Орта ғасырлардағы Алтын Орда мемлекеті

Жошы ұлысы Ертістен батысқа қарайғы ұлан-ғайыр жерді, Жетісудің солтүстік бөлігі мен бүкіл Дешті-қыпшақты, Еділдің төменгі бойын қоса алып жатты. Шағатай ұлысы жоғарыда аталған жерге қоса, Шығыс Түркістан мен Мәуереннахрды қамтыды. Үгедей Батыс Моңғолияны, Жоғарғы Ертіс пен Тарбағатайды биледі. Шыңғыс ұлдары өз ұлыстарын тәуелсіз иеліктерге айналдыруға тырысты. 1227 жылы Шыңғыс хан өлгеннен кейін бұл ұмтылыс күшейе түсіп, империя бірнеше тәуелсіз мемлекеттерге ыдырап кетті.

1227 жылы Жошы өлген соң орнына ұлы Бату отырды. Ол Батыс Дешті-қыпшақ даласына, Еділ бұлқарлары жеріне, одан әрі батысқа шапқыншылық жорықтар ұйымдастырды. Ірі орыс князьдықтары талқандалды, Польша, Венгрия, Чехия және басқа көптеген елдер тонауға ұшырады. Жеті жылға созылған жорықтарының нәтижесінде Батыйдың сол астына қырымды қоса, Еділден Дунайға дейінгі жер. Солтүстік Кавказ, батыс қыпшақ даласы қосылды. Осыдан кейін Бату хан Еділдің төменгі ағысында Алтын Орда атты жаңа мемлекетін құрды. Оған Жошы ұлысының жері – Шығыс Дешті-қыпшақ, Хорезм мен Батыс Сібірдің бір бөлігі және батыстағы жаңадан жаулап алынған жерлер қарады. Бату хан әскерінен жеңілген орыс князьдықтары вассалды тәуелдікте болды. Орыс князьдары Алтын Ордаға тәуелділіктерін мойындап, ұлы ханның қолынан князь атағын алып, алым-салық төлеп тұрды.
Бату хан құрған мемлекет шығыс деректерінде Жошы ұлысы деп, сондай-ақ Жошы ұрпақтары – хандардың атымен аталды. Астанасы Сарай-Бату (Астрахань маңында), кейіннен Сарай-Берке қаласында болды.
Алтын Орда көп ұлтты мемлекет. Оның құрамына бір-бірінен қоғамдық-экономикалық даму деңгейі жақынан айырмашылығы бар, өзіндік мәдениеті мен салт-дәстүрлері сақталған көптеген ұлттар мен халықтар кірді. Көшпелілер негізінен түркі халықтары – ең көбі қыпшақтар, сондай-ақ қаңлылар, наймандар және т.б. болды. Отырықшылардан бұлғарлар, мордвалар, орыстар, черкес-
тер, хорезмдіктер, т.б. кірді. Мұнда монолдар азшылық болды. XIII ғасырдың аяғы мен XIV ғасырда моңғолдар толығымен түркіленіп, Алтын Орданың халқы «татарлар» деген атау алды.
Алтын Орданың қоғамдық құрылысы. Алтын Орда мемлекетінің құрылысы толығымен Шыңғыс хан енгізген мемлекет үлгісін қайталады. Мемлекет Жошы хан әулетінің меншігі болып саналды. Маңызды мемлекеттік істі шешу үшін билік басындағы әулет мүшелері бастаған ақсүйектер жиналысы – құрылтай шақырылды. Армияны және өзге мемлекеттермен дипломатылық қатынастарды беклербек басқарды. Қаржы, алым-салық мәселесін, мемлекеттің ішкі істерін жүргізетін орталық атқарушы орган диванның басында уәзір тұрды. Қалалар мен бағынышты ұлыстардан алым-салық, сыбаға жинау міндетін атқаратын даругтер басқалар тағайындалды. Хан отбасының мүшелері маңызды қызметтер атқарды. Ірі нояндар, бектер, әмірлер, бахадүрлер төмендерді, мыңдық, жүздіктерді басқаратын әскербасылары болып сайланды.
Алтын Ордада жаулап алынған жер мен халықтарды басқару үшін ұлыс жүйесі енгізілді. Бату хан тұсында Жошы ұлысында екіге – оң және сол қанатқа, негізінен екі мемлекетке бөліну процесі жүргізілді. Оң қанат (ұлыстың) басында Бату ханның өзі мен ізбасарлары тұрды. Ал сол қанатты Жошының үлкен ұлы Орда Ежен биледі. Қазақстан жерінің көп бөлігі сол қанат құрамына кірді. Бату мен Орда Еженнің ұлыстары өз ішінде тағы да кіші ұлыстарға бөлініп, олардың басында Жошының өзге ұлдары отырды.
Ұлысты (үлесті жер) билеуге үкімет басындағы әулет мүшелерінің барлығы құқылы болды. Ал өзге моңғол ақ сүйектеріне үлесті жер ханға еткен еңбегіне қарай бөлініп берілді. Біртіндеп ақ сүйектер құқысы арта түсіп, олар қарамағындағы жерді ұрпағына мұра етіп қалдыра алатын дәрежеге жетті. Екінші жағынан Алтын Ордада көшпелілердің ру-тайпалық ұйымдары да сақталды.
Алтын Орданың гүлденуі мен құлдырауы. Алғашында Алтын Орда Моңғолиядағы ұлы ханға тәуелді болды. Алайда 1260 жылы Моңғол империясы бірнеше тәуелсіз ұлыстарға ыдырап кетті. Алтын Орда Батудың інісі Берке ханның (1256-1266 ж.) тұсында-ақ тәуелсіздікке қол жеткізген. Одан кейінгі Меңке хан (1266 -1280 ж.)
өз атынан теңге шығара бастады.
Алтын Орданың тарихы ішкі қайшылықтарына қоса, орыс князьдарымен Ирандағы Құлағу ханның әулетімен, Хорезмнің билеушілерімен үздіксіз соғыстарға толы болды. Алтын Орданың XIV ғасырдың алғашқы жартысында, әсіресе, Өзбек хан (1312-1342 жж.) мен одан кейінгі Жәнібек ханның (1342-1357 жж.) тұсында құдіреттілігі арта түсті. Ханның дара үстемдігі орнап, құрылтай шағыру аяқсыз қалды, билік бір адамның қолына жинақтала түсті.
1312 жылы Өзбек хан ісләмді Алтын Ордадағы мемлекеттік дін деп жариялады. Далалық түркі-моңғолдың мәдениет Еділ бойы және Орта Азия (Хорезм) мұсылмандық салт-дәстүрлерінің әсерімен ісләмді қабылдай бастады.
XIV ғасырдың екінші жартысында Алтын Орда алауыздықтан әлсірей бастады. 1357 жылдан 1380 жылға дейін 20-дан астам хандар отырып, бірін-бірі өлтіріп, орнын тартып алып жатты. 1380 жылы Алтын Орданың билеушісі, түменбасы Мамай Дмитрий Донской бастаған орыс әскерінен Куликово даласында жеңілді. Жошы ұрпағы Тоқтамыс хан осы жағдайды пайдаланып, Алтын Орданың билігін тартып алды. Өз билігін соғыс жеңістерімен бекіте түспек болған ол 1382 жылы Мәскеуді ертеп жіберді, Мәуереннахр мен Закавказьеге бірнеше рет жорық жасады. Тоқтамыстың соңына түскен Әмір Темір Алтын Ордаға қайта-қайта шабуыл жасап, халқын қырып, байлығын тонап, енді қайта көтеріле алмастай етіп тастады.
XV ғасырдың ортасына қарай бірнеше үлкен ұлыстар өз алдына хан сайлап, Алтын Орда біржола құлады. Бұл ұлыстардың ең ірісі XV ғасырдың 30-жылдары Еділ мен Днепрдің аралығында құрылған Ақ Орда болды. 20-60-жылдары Ноғай Ордасы, Сібір, Қазан, Қырым, Астрахан хандықтары бөлініп шықты.
baribar.kz сайтының материалдары бойынша дайындаған
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар