Мен неден қорықтым?!.

Палатаға кіре беріп, жан-жағыма қарадым. Бес бала кереуеттерінде бес «соткаға» телмірген күйі жатыр. Құлақтарына іліп алған бір-бір сымы бар. Көздерімен бері қарамаса, дауысымды да еститін емес. Тағы не?!. Е, үшеуінің көздерінде әлден көзілдірік…

Шынымды айтайын, мына көріністен қорқып кеттім. Әрқайсысы өз-өзімен. Бар есіл-дерттері ұялы телефондарында. Білмеймін, ондағы шет елдің мультфильмі ме, атыс па, шабыс па? Әйтеуір, бар саналарын сол жаулап алған. Бас көтерер де емес, біреу келіп жатқанын білер де емес. Үйдегідей «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ. Телефон күні бойы қолдарында, құдайлары беріп жатыр.
Жаңа дәлізде де балалардың көзге ұшыраспағаны осы екен ғой. Көбі бір-бір соткамен жатқан болды ғой.
Заман-ай. Бұрын осылай балалар бөлімшесіне кіріп келгенімізде, алдымен дәліздегі балалар қарасы көзге түсіп, солар бойларын жиып, жапа-тармағай сәлем беретін. Олардың сені үлкен көрген «сәлеметсіз бесі» мен «здравствуйтесіне» сенің де төбең көкке жеткендей болып, жақсыны жақсы деп білетінсің. Одан палатаға енесің. Араларында біреуі қазақы тәрбиенің де ұшын шығарып, «Ассалаумағалейкум» деп қалатыны бар.
Ал, қазір… Күні бойы, сонау ұйқыға дейін бір-бір телефонды меншіктеп алған мына балалар осы аурухананың қабырғасында тіпті бір-бірімен шүйіркелесіп, аздап бала болып, алысып-жұлысып қоюды да ұмытқан. Үш күн қатарынан келіп жүрмін. Күнде көретінім төсегіндегі бала. Қолындағы телефон. Түсте тамаққа шақырса, оның өзінде телефоннан бас алғысы келмей, қайта-қайта айтқызып барып барады.
Мына түрлерімен осы балалардың бір-бірімен танысып, ананы-мынаны сұрауларына да мұршалары жоқ сияқты. Осында жатқалы бір-бірінің аттарын білсе әлі…
Осыдан кейін шынымен қорқайын дедім. Бұл қорқуым тегін емес. Ертең томаға-тұйық, қит етсе телефон деп тұратын, онсыз отыра алмайтын, жүре алмайтын халге жеткен мына балалар не болады? Күн ұзақ соған телміріп, денсаулықтарынан, көздерінен не қалады? Әлден бір-бірімен араласпай, сөйлеспей, осылай жатып не шоқиып, бар білгендері телефон болса, сіз де қорқарсыз. Кімнен, неден дейсіз ғой. Осылай етіп қойған мына заман әлпетінен, осы балалардың ертең қандай адам болып өсерінен, кім болып шығарынан. Әрине, құдай оңдап, мұнымыз жай күдік қана болсын.
…Дегенмен, біз түгілі, палатаға кірген дәрігердің өзі қашан төсектегі бала қимай телефонын жанына қойып, одан асықпай құлағынан тыңдағышын алғанша күтіп тұрғаны көзге біртүрлі «қызық» көрінеді екен…
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар