Аудан экономикасы әр бағытта дамып отыр

Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында өңір еңбеккерлерінің 2019 жылы қол жеткізген жетістіктері туралы баяндап, журналистердің сауалдарына жауап берді.

Аудан әкімі өз сөзінде өткен жылы өңірдегі өнеркәсіп, бөлшек тауар айналымы, инвестициялар, мал шаруашылығы, еңбекақы тәрізді негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер 100 пайыз-дан артық орындалғанын айтты. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 33,4 миллиард теңгені, оның ішінде егіншілік өнімі 21,8 миллиард теңгені, мал шаруашылығының өнімі 11,4 миллиард теңгені құрады. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, гектар берекесі 16,6 центнерден айналып, 180 мың тонна астық жиналды. 2020 жылы 10 мың гектарға майлы дақылдар себілмекші.
–Биылғы жылы жылыжай ашу тәрізді екі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мал басы көбейді. «Агробизнес-2020», «Сыбаға» бағдарламасы аясында 335 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алынды. Осының арқасында ет бағытындағы 8 ферма ашылды. «Ырыс» бағдарламасы аясында екі тауарлы сүт фермасы іске қосылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бо-йынша 68 бас жылқыға арналған ферма ашылды. 2020 жылы шетелдерден 585 бас ірі қара әкелінбекші. Оның 435 басы сүт бағытында болады. Ауданда 1 мың ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы ашылады. Асыл тұқымды ешкі фермасы ашылып, ет және сүт өнімдерін шығаратын болады. Сондай ақ, «Азия-Бурабай» серіктестігі аң фермасын ашуды жоспарлап отыр. Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру аясында 46,4 миллиард теңгенің өнеркәсіптік өндіріс көлемі қамтамасыз етілді. Биылғы жылы алғашқы рудадан алтын бөлу фабрикасының, активтелген көмір өндіретін зауыттың және минеральды су құю цехының құрылысы бас-талады. Өткен жылы негізгі капиталға 33,9 миллиард теңгенің инвестициясы тартылды. 27,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді,–деген аудан әкімі Щучинск-Бурабай курортты аймағын одан әрі дамыту мақсатында 8 инвестициялық жобаның жұмысы жүріп жатқанын, туризмнің келешегі жөнінде айтты. Брифинг соңында журналистер қойған сауалдарға жауап берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *