Баянды бағдарламаның берері мол

өңіріміздің шалғайдағы елді мекендері «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы қажетті жас мамандармен толықты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас-тамасымен жүзеге асқан «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының ауыл үшін де, жастар үшін де игілікті іс болғаны анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруды тапсырды. Бұл бастама ауылға барып жұмыс істейтін жастардың санын арттыратыны сөзсіз. Сонымен, өткен жылы осы бағдарлама аясында облыс бойынша қанша жас маман ауылдық жерге барды?

Ресми деректерге сүйенетін болсақ, қазіргі таңда Ақмола облысында 149 133 жас бар. Бұл облыстағы жалпы халық санының 22 пайызын құрайды. Олардың арасында қоғамдық өмірге өз үлесін қосып, белсенділік танытып жүрген жастар саны – 86 мыңнан астам адам. Ауылдық жерлерде тұратын жастар үлесі 55 пайызға жуық.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының басты міндеті ауылда кадрлық әлеуетті дамыту, қызмет көрсету деңгейін арттыру, ауылдық елді мекендерге – денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт қызметкерлерін, ауыл шаруашылығы қызметкерлерін тарту болып табылады.
Ақмола облыстық білім басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, ағымдағы оқу жылы өңіріміздегі білім беру мекемелеріне 485 жас маман жұмысқа орналасқан. Олардың 164-і қалалық жерлерге, ал, 321-і ауылдық білім мекемелеріне қызметке тұрған. Ал, 2019 жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 250 жас маман ауылдық жерде жұмысқа орналасып, денсаулық сақтау, білім беру, ветеринария, агроөнеркәсіптік кешен, мәдениет саласында көтерме жәрдемақы алды.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен барған маманға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 70 еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада біржолғы көтерме жәрдемақы төленеді. Жастар жылына орай бұл көрсеткіш 70-тен 100 пайызға артты. Сонымен қатар, тұрғын үй сатып алу үшін әлеуметтік қолдау арқылы 1500 еселік айлық есептік көрсеткіш көлемінде 15 жыл мерзімге 0,01 пайыздық мөлшер бойынша бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Әлеуметтік көмекті алудың жалғыз шарты маманның ауылдық елді мекенде кемінде 3 жыл жұмыс істеуі керек. Ақмола облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының өңірлерді дамыту бөлімінің бас маманы Әсемгүл Қанафинаның айтуынша, Ақмола облысында биылғы жылы жоба аясында 250 маман ауылдық жерлерде жұмысқа орналасқан, оларға тиісті әлеуметтік қолдау көрсетілген. Тарқатып айтар болсақ, шалғайдағы елді мекендерде бағдарлама бойынша 175 педагог, 50 медицина саласының мамандары, 7 мәдениет қызметкері, 15 ауыл шаруашылығы, сонымен қатар, әлеуметтік және спорт саласының қызметкерлері жұмысқа орналасқан. Ауылдағы мамандардың тұрғын үй сатып алуы үшін бюджеттік несиеге қол жеткізуі мақсатында 874 миллион 912 мың теңге көлемінде қаражат бөлінген. Айта кетуіміз керек, Жас-
тар жылына орай, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен барған маманға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында берілетін 70 еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада біржолғы көтерме жәрдемақы 1 шілдеден бастап, 100 еселік айлық есептік көрсеткішпен төленді.
Өңірімізде жыл бойы жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары қолға алынуда. Жұмыспен қамту орталығының ақпараты бойынша, былтыр тұрақты жұмыс орындарына – 1160 жас, әлеуметтік жұмыс орындарына – 950 адам орналастырылған. Сонымен қатар, «Жастар іс-тәжірибесіне» – 598, қоғамдық жұмыстарға 760 адам жіберілді. Жастар жылына орай, «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша 600 адам оқудан өткен. «Zhas Project» жобасы аясында 396 өтінім қабылданып, оның ішінде 120 жоба іске асырылды. Ал, «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 950 жас оқытылды, оның ішінде 430-ы грант алды. Бұл Жастар жылы аясында атқарылған игі шаралардың бір парасы ғана.
Байқағанымыздай, соңғы жылдары қалада туып-өскен жастардың арасында да ауылда еңбек еткенді жөн санайтындардың саны артып келеді. Ауылға аттанған жастар үшін тұрғын үй алуға мүмкіндіктер жасалып, жеңілдікпен несиелер берілетіндігін ескерсек, бұл жобадан бас тартуға ешқандай да себеп жоқ.
Шарапаты мол бағдарламаның шапағатын көріп отырған жастардың қатарында Қырықбай Серуенбайұлы да бар.
– Мемлекет тарапынан жас мамандарға қолдау бар. Қолыма диплом алған соң бірден елде еңбек етуді қаладым. Өйткені, қалада жүріп тапқан-таянғанымды жалға алған пәтерге жұмсағанымша, мемлекет тарапынан берілген жеңілдіктерді пайдаланып, алаңсыз еңбек еткенді жөн санадым. Жастар ауылдан қашпауы керек. Өз басым осы ауылда еңбек ететініме еш өкінбеймін. Өйткені, мәдениет пен тәрбиенің көзі ауылда. Қазіргі таңда индустриялдық-инновациялық бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Негізі, қай жақта жүрсең де, білімді, өз ісіңе ұқыпты болсаң жұмыссыз қалмайсың, –дейді ол өз ойымен бөлісіп.
Баянды бағдарлама көптеген жасқа жігер беріп қана қоймай, олардың сол ауылда тұрақтап қалуына, сонымен қатар, әрбір жастың материалдық жағдайын шешуге игі ықпал етуде. Жас мамандар мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар көрсетіліп жатқандығын, соның бірі «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы екендігін қуанышпен айтады.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар