2019 жылдың 27 желтоқсанында қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң еліміздің ұстаздар қауымы және жалпы қоғам үшін өте маңызды оқиға болды. Осыған орай ұстаздық жолда 26 жыл еңбек етіп келе жатқан облыс орталығының іргесіндегі №3 Краснояр мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Гүлнәр Әбілмаженованы әнгімеге тартқан едік.

Ол еңбек жолын Зеренді ауданы Жолдыбай орта мектебінен бастаған ұстаз бүгінде бес бала тәрбиелеп отырған аяулы ана.
Гүлнәр Әбілмаженова:
–Қабылданған заң бүгінгі білім беру саласында қордаланып қалған өзекті мәселелерді шешуге, педагогтардың мәртебесін жоғарылатуға бағытталған. Заң мазмұны қоғамда кеңінен талқыланды. Мұндай талқылаудан Красноярдағы №3 мектеп-гимназиясы да тыс қалмады. «Педагог мәртебесі туралы» заңның алтыншы бабында педагогтың функциональды қызметінің сауатты жүйеленуіне жіті назар аударылады. Педагог қызметінің міндеттерінен тыс жұмысқа тартылуына Қазақстан Республикасының «Білім беру» заңнамасында көзделмеген есептерді, ақпараттарды талап етуге, тауарларды заңсыз сатып алуға, мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тартылуына жол берілмеуінің аталмыш заңда бекітілуі ұстаздар қауымының көңілінен шығуда. Заңның сегізінші бабында көрсетілген ұстаздардың оқу жүктемесінің азаюы да қуантарлық іс болып саналады. Аталмыш баптың төртінші тармағында педагогтардың ғылыми дәрежесі де ескеріліп, ақы төлеу жүйесі сараланады. Ғылым докторы үшін 34 еселенген мөлшерінде, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі және философия докторлары үшін 17 еселенген мөлшерінде, ғылыми педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін 10 еселенген мөлшерінде қосымша ақының берілуі, сынып жетекшілеріне қосымша ақының тағайындалуы ұстаздар қауымын материалдық тұрғыдан қолдау болып табылады. Бұған қоса, педагогтардың ғылыммен айналысуына мол мүмкіндік береді. Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы құрметті атағының белгіленуі де ұстаз мәртебесін кәсіби тұрғыдан көтерудің бірден-бір жолы болып саналады. Білім беру саласындағы білім алушылар мен тәрбиеленушілердің арасындағы халықаралық олимпиадалардың, конкурстардың және спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагог еңбегінің бағалануы да құптарлық жай, – дейді Гүлнәр Әбілмаженова.
Осындай игілікті істі көздейтін заң педагогтардың құқықтарын кеңейту, сапалы жұмыс істеуіне, кәсіби қызметіне шығармашылық тұрғыдан келуіне жағдай жасайтыны сөзсіз. Мұғалім қызметіне талаптың күшеюі де еңбек нарығындағы сұраныстың нәтижесі, бүгінгі қоғамның басты талабы. Сондықтан, педагог мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар да жоғары болғаны орынды. Себебі, мектептерді сапалы білім беретін мұғалімдермен қамтамасыз ету үшін ең алдымен жоғары оқу орындарының маман даярлау шеберлігіне көңіл бөлінген жөн. Еңбек нарығының сұранысын өтейтін бәсекеге қабілетті еңбекпен қамтылатын, сапалы біліммен қаруланған, білім беру бағдарламаларының оқыту нәтижелерін толық игерген құндылықтарды жоғары бағалайтын патриоттық рухта тәрбиеленген студенттер нарыққа шығарылғанда ғана білікті мамандар қатары артатыны түсінікті.
Әңгіме барысында Г.Әбілмаженова:
–Ұстаздар оқушыларға сапалы білім беруде, білім беру бағдарламаларын құруда бірлескен жұмыс атқарғаны дұрыс. Теория-
ны практикамен ұштастыра отырып, оқу үдерісіне жоғары сапалы практик мамандарды тарта білген абзал. Сонымен бірге, осы заңда көңіліме қонғаны педагогтардың өз алдына еңбек жалақысының көтерілуімен қатар, педагогтар мәртебесінің жоғары деңгейге жеткізілуі. Яғни, абырой мен атақтарының сақталуы қуантады, – дейді ол.
Сондықтан, мектеп ұжымымен осы заңды талдау барысында еңбек жолын жаңа бастап отырған жас мамандардан бастап білікті де тәжірибелі ұстаздардың заңдағы педагог мәртебесін биік ұстап әрі өз ісіне жауапкершілікпен қарағаны дұрыс болады деген қорытындыға келген.
Алдағы уақытта ұстаздар қауымы оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруге, күнделікті жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, жас ұлан мен жас қырандықтарға білімімен ғана емес, өмірде жүріп-тұруымен де үлгі болуға міндетті. Жалпы біліммен қоса бала тәрбиесіне үлкен мән берілуі қажет. Өткен замандағы оңтайлы педагогтардың іс-тәжірибесін қазіргі жағдаймен ұштастыра, саналы тәрбие мен сапалы білім берудің жолға қойылғаны жөн.
«Педагог мәртебесі туралы» заң ұстаздар мәртебесін көтерсін десек, мұғалімдердің өздері тек оқушылар алдында ғана емес, жалпы өмірде, ел алдында да іс-әрекетімен, сөйлеу мәнерімен, әдебімен үлгі тұтарлық адам болуы керек.
Сонымен, болашақта заңда айтылғандай ұстаздардың жұмыс өтіліне, әлеуметтік төлемдерге, коммуналдық төлем жасауда берілетін жеңілдіктерге, денсаулық сақтау іс-шараларына мән берілсе деген ойын жеткізді.

Айтолқын АМАНГЕЛДІ.
Краснояр кенті,
Көкшетау қаласы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *