Энергетика саласында заң бұзушылыққа жол берілмеуі тиіс

2019 жылы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау Комитетінің Ақмола облысы бойынша аумақтық департаменті тұтынушылар тарапынан түскен 61 арыз-шағымды қарап, электр энергетикасы саласындағы заңдардың сақталуын қадағалау бағытында энергия өндіріп, таратушы кәсіпорындарда жоспардан тыс 15 тексеріс жүргізді.

Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты оны жою жөніндегі шаралар қабылданды. Тексеру барысында электр қондырғыларын орнату, энергетикалық кәсіпорындар үшін өрт қауіпсіздігін және электр қондырғыларын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтау талаптарының бұзылуына жол беру жағдайлары анықталды. Энергетика саласындағы заң бұзушылықтар мен белгіленген нормалардың бұзылуының оған жол берген кәсіпорынға ғана емес, энергияны тұтынушыларға да залалы болатыны белгілі. Осы орайда, біздің тарапымыздан бұндай заңсыздықтарға жол берілмеуін әрдайым бақылауда ұстау басты назарда болады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін заңда белгіленген талаптарға сай заңсыздыққа жол берген кәсіпорындарға ұсыным жасалды. Заң талаптарын бұзған жауапты тұлғаларға қатысты 9 әкімшілік іс қозғалды. Жүргізілген тексерулердің нәтижесі бойынша департаменттің қаулысымен «Көкшетау жөндеу-құрылыс басқармасы» АҚ, «BLIC TERMINAL» ЖШС, «Көкшетау Автодор» ЖШС, «Келісу» ПИК, «Зеренда-Сервис» ШЖҚ МКК, «Астананың Халықаралық Аэропорты» АҚ-ның филиалына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 300-бабы бойынша жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Облыс орталығы тұрғындарын электр қуатымен қамтамасыз ететін «Көкшетау Энерго Центр» серіктестігі де электр энергетикасы туралы заңнаманың талаптарын бұзғандығы анықталды. Тексеріс нәтижесінде ӘҚБтК 175-бабының 5-тармағы бойынша әкімшілік іс қозғалып, тұтынушыны электр энергиясынан заңсыз шектегені және ажыратылғаны үшін жауапты адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушының кінәсі әкімшілік істі қарау кезінде іс материалдарымен және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, тексеріс нәтижесі туралы актімен, басқа да материалдармен расталды.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы №247 бұйрығымен бекітілген Электр станциялары мен желілерін техникалық пайдалану қағидалары талаптарының сақталуы бойынша «Бірінші жел электростанциясы» ЖШС (Ерейментау БЖЭ), «Көкшетау Энерго» ЖШС-де жоспардан тыс тексерістер жүргізілді. Осы тексерулердің нәтижесі бойынша департамент тиісті шаралар қабылдады. Аталмыш энергетикалық ұйымдар әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол бергені үшін кінәлі деп танылып, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 301-2 бабымен жауапқа тартылды.
Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес электр энергетикасы саласындағы нормативтік-құқықтық актілер талаптарының сақталуын қадағалау мен бақылау жасауды мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөнiндегi мемлекеттiк орган жүзеге асырады. Осыған байланысты, электр энергетикасы туралы заңнаманың талаптарын бұзу фактілері анықталған жағдайда тұрғындар біздің департаментке хабарласып, орын алған жай туралы айтуларына болады. Энергетика заңнамаларын бұзудың зардабы қарапайым тұрғындарға да тиетінін ескерсек, одан ешкім де сырт қалмауы тиіс.
Жаслан Қасенов,
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар