Абайды танығанымыз – қазақты танығанымыз

Әне-міне дегенше 2020 жыл да келіп жетті. Биыл баршамыз айтулы мерейтойлардың қарсаңында тұрмыз. Соның ішінде ең сүбелісі ұлы ақынымыз, ұлы ойшылымыз Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толған тарихи дата десем, қателеспеген болар едім.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойы той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілгелі жатқанын атап өтті. Ұлағатты ұстаз ретінде, Президенттің бұл ойымен толық келісемін.
Абайдың 175 жылдығын атап өтудегі басты мақсат халқымызға Абайды қайта таныту, Абайды насихаттау. Осы тұрғыда мектебімізде ауқымды іс-шаралар жүргізілетіні сөзсіз. Былтырдан бері біз, ұстаздар қауымы іс-шаралар жоспарын жасап, соған сәйкес дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Ең алдымен, ақынның қара сөздерінде атап өтілгендей, тілді құрметтеу, ұлтты сүю, адамгершілік, еңбек, бірлік тақырыптарын бағыт-бағдар етіп алдық. Ал, тәрбие, ғылым мен білім мәселелері қашанда басты назарымызда.
Президент мақалада «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы білім беру саласын заманға сай дамыту бағытындағы игі бастамалардың бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысының «Ұстазға құрмет көрсетіп, қадірлеу – бәріміздің міндетіміз» деген сөзіне қатты риза болдым. Мен қырық жылға жуық уақыт табан аудармастан Ақан орта мектебінде еңбек етіп келемін. Құдай қаласа, келесі жылы зейнеткерлікке шығамын. Өкшемді басым келе жатқан жастарға айтарым, мамандықтарыңа адал болыңдар, еңбекті сүйіңдер. Абайдай ұлы тұлғамыз айтпақшы, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Ұлыларымызды ардақтай білейік, бізге қалдырған өсиетін жадымызда сақтайық!
–Дүниежүзінде ғылым мен білімнің түрлі салаларын дамытуға зор үлес қосып, бүкіл адамзатқа ортақ ойшыл ретінде танылған тұлғалар баршылық. Мысалы, Қытай дегенде Лао-цзы мен Конфуций, Ресей дегенде Достоевский мен Толстой, Франция дегенде Вольтер мен Руссо бірден ойға келеді. Сол сияқты шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек. Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп, бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық. Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге, – деді Президент мақалада.
Расында, солай. Бүгінгі жаһандану заманында ұлтымыздан, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден айырылып қалмас үшін рухани жаңғыруымыз қажет. Оны түкке тұрғысыз іс-шаралардан іздеудің керегі жоқ. Абайды танысақ, қазақты танығанымыз, салтымызды, мәдениетімізді, тілімізді танығанымыз.
Абайдың 175 жылдығы қарсаңында Президенттің мазмұнды мақаласының жарық көргені күллі қазақстандықтарға серпін береді деген сенімдемін.
Аягөз МҰХАМБЕТЖАНОВА,
Ақан орта мектебінің мұғалімі.
Зеренді ауданы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар