«Кел, балалар оқылық!..»

Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс – деп аса көрнекті ағартушы-педагог, этнограф ғалым, ақын әрі жазушы, қазақ халқының талантты ұлдарының бірі – Ыбырай Алтынсарин айтқан еді. Ол өз шығармаларында жастарды оқуға, білім алуға үгіттей отыра, талаптанған жастарға жол көрсете отырып, білімге жетеледі.

Келешекке сенімі мол ұлы ұстаз өзі орындай алмаған істерді жастар орындайды деп сенді. Нағыз халық қамын ойлаған озық ойлы жаңашыл жазушы шығармалары арқылы өмір шындығын таныта білді, білім мен тәрбие мәселесін көтеріп қана қоймай, оны шығармаларына арқау етті. Ерекше дарын иесі – Ыбырай Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында ұлттық мектептің қалыптасуына терең із қалдырды. Оның шығармаларының тәрбиелік мәні мен мазмұны бүгінгі күнге дейін мәнін жоғалтпай келеді. Бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, жазушының қай әңгімесін алсақ та, тұнып тұрған білім мен тәрбие, ақылға толы үлгі-өнеге оқырманның қызығушылығын оятпай қоймайды.
Қазақ халқының қалың бұқарасының сауатын ашып, көпшілікті оқу-білімге тарту Ыбырайдың қоғамдық және азаматтық борышы мен қызметі болды. Ол өз тұсындағы діни оқуды емес, азаматтық оқу-білімді қоштады және білімді қалың жұртшылыққа таныс халық тілінде, ұлттық тілде беруді шарт етіп қойды. Осы мақсатта, қазақ жастарын оқыту, халықты сауаттандыру саласында балаларға жазба әдебиетінің негізін қалады, балаларға арнап көлемі шағын, мазмұны мәнді өлеңдері мен әңгімелерін жазды. «Бақша ағаштары» әңгімесі адамгершілікке, мейірімділік пен еңбекқор болуға тәрбиелейтінін байқасақ, «Талаптың пайдасы» әңгімесінде, адам баласы алдына мақсат қоя білу керек және сол мақсатқа талпыну арқылы жету керектігі туралы жазылған. «Асыл шөп», «Бір уыс мақта» әңгімелері балаларды еңбексүйгіштікке, еріншек болмауға, сабырлылыққа шақырса, «Алтын шеттеуік» көрсеқызарлықтан аулақ болуға, «Жаман жолдас» жолдастыққа адал, достыққа берік болуға тәрбиелейтін тәрбиелік мәні зор әңгімелер. Бала жанының зергері Ыбырай Алтынсарин әңгімелерінің бәрі де бүлдіршіндердің жас ерекшеліктеріне орай тілі жеңіл, мазмұнды, тартымды, олардың жан дүниесіне әсер ететіндей етіп берілген. Ал өлеңдеріне тоқталатын болсақ, «Кел, балалар, оқылық» өлеңі жастарды оқуға, білім алуға шақырса, ақын бір жағынан өмірдің бар қызығы тек қана байлықта деп ұғатын, оқу мен өнерге, ғылым мен білімге оның жалпы халық үшін керектігіне еш мән бермейтіндерге соққы береді. «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңі оқу, білім алудағы мақсат неде екенін кеңінен аша түседі және қазақ қауымына озық мәдениетті елдердің үлгі-өнегесін көрсете, айта отырып, келешек тек оқығанның қолында екенін айқындай түседі. «Өзен», «Жаз» өлеңдерінде табиғат көріністерін суреттеу арқылы оқырманының көңілін табиғаттың сұлу көріністеріне аудара отырып, елін, Отанын сүюге тәрбиелейді. Жалпы, өлеңдерін алсақ жақсы мен жаманды салыстыру, өмір суреттерін шынайы көрсету, қанағатшылдық, білімге деген құштарлық, адам бойындағы жақсы қасиеттерді әр адамға бағыттай білетін сөз жетпес байлық пен өсиетке толы екені белгілі.
Ыбырай Алтынсарин «Мектеп – қазақтарға білім берудің басты тұтқасы, үміт мектепте, қазақ халқының келешегі мектеппен байланысты», – деп жазған болатын. Қазіргі ұрпақ өнегелі жанның өсиетін жалғастырып, бастауыш сынып оқушыларынан бастап мәні зор, әрі құнды ерекшеліктерге бай шығармалармен танысып, сусындауда. Бұл шығармалар бүгінгі таңда өз мәнін жоғалтпай, жаңартылған білім беру мазмұны бағдарламасы бойынша басылып шыққан оқулықтар бетінен ойып тұрып орын алды. Ыбырай атамыздың шығармаларының баланың тұлға болып қалыптасуына және болашаққа деген көзқарасын қалыптастыруға тигізер үлесі зор.
Ыбырай Алтынсарин бала жанын түсініп, жас ұрпақтың болашағы үшін аянбай еңбек еткен жанашыр тұлға. Ол жаңашыл, дарынды ағартушы ғана емес, халқымыздың теңіздей толқып тасыған інжу-маржан жырларын жақсы біліп, еңбегіне арқау еткен. Ыбырай салған дара жол – бұл күндері қанатын кеңге жайған, тамырын тереңге жіберген, экономикасы мен мәдениеті дамыған тәуелсіз Қазақстан Республикасының білім шаңырақтарында кеңінен табылуда. Ағартушы ғалым, әрі өз халқының ұлы патрио-
ты қазақ халқының жарқын болашағын тек оқу-ағарту ісімен, білім-ғылыммен, сол білім-ғылымды ел ішіне көптеп тарата алатын мектеппен байланыстырған Ыбырай, ұлы ұстаз, балалар әдебиетінің атасы.
Айсұлу РАХИМОВА,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің қазақ тілі пәнінің оқытушысы.
Әсем АСҚАР,
колледждің бастауыш мектеп бөлімінің 4-курс студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар