Инвестор келіп, өңірдің әлеуеті жақсарып қалды

Бұланды ауданының әкімі Талғат Ерсейітов өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен брифинг өткізіп, өңірдің жыл басынан бергі әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында сөз қозғады.

Брифингте айтылғандай, ауданда өнеркәсіп саласы өзге өңірлермен салыстырғанда біршама қарқынды дамыған. Ауданда шпал зауыты, базальт плиталарын шығаратын «Политерм» кәсіпорны, қиыршық тас карьері өндірістік қуатын арттыруының арқасында өнеркәсіп өнімдерінің өнімі 3 есеге ұлғайған. Аудан бойынша орташа еңбекақы көлемі 128,4 мың теңгені құрады. Экономикалық көрсеткіштердің жақсаруы аудан бюджетінің кірісіне де оң әсер еткен. Яғни, бюджет кірісі 1 миллиард 137 миллион теңгеге асыра орындалды.
Ауыл шаруашылығы саласында да ілгері басушылық бар. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша осы салада 36 миллиард 407 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда біршама жоғары. Мал шаруашылығына келсек, өткен жылы ауданда ірі қара саны 10,7 мың басқа көбейген. Аудан Нұр-Сұлтан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін дамытуға да үлес қосып отыр. Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды орындау бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Ауданға еліміздегі ірі «Aitas» құс өсіру компаниясының келуі өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жақсаруына ықпал етті. «Макинск құс фабрикасы» серіктестігі тауық етін өндіру көлемі бойынша Орталық Азия өңіріндегі ең ірі кәсіпорындардың бірі саналады. Бұл шара ең алдымен Нұр-Сұлтан қаласының сауда сөрелерін сапалы құс етімен және жұмыртқамен қамтуға мүмкіндік береді. Фабрика шығаратын негізгі өнім – тоңазытылған бройлер еті. Екінші кезекті іске қосқаннан кейін кәсіпорынның қуаты құс етіне деген ішкі нарықтың қажеттілігін 15 пайызға дейін өтеуге септік жасайды.
– Бүгінгі күні «Макинск құс фабрикасы» серіктестігі 6 миллиард 239 миллион теңгені игеріп отыр. Бұл қаржының 5 миллиард 595 миллион теңгесі құрылыс-монтаждау жұмыстарына бағытталды, – деді Талғат Ерсейітов.
Сонымен қатар, өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде көп қабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл 105 отбасының баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Өткен жылы 8,4 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Аудан әкімі атап өткендей, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған әлеуметтік саланың дамуына да жете көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, денсаулық сақтау, білім, мәдениет және жұмыспен қамту бағытында біраз іс тындырылған.
Брифингте журналистер аудан әкіміне өңірдің басқа да әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарына қатысты сауалдарын қойып, жауаптар алды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар