Құдықағаштан шыққан журналист

Көрікті Көкшенің бір пұшпағы Құдықағаш ауылы әйгілі Бурабайдың орманымен жалғасып жатыр. Мақпал таудың бөктеріне орын тепкен, бұлақтары сылдырап аққан, қайыңның жапырақтары сыбдыр қаққан, қалың орманның ық жағын ала, оймақтай жерге орналасқан Құдықағаш десе дегендей аядай ғана ауылдан әрісі республикаға, берісі маңайдағы аймаққа танымал талай әйгілі азаматтар шыққан.

Көріпкелдігімен, әулиелігімен атағы алты дуанға мәлім болған Салық молла, өткен ғасырдың бірінші ширегінде өткен республикалық ақындар айтысында жыр алыбы Жамбыл Жабаевпен айтысып, екінші орынды иеленген Уахит ақын, Ұлы Отан соғысында қазақ жауынгерлерінің әнұранына айналған «Жас қазақ» әнінің авторы, жауынгер-композитор Рамазан Елебаев, Ұлы Отан соғысында өз қаражатына танк сатып әперген Әлен ақсақал, тұңғыш ғарышкер Юрий Гагаринді ғарышқа ұшуға дайындаған топ мүшесі, инженер-конструктор Наил Сыдықов, академик Қаныш Сәтпаевтың тікелей қол астында қызмет атқарып, Жезқазғандағы Жәйрем кен орнын ашқан геолог Мағауия Биғалиевті атасақ та жеткілікті.
«Ат аунаған жерде түк қалады» демекші, аға буын өкілдерінің өнегелі жолын жалғап келе жатқан азаматтар бүгінгі күні де аз емес. Соның бірі – төл құрдасымыз Мейрам Базарұлы. Мейраммен бала күнімізден шыбықты ат қып мініп, ауылдың шаңын бұрқыратып, асыр салып ойнап өстік. Жаз ауылдың алдындағы қырдан велосипедпен құлдиласақ, қыста орман ішіндегі таудан шаңғымен жарысатынбыз. Балғын балалық шақтың қызығы таусылған ба?!
Кеңес үкіметіне қарсы болған Балташ қару-жарақ пен алтынын тыққан деген аңыз әңгіме қалған. Оны іздеген адамдар да болған, бірақ, таба алмаған. Міне, тізе берсе таусылмайтын шежірелі өлкеде туып-өскен біздер де қиялшыл болып өстік. Мейрам спорт комментаторы, тележурналист болуды бала кезінен армандады. Армандап қана қойған жоқ, кішкентайынан бейімделіп өсті. Олай дейтініміз, балалар доп ойнап жатқанда Мейрам шарбаққа отырып алып, «Бейсенбай допты былай соқты, Сейсен авсайт жіберді» деп айқайлап, репортаж жүргізіп отыратын. Тіпті балалар шекісіп төбелесіп қалса да қолма-қол сол жерде айқайлап «репортаж» жүргізе жөнелетін. Оны сол арманы жетелеп, Қарағанды қаласындағы дене шынықтыру институтына түсіп, оны аяқтағаннан кейін еңбек жолын телевидениеде спорт комментаторы болып бастады. Осы салада қызмет етіп жүргенде еңбегі көзге ілініп, Алматыға республикалық телевидение-
ге шақырту алып, бірнеше жыл сонда қызмет атқарды.
Сонау еліміздің іргетасы қаланып жатқан 90-жылдары «Қазақстан» телекомпаниясының журналисі ретінде Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Назарбаевпен бірге шетелдерде болып сұхбат жүргізді. Оның жүргізген репортаждары кейінгі ұрпаққа тарих болып қалары сөзсіз. Өз еңбегімен осындай биікке көтерілген Мейрамды ауылдастары әрдайым мақтан тұтады. Міне, осындай ізгі мұрат жолында іргелі іс атқарып, ел ағасына айналған Қазақстанның Құрметті журналисі, «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің меншік иесі болып табылатын «Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Базарұлына өткен жылы ең ұлық мереке – Тәуелсіздік күніне орай, «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сонымен қатар, өзі туып-өскен елі де азаматының еңбегін елеп, «Біржан сал ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. Жетісу мен Көкшенің арасындағы рухани байланыстың жібін жалғап жүрген Мейрамды ауылдастары мен құрдастары атынан қос қуанышымен құттықтай отырып, қызметіне шығармашылық табыс, баянды ғұмыр тілейміз.
Амантай Бейсекеев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар