Парламент депутаттары – ел ішінде

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бақытжан Жұмағұлов пен Дәурен Әділбеков Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орындары мен облыстық көпбейінді ауруханада болып, жаңадан қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заңға түсінік берді және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелеріне назар аударды.

Ең алдымен депутаттар Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде оқытушылармен және профессорлық құраммен кездесу өткізді. Оқу орнының ректоры Марат Сырлыбаев депутаттарды университеттің материалдық-техникалық базасымен таныстырып өтті. Кездесуде «Педагог мәртебесі туралы» Заңның тиімді тұстары мен әлі де болса жетілдірілуге тиісті заңнамалық актілері жайында айтылды.
– Біз бұл заңды аяқ астынан қабылдаған жоқпыз. Менің ойымша біз бұған жиырма сегіз жыл дайындалдық. Себебі, біз егемендік алғанда алдымен «Білім туралы» Заңды қабылдадық. Жыл сайын аз да болсын ұстаздардың айлықтары көтеріліп отырды. Бастысы, Елбасы біздің білім саласына үстірт қараған емес. Жаңа заңда қаржымен толықтай қамтамасыз етіліп отыр. Жалпы 2024 жылға дейін осы заңды жүзеге асыру үшін бюджеттен 5 триллион 3 миллиард теңге бөлініп отыр, – деді Бақытжан Жұмағұлов.
Университет ұжымының тарапынан қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Өміргүл Жұмағұлова мен филология және педагогика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айнагүл Исмағұлова сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.
Іссапар соңында депутаттар Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасына барып, материалдық-техникалық жабдықталуымен танысып өтті. Кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нұрлан Мінайдаров бөлімше жұмысымен таныстырып, жылына жүзге жуық ота жасалатынын айтты.
Аурухананың директоры Нұрлан Жаровтың айтуынша, қазіргі кезде ауруханада 625 жатын орын бар. Оның 130 орны күндізгі стационар. 28 клиникалық бөлім және 20 параклиникалық бөлім жұмыс істейді.
Сонымен қатар, осы жолы жаңа көпбейінді облыстық аурухананың құрылыс жобасы да бар екендігі айтылып қалды. Ол жоба 2025 жылға жоспарланып отыр екен. 630 орынға лайықталған аурухана Сарыарқа шағын ауданынан бой көтереді деп күтілуде. Бұл айтылғандарға қосарымыз, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға, мейірбикелердің жалақысы 20 пайызға өскен көрінеді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы Жексенбай Дүйсебаев жұмыс сапарымен Біржан сал ауданында болды.

Мәжіліс депутаты аудан әкімі Ермек Нұғымановтың қатысуымен актив жиналысын өткізді. Жексенбай Қартабайұлы мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар басшыларына Мәжілістің есепті кезеңдегі жұмыс қорытындыларымен таныстырды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелері мен міндеттерін түсіндіріп, елдің агроөнеркәсіптік кешенін мемлекеттік қолдау саласындағы инновациялар туралы айтты.
Сапар барысында Жексенбай Дүйсебаев Біржан сал ауданы «Nur Otan» партиясының филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Одан кейін кездесу Үлгі және Тасшалқар ауылдарында жалғасып, тұрғындардың өзекті мәселелер жөніндегі сұрақтарына тыңғылықты жауаптар қайтарылды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Теміржанов Ақмола өңіріне жұмыс сапарының барысында Қазақстан Агро Инновациялық корпорациясының ұжымымен кездесіп, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалында азаматтарды қабылдады.

Депутат өндіріс орнындағы ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру барысымен танысты. Қазақстан-Беларусь бірлескен кәсіпорны ауыл шаруашылығы техникаларын, атап айтқанда, тіркемелер, жемшөп жинау техникаларын, экскаваторлар, түрлі көлемдегі және модификациялы жүк тиегіштер өндірісіне мамандандырылған. Сонымен қатар, кәсіпорын Беларусь пен Ресейде өндірілетін дайын өнімнің негізгі жеткізушісі болып табылады.
Жыл басталғаннан бері Мәжіліс депутаттары әр аймақты аралап, заң шығарушы органның өткен жылғы жұмысын қорытындылап, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысуда. Еңбек ұжымымен кездесу барысында Мұрат Теміржанов та депутаттардың өңірлерге іссапарының негізгі мақсатын әңгімелеп берді. Одан әрі халық қалаулысы «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген үш азамат өздерінің өтініш-тілектерін білдіріп, мәселелерін ортаға салды. Барлық сұрақтар бойынша заң нормалары шеңберінде түсініктеме берілді. Сұрақтардың басым бөлігі ауыл шаруашылығын дамыту, субсидияның төленуі тұрғысында өрбіді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, актер, əнші, сазгер Нұрлан Əлімжанов өзінің жұмыс сапары аясында Біржан сал және Шортанды аудандарының тұрғындарымен кездесулер өткізді.

Халық қалаулысы Біржан сал атындағы балалар музыкалық мектебінде және мәдениет үйінде білім, мəдениет саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында мәдениет саласының қазіргі кездегі жағдайы, кітапханашылар мәртебесі, сонымен қатар мəдениет саласы қызметкерлерінің жалақыларының өсуі сияқты мәселелерге көңіл бөлінді.
Нұрлан Әлімжанов жиналғандарды Мәжілістің есепті кезеңдегі жұмыс қорытындыларымен таныстырды. Кездесуге қатысқандар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, оны Нұрлан Баянғалиұлы жоғары жаққа жеткізетінін айтты. Өз сөзінде жерлесіміз тұрғындармен кездесулердің бас-ты мақсаты жергілікті аумақтағы жағдайдың жай-күйін зерделеу, олардың заңнамалық деңгейде сапалы шешім қабылдануына септесу екендігін атап өтті. Қазақстан Республикасының «Мұғалімнің мәртебесі туралы» Заңындағы ұстаздардың беделін, материалдық және моральдық жағдайын көтеруге ерекше назар аударылды. Сонымен қатар депутат аудандық білім ошағына жаңа кітаптарды сыйға тартты.
Нұрлан Әлімжанов «Nur Otan» партиясының филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өзінің туған жері Кеңащы ауылында болды. Жерлестерімен ашық-жарқын әңгімелесіп, өзінің әндерін тарту етті. Кездесу соңында аудан әкімі Ермек Нұғыманов жерлесіміздің шығармашылығына шабыт, деніне саулық, ел игілігі жолындағы еңбегінің жемісін көруге тілектестігін білдірді.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Біржан сал ауданы.

***

Нұрлан Әлімжанов Бараев атындағы Шортанды астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік институтында болып, ұжым мүшелерімен кездесуде мемлекет тарапынан еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қарастырылып жатқан шаралар туралы айтып берді.
Мәжіліс депутаты астық өсірудің заманауи технологияларымен танысып, музейде болды. Институт музейі 1979 жылы құрылған, бүгінде мұнда 260-тан астам тарихи құнды экспонаттар бар. Оның ішінде академиктер В.П.Кузьмин, А.И.Бараев, А.А.Зайцевтің ғылыми жұмыстары сақталып, фотобейнелері жинақталған.
Ұжыммен кездесу барысында Нұрлан Әлімжанов Мәжілістегі заң шығару қызметі, елде жүргізіліп жатқан реформалар барысын баяндады. Ол 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген міндетті медициналық сақтандыру, көп балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындаудың жаңа форматы – атаулы әлеуметтік көмек, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау шараларына тоқталды.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар