Ізденіс – ертеңнің кілті, өткеннің құлпы

Музей уақытқа бағынбайтын алтын арқау, өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты жалғап тұрған мәңгілік көпір десек те болады. Халқымыздың: «Кешегі күн өтіп кетті. Ертеңгі күн белгісіз. Сондықтан бүгінгі күннің құны мен қадірін біл» деген даналық сөзі бекер айтылмаса керек.

Расында да, біз өтіп жатқан уақыттың құнын біле бермейміз. Уақыт адам баласына берілген өткінші бағалы зат. Осы орайда, Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин музейі халқымыздың рухани жан-дүниесін байыту мақсатында үлкен жұмыс атқаруда.
Халық санасында музей жайлы «көне жәдігерлер сақталатын орын, келушілерге экспонаттарды таныстырып, тарихына түсінік беріп отыратын нысан» деген ұғымдар қалыптасқан. Осы ойды өзгерту үшін музей ұжымы қажырлы еңбек етіп, экспонаттар қорын ұлғайтып, облыс және республика көлемінде Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің мол мұрасын насихаттап, тынымсыз жұмыстар жүргізіп келеді.
Мәлік Ғабдуллин музейі тұлғалық музейдің тұғырынан түспей, өз деңгейінде республикалық көлемдегі басқа да тұлғалық музейлермен тең түсуінде білікті басшы Құдайберлі Мырзабектің еңбегі ұшан-теңіз. 2019 жылы Қазақстанның аса көрнекті тұлғалық музейлері қауымдастығымен ынтымақтастық меморандумы жасалды. Басқа да музейлердің бірлескен талқылау отырыстарында, дөңгелек үстелдерде тең дәрежеде ой бөлісуде, іс-шаралар ұйымдастыруда. Осы ретте, музейіміздің мерейі қашанда үстем.
Бір жылдың ішінде музейдің ғылыми қызметкерлері қазақтың заңғар тұлғаларына арналған тұлғалық музейлерге тәжірибе алмасу мақсатында барып қайтқан болатын. Олар: Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәкен Сейфуллин музейі, Алматы қаласындағы Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені, Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемориалдық музейі, сонымен қатар, Орал қаласындағы Мәншүк Мәметованың мемориалдық музей-үйі.
Мәлік Ғабдуллин музейі жыл сайын дәстүрлі түрде ауқымды жобалар мен байқаулар, мәдени-танымдық, тарихи-ақпараттық форумдар, әдеби кештер, спорттық турнирлер, көрмелер, дөңгелек үстелдер, ғылыми семинарлар мен конференциялар өткізіп тұрады. Өткен жылы Алматы қаласына ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастырды, Семей қаласындағы «Абай әлемі және Базаралы тағдыры» атты дөңгелек үстелге қатысты.
Сонымен қатар, «Ғалым Мәлік Ғабдуллин және жаңа қазақстандық патриотизм» атты екінші республикалық ғылыми-теориялық конференциясы, Орал қаласындағы Мәншүк Мәметованың мемориалдық музейімен бірлескен «Ердің даңқы өшпейді» атты кездесу кеші, Тұңғыш Президент күніне арналған «Әлемге! Ғарышқа! Болашаққа жол ашқан Тұңғыш!» атты сыр-сұхбат алаңы, «Aurora Garden» демалыс базасындағы Арыс қаласынан келген оқушыларға танымдық-тағылымдық іс-шара, Қарттар күніне арналған «Қария – халық қазынасы» атты тағылымдық кездесулерді атап өтуге болады. Музейдің ғылыми қызметкерлерінің мақалалары қалалық, облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жарияланып тұрады.
Жалпы, бүгінгі таңда Мәлік Ғабдуллин музейіндегі мұрағат саны 7015. Соның ішінде негізгі қордағы экспонаттар саны 3264 болса, ғылыми-көмекші қор саны 3751. Өткен жылы музей қоры 114 экспонатпен толықты. Музейдің ғылыми қызметкерлері әр жылдың жоспарына сай үнемі «ізденіс – ертеңнің кілті, өткеннің құлпы» деген қағиданы ұстанып, экспедициялық сапарлардың нәтижесінде тың деректер мен мәліметтер жинақтап отырады.
Кеңес Одағының Батыры, академик, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин музейінің алда атқаратын жұмыстары ауқымды. Биылғы жыл еліміз үшін мерейтойлардың тоғысқан кезеңі болғандықтан, музей жоспарына енген ауқымды іс-шаралар қатарынан Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, Мәлік Ғабдуллиннің 105 жылдығы мен Батыр музейінің 25 жылдығы сияқты атаулы мерекелер берік орын алып отыр.
Балым СЕРІКҚЫЗЫ,
Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар