп атқарамын. Сонымен қатар, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымында да мені белсенді ерікті ретінде жақсы таниды, – дейді ол.
Белсенді жас үстіміздегі жылы «Зерен» республикалық лагеріне және жуырда «Нұр-Сұлтан» қаласында өткен «Бірлік» республикалық форумына қатысқан. Юлияның ұстаздары және ата-анасы оның әрбір бастамасына қолдау білдіріп отырады. Ол қоғамдық істерде белсенді болуымен қатар, оқуда да озат. Алдына мектепті «Алтын белгімен» аяқтаймын деген мақсат қойып отыр. Юлия бос уақытында үстел теннисі үйірмесіне барады, осы спорт түрінен өткен облыстық жарыстарда бірнеше мәрте чемпион атаныпты.
–2020 жылы мені алда үлкен міндеттер тосып тұр. Ең алдымен, оқуымды ойдағыдай аяқтап, университетке оқуға түсуім керек. Болашағымды журналистика саласымен байланыстырғым келеді. Медиа-волонтер болсам деген арманым бар. Мұқтаж, қиын өмірлік жағдайда қалған жандардың мәселелерін көтеріп, қол ұшын бергім келеді. 2020 жылы ауданымызда еріктілер форумын өткізуді жос-парлап отырмыз. Жасыратыны жоқ, шет елдерде волонтерлік іс жақсы дамыған. Мәселен, Ресейде «Волонтер жылы» өткеннен кейін волонтерлік іс жақсы жолға қойылып, тұрғындар осыған көптеп бет бұра бастады. Бізде де бұл мәселеге мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп отыр. Сондықтан, жастар жалындап тұрған шағымызда жарқырап қалайық, – деген бойжеткен барша замандастарын «Волонтер жылында» барынша белсенді болуға шақырды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар