Әлем танырлық тұлға

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 2020 жылғы 9 қаңтардағы санында жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы Ақмола облысының тұрғындары арасында да үлкен қызығушылық туғызып, кең қолдауға ие болуда. Осыны редакциямызға келіп түсіп жатқан төмендегі ой-пікірлер легі де барынша растай түседі.

Қазақ халқының ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген арнайы мақаласының өзектілігі барша жастарға, еліміздің барлық дерлік бетке ұстар азаматтарына барынша түсінікті екеніне сенімдімін.
Қазақ халқының ғұлама ақыны, көрнекті философы болған Абай бабамыз туралы өз ойымен бөліскені Президенттің әрдайым туған халқына деген махаббатының жарқын көрінісі деп білемін.
Елбасының бастауымен, Президент Қ.Тоқаевтың қолдауымен жалғасып келе жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы бағытындағы жұмыстардың арқасында біз келешек ұрпаққа тарихтағы ұлы тұлғаларды танытып, ел бірлігін, бабаларымыздың өшпес аманатын сақтап, болашаққа нық қадаммен жүруді мақсат етіп келе жатырмыз.
Сан алуан өлеңдеріндегі ұлттық рухын, қара сөздеріндегі ой-арманын бүкіл ұрпақтарына жеткізе білген Абай атамыздың 175 жылдығына орайластырылған іс-шараларды ақын шығармашылығын бүкіл әлемге ұлықтау нақышында өткізу – үлкендерімізге парыз, кішілерімізге асыл міндет деп санаймын.
Әлемдік мәдениетте өзінің өшпес ізін қалдыра білген ұлы Абай бабамыздың есімі барша ел азаматтарына бағдар болып, дана ұстаз бейнесінде мәңгілік сақтала беретініне үмітіміз зор.
Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *