Спорттық әулет саңлақтары

Отбасы – сүйіспеншілік, сыйластық, ынтымақтастық пен парасаттылық бастауы, адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамдық дамудың басты негізі. Осынау қымбат қазыналар көрініс тапқан өнегелі отбасылар өңіріміздің өрісін кеңітуде. Солардың қатарында Сандықтау ауданындағы Мухиндердің спорттық әулеті де бар.

Мухиндер отбасы додалы жарыстарда жүлделі орындарды жеңіп алғанда жұртшылық риза көңілмен қол соғады. Мұның өзіндік себебі де бар еді. Бұл – интернационалдық отбасы. Екіншіден, Мухиндер бала-шағасының, немере-шөпшектерінің көптігімен емес, дарынды екі бала тәрбиелеп, спорттық жарыстарда байрағымызды биіктетуімен ерекшеленген жас отау иелері. Отбасы ұлағаты дегеніміз осы тұрғыдан да кеңейе түсетіні анық. Александр Мухин мен Сәуле Тұрлыбекова 1993 жылдың 10 сәуірінде шаңырақ көтерген. Жас спортшылар уақыттың қиындығынан ғана емес, кәсіби талаптың қатаңдығынан да болар, Ресейдің Екатеринбург, Бийск қалаларында, тіпті Моңғолияда тұруға мәжбүр болған. Ақырында туған елге оралып, міне, 15 жыл бойы аудан орталығы Балқашынның тіршілігін гүлдендіруге үлес қосуда.
Мұнда олар ауылдық жерге аса қажет спорттың шаңғы және биатлон түрінен жаттықтырушы қызметін атқаруда. Мухиндер сүйікті жұмысына білек сыбана кірісіп, дарынды балаларды спорт әлеміне тартумен қатар, өңірде саламатты өмір салтын қалыптастыруға белсене атсалысып келеді. Бұл күндері ерлі-зайыпты жаттықтырушылардың тәрбиесін алған жиырмаға жуық талантты жас спорт шебері және кандидаты атағын алды. Осы арқылы олар өз жерлестері, Каменка селосының тумасы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 1988 жылғы Олимпиада ойындарының және 1987 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Владимир Сахновтың, жалпы сандықтаулықтардың абыройлы дәстүрін жалғастыруда.
Шаңырақ иесі Александр Мухиннің өзі биатлоннан спорт шебері, жоғары дәрежелі жаттықтырушы болса, зайыбы да жоғары дәрежелі жаттықтырушы әрі спорт шеберлігіне кандидат. Сондай-ақ, Александр Қазақстан Республикасы Ұлттық құрамасын жаттықтырса, Сәуле спортта дарынды балалар мектеп-интернатындағы балаларды шаңғы спортына баулуда. Бабаларымыз: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейтін ұлағат қалдыруы тегін емес. Адамның тұлға ретіндегі қалыптасуы отбасынан басталатыны да дау тудырмайды. Отбасылық абыройды ұлдары Ринат пен Александр спорттық жоғары табыстарымен еселеуде. Осы ұлдардың екеуі де шаңғы спортынан еліміздің ұлттық құрамасының мүшесі. Олар Алматыдағы әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, халықаралық турнирлерден жүлделі оралуда. Әсіресе, кіші Александрдың аяқ алысы жақсы. Ол – биатлоннан Азия чемпионы, командалық есепте Австриядағы халықаралық жарыстың күміс медалін жеңіп алған. Ендеше, Мухиндер отбасын қалыптасқан спорттық әулет деуге толық негіз бар.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылдан бері қолға алынған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өзін-өзі жарнамалап, жария ете бермейтін талай өнегелі отбасының тағылымды жолын жұртшылыққа таныстырып отыр. Осынау қымбат қазыналар көрініс тапқан байқау өнегелі отбасыларының арамызда көптігімен қуантуда. Мәселен, облыстық бәсекеде Мухиндер отбасы жүлделі екінші орынды жеңіп алғанда жұртшылық риза көңілмен қол соқты.
– Осынау интернационалдық және спорттық отбасы шын мәніндегі біздің мақтанышымыз, – дейді аудан әкімінің орынбасары Гүлмар Қадырова. Ауданымыздың қоғамдық өміріне белсене қатысатын олар өздерін үлгілі қырларымен танытуы арқылы көпшіліктің зор құрметіне бөленуде. Мухиндерді Қазақстанның нағыз патриоттары деуіміз керек. Бұл отбасының басты ұстанымы – «Ұлт саулығы – біздің табысты болашағымыз!».
Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар