Қазақ білсін!

Тұрмыс-салт дәстүрлері

Шөміш қағу. Көктем келе қар кетіп, жер жіпсіп, көк шыға бастайды, бәйшешек гүлдейді. Аспанды бұлт торлап, күн күркіреп, найзағай жарқылдайды. Үлкендер бұл мезгілді қуанышпен қарсы алған. «Күн күркіреді, көк дүркіреді!»,–деп қуанған. Сөйтіп, қолдарына ағаш ожау алып, табалдырыққа қойып, маңдайшаға тигізіп: «Сүт пен айран мол болсын! Аштық пен қиыншылық алысқа кетсін! Халық тоқ, көңілді жүрсін!» –деп сәуірдің мамық жаңбырын жадырай қарсы алған. Бұл «шөміш қағу» деп аталған.
***
Шөп сындыру. «Шөп сындыру» – бұл біреудің әлдебір күтпеген жерден жасаған жақсы ісіне ризалық білдіру ұғымынан туған. Мысалы, сараң адам әлдеқалай мырзалық танытса немесе қорқақ адам аяқастынан бір ерлік іс жасаса,т.б.
***
Хан сарқыты. «Хан сарқыты» – басқа халықтарда жоқ болса керек-ті. Ал қазақтар хан билік Ордасына кіріп, таққа отырған соң: «Енді ханға малдың керегі жоқ, халықта болса – хандікі болады!» –деп, ханның малын бәрі бөлісіп алған. Өйткені, жұрт, ханның халықтың қамын ойлағаннан басқа жұмысы жоқ деп есептеген. Ал бұл хан үшін зор абырой болған.

Хан талау. Халық сенімін ақтамаған мейірімсіз ханды халық өзінше жазалаған. Ханға тиесілі, оның меншігіндегі мал-мүлкін, билігін тартып алған. Мұндай дәстүр «барымта» емес, «хан талапай» деп аталған. Бұл ашынған, ханнан әбден көңілі қалған халықтың шешімі болатын. Тап осындай шешім әділетсіз сұлтандарға, атқамінер белсенділерге, төрелерге де қолданылған.
***
Күзем шай. Қазақтар кез-келген шаруаның басталып-аяқталуын ескерусіз қалдырмаған. Мысалы, қырықтық аяқталғанда бір үйден соң бір үй «күзем шай» берген. «Күзем шай» – қырықтық мейрамы. Бұл мейрамды ауыл адамдары өте көңілді өткізген: ән салып, түрлі ойындар ұйымдастырған. «Күзем шай» – жастарды еңбекке, ұйымшылдыққа баулыған.
***
Кеусен. «Кеусен» – егіннен мол өнім алған уақытта туысқандарына, дос-жолдастарына, ауылдастарына өзінен артылғанын бөліп беру. Бұл да қазақтың мырзалығын көрсетеді.

Биебау. Сәуір айында қазақ ауылдарында бие сауу басталады. Әр отбасы оған ерекше дайындалады. Ауыл адамдары «желі» (қазық қағылып, оған жіп байланады) бойында жиналады. «Биебау» – көкорай шалғынды, шөбі шүйгін құтты қоныс. Ондай жерде сауын бие жайылып семіретін болғандықтан «биебау» аталған. Бұл «бие бағы» деген ұғымды білдіреді. Осындай көк шалғынға келіп қонғанда, көпшілік «мынау бір «биебау» екен» дейді. Әдетте, желінің басына жиналғандар қазықты майлап: «Сүтті бол, өсімтал бол!» – деген тіліктерін айтады. Осыдан кейін бие сауу басталады, бие сауу уақытын қатты қадағалап отырған. Бие сауу «бие байлаған кез», «бие сауым», «бие ағытар кез» деп бөлінеді. Мұндағы «бие байлаған кез» – таңертең, «бие ағыту» – кешке. Алғашқы қымыз «қымыз мұрындық» деп аталған. «Қымыз мұрындыққа» ауыл ақсақалдарын шақырып, үлкендердің батасын алған. Қазақ қымызды еш уақытта сатпаған, үйіне келген адамды қымызбен сыйлаған. Кейбір жерлерде «биебауды» – «қазық майлау» деп те айтады.
Қымыз ашытудың түрлері көп. Қымыз тек жазда ғана емес, қыста да ашыталады. Бұл қымыз «қысырдың қымызы» деп аталады. Ол қысыр қалған биелердің сүтінен ашытылады. Бұл қымыздың емдік қасиеті өте жоғары, әсіресе, өкпе ауруына бірден-бір ем.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар