Парламент депутаттары – ел ішінде

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Рәшит Әкімов пен Дәурен Әділбеков Сандықтау ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрді.

Мәселен, халыққа қызмет көрсету орталығында сенаторлар орталық ұжымымен сөйлесіп, келушілердің сұрақтарына жауап берді. «Болашақ» балалар мен жасөспірімдер спорт кешенінде болғанында балаларды спортқа баулу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен және кешеннің алдағы жос-парларымен танысып, нысанды толығымен аралап көрді.
Халық қалаулыларының ауданға сапары барысында аудан әкімі Асқарбек Үйсімбаев сенаторларды өңірдің даму жоспарымен таныстырды. Айта кетсек, үстіміздегі жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауданға мемлекеттік бюджеттен бөлінген 1 305 019 мың теңгеге аудандық аурухана ғимаратына, Балкашин және Сандықтау орта мектептерінің, «Мирас» бала бақшасының ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізіліп, бірнеше ауылішілік жолға асфальт төселеді деп жоспарланып отыр. Осы ретте, сенаторлар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында ауданда ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Аудан дамып келеді, ескі ғимараттар жаңартылып, жаңа нысандар салынуда. Осының бәрі мемлекеттік бағдарламалардың арқасында.
Сенаторлар Рәшит Әкімов пен Дәурен Әділбековтың жұмыс сапары одан әрі Максимов селолық округінде жалғасты. Айта кетейік, аталмыш елді мекендегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары туған ауылдарының дамуына зор үлес қосып, тұрғындарға қамқорлық көрсетіп келеді. Соңғы жылдары Максимовка ауы-лы жандана түсті. Осындағы білдей бір шаруашылықты басқарып отырған әкелі-балалы Закусиловтар жұмысшыларға арнап жаңа үйлер салып, баспанасы жоқтарға да қол ұшын беруде. Мұнымен қатар, спорттық нысандар тұрғызылуда. Солардың бірі – 2018 жылы Максимовка ауылында пайдалануға берілген «Арена» деп аталатын жабық мұз хоккей корты. Бұл спорттық нысанның құрылысына кәсіпкер, «Максимовское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Александр Закусилов 140 миллион теңгеден астам қаражат бөлген екен. Бұған қоса, кәсіпкер өз қаражатына Максимов ауылдық мектебінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізді. Осылайша әлеуметтік саланың дамуына зор қолдау көрсетуде.
Максимовка және Свободное ауылдарында болған Сенат депутаттары «Свободное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Александр Закусиловтың қаражатына салған жаңа үйлерді аралап көріп, хоккей кортына және ауылдық мектепке де соқты. Соңғысында Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заңы туралы көптеп айтылды. Сенаторлар ұстаздардың өтініш-тілектерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Сандықтау ауданы.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова жұмыс сапарымен Бурабай ауданында болып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты, саланы дамытуда мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін түсіндірді.

Халық қалаулысы мал шаруашылығын мықтап қолға алған жеке кәсіп иесі Болат Әбдірахмановтың шаруа қожалығында болып, кәсіпті кеңейтуге тұсау болып отырған бірқатар мәселелерді назарға алды. Атамекен елді мекенінде орналасқан аталған шаруашылық 2011 жылдан бері ел экономикасына сүбелі үлес қосып келеді. Бүгінде күніне 4 мың литрге жуық сүт өндіретін кәсіпкер мал өнімдерін одан әрі ұлғайтуды көздеп отыр. Сүт өндірісін оң жолға қойған шаруа қожалығында 20 орындық сауын залы, 7 миллион теңге сомасына алынған сүтті салқындатқыш, Түркиядан шығарылған малды байлап бағу қондырғылары орнатылған.
Кездесу барысында шаруа қожалығының иесі Болат Әбдірахманов Мәжіліс депутатына жер мәселесі бойынша бірнеше жылдардан бері түйіні шешілмей келе жатқан өткір жайлардың барын алға тартты. Әкімдікке бірнеше мәрте хат жазғанымен жер мәселесі әлі де болса шешімін таппай келеді. Мәжіліс депутаты аталған жайды өзінің қатаң бақылауына алатынын жеткізіп, бірден тиісті органдарға өз атынан хаттар жазылатынын хабарлады. Өз кезегінде халық қалаулысының өндіріс орнына келгеніне разылығын айтып, шаруашылықтың алдағы уақытта ет-сүт өнімдерін өңдеуді сату нарығын кеңейту туралы жоспарларымен бөлісті.
Бұдан әрі, депутат Жасыл елді мекенінде орналасқан «Бурабай Сыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ірімшік зауытының тыныс-тіршілігімен танысты. Аталған кәсіпорын цехы былтырғы жылы ғана іске қосылса да, елдің экономикасына едәуір үлесін қосып келеді. Сүт өнімдерін өңдеумен айналысатын зауыт тәулігіне екі тонна таза өнім өндіруде. Төрт адамды жұмыспен қамтыған өндіріс орны жұмысшыларының 100 мың теңге көлемінде жалақымен қамтылғанын атап өтті.
Кәсіпорын ұжымымен өткен кездесуде депутат еліміздегі бизнестің дамуына барынша қолайлы жағдай жасалғанын тілге тиек етті. Әрі ауыл шаруашылық өнімдеріне мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау білдірілгені жайында атап өтті. Өз кезегінде кәсіпорын басшылығы халық қалаулысының өндіріс орнына келгеніне ризашылығын айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Владислав Косарев жұмыс сапарымен Зеренді ауданының Қызылсая ауылында болып тұрғындардың сауалына құлақ түрді. Сондай-ақ, Мәжілісі депутаттары Тұрғын Сыздықов пен Владислав
Косарев Атбасар ауданына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесті.

Сапар барысында Мәжіліс депутаты «Молдашев» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Бүгінгі таңда шаруашылық қазақтың ақбас сиыры және Еділбай қойын өсірумен айналысады. Ауыл тұрғындарымен өткен кездесуде аграрлық секторды дамыту, жеке мал шарушылығымен айналысу мәселесі көтерілді. Тұрғындар тарапынан бірқатар түйткілді мәселелер айтылды. Оның ішінде ауыл тұрғындары ұялы байланыстың жоқтығы, Қызылсая және Дөңгілағаш ауылдары арасындағы жолдың тозғандығы депутаттың назарына алынды. Сонымен қатар, Владислав Косарев өңірдегі іргелі кәсіпорын саналатын «Altuntau Kokshetau» акционерлік қоғамында болып, ұжыммен кездесті.
Одан бұрын халық қалаулылары Зеренді ауданына ат басын бұрып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Ал, Атбасар ауданында депутаттардың жұмыс сапары осындағы аграрлық-индустриалдық колледжді аралаудан басталды. Колледж оқытушылары мен оқушылары меймандарға толғандырған сауалдарын қойып, жауаптар алды. Атбасар қаласындағы №3 орта мектебінің ұжымымен кездесуінде депутаттар Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заңына қатысты көптеген сұрақтарға жауап беріп, ұстаздардың сапалы білім беру мәселесі жайлы пікірлерін білді. Кездесуде ұстаздардың жалақысын арттыру, жастардың шет елдерге көптеп ағылуы мәселесі кеңінен сөз болды. Ал, ауданаралық көпбейінді ауруханасының қызметкерлері депутаттарға «Педагог мәртебесі туралы» заңы секілді «Дәрігер мәртебесі туралы» заң қабылда ма деген сауалдарын қойды. Бұл күні Мәжіліс депутаттары аталмыш аудандағы Бастау селолық округіне ат басын бұрып, осында жаңадан ашылған дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысып, тұрғындардың өтініш-тілектеріне құлақ асты.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар