Көкен Шәкеев музейі ашылды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Краснояр селосындағы №3 көпсалалы орта мектеп-гимназиясында Қазақстанның халық ақыны Көкен Шәкеевтің музейі ашылды.

Салтанатта облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова мен облыстық мәдениет басқармасының өкілі Сәуле Жүзжанова құттықтау сөз сөйлеп, шағын музейді ашуға атсалысқандарға алғысын білдірді. Бұл игілікті істі Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек ұйымдастырған екен. Оған мектептің бұрынғы директоры Мәдина Белгібайқызы, Сандуғаш Асылбекқызы, Баян Жарқызы көмектесіпті. Музей өңіріміздің тарихи тұлғаларын жергілікті тұрғындар мен оқушыларға танытуға бағытталған. Халық ақыны сонау кеңес заманында айтыс өнерінің жоғалмай, дамуына айтулы үлес қосқан.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев құттықтау сөзінде Көкен Шәкеев музейінің ашылуы Ақмола мен Көкшетау өңірі үшін айтулы тарихи оқиға екенін, халық ақынының есімін ел есінде сақтау үшін музейдің үлкен маңызы бар екенін айтты. Еліміздің рухын көтеріп, елдігін көрсетіп, елдің санасын оятуға, тарихы мен шежіресін жинап жүрген ақынның ізбасары осы істі ұйымдастыруға үлкен еңбек сіңірген Құдайберлі Мырзабекке алғысын білдірді. Көкшетаудың ән өнерін, серілігі мен салдығын, ақын-жыршыларының өнер жолын жалғастырған Көкен Шәкеев екендігі дау-
сыз мәселе. Ол Көкшетаудың абыройы, айдыны, айбыны, асқар тауы болды.
Шара барысында Краснояр селолық округінің әкімі Нұрлан Айсин мен Маралбек Көкенұлы өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Музейдің көк лентасы қиылып, шашу шашылды. Шараға қатысушылар мектептің «Рухани жаңғыру» музейін аралап, мектеп оқушылары мен Көкен Шәкеев атындағы айтыс ақындары мектебінің өнерін тамашалады.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *