Қайырымдылық жасау — ізгіліктің белгісі

Қайырымдылық- халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа –жан риза» дегендей, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған,

көп балалы отбасылардың балалары мен қамқорлыққа алынған балалардың жанашыр қамқоршысы болу, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол игі іске атсалысу әрбір адамның азаматтық борышы.
«Балдәурен» Республикалық оқу — сауықтыру орталығында әр жаңа жылдың бірінші ауысымын осындай ізгі істермен бастау дәстүрге айналған. 2020 жылдың 23-қаңтарында Балдәуренде «Жаңа жылдық саяхат «Мейірімділік ғаламшары – «Балдәурен» атты І ауысымның салтанатты жабылуы өтті. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген балалар үйінің тәрбиеленушілері, күнкөрісі төмен, әлеуметтік қорғалмаған және көпбалалы отбасыларының балалары, оқу озаттары, олимпиада жеңімпаздары, шығармашылық сайыстардың жеңімпаздары Орталықтың шоу-бағдарламалары мен алуан түрлі сайыстарына қатысып, естен кетпес қызықты да, ғажайып сәттерін өткізді. Жабылу салтанатында «Балдәурен» РОСО әкімшілігі атынан ауысым белсенділері арнайы грамоталармен марапатталды. Жас қазақстандық Патриоттар Академиясына 7 бала қабылданып, олардың барлығына салтанатты түрде «Жас патриот» куәліктері табыс етілді. Бұл 20 күндік саяхат, әрине, барлық балдәурендіктердің жадында ұзақ сақталатыны сөзсіз, өйткені ауысым барысында өткізілген әрбір іс-шара жас балдәурендіктердің зияткерлік, шығармашылық, спорттық қабілеттерін дамытып қана қоймай, оны жүзеге асыруына да септігін тигізді.
Әлсізге қолұшын созу, жасы үлкен адамға көмектесу, жетім-жесірге қамқор болу – дұрыс қағидаларды ұстанатын кез келген қоғамның ажырамас бөлігі. Ел Президенті қазақтың асар дәстүрі волонтерлықпен үндесетінін, сол себепті ағымдағы жылы қайырымдылық жасауды заманға сай жаңғырту қажет екенін мәлімдеген еді. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көрерсің», — дейді дана халқымыз. Қамшының сабындай қысқа өмірде шама-шарқың келгенше аялы алақан мен жан жылуын аңсайтын жандарға қол ұшын бергенге не жетсін! «Балалар бақыты аралына» келген әр баланың көңілінен шығуға бар күшін салатын «Балдәурен» РОСО қызметкерлері аз уақыт болса да жылы сөзге, мейірімге мұқтаж, өзгелердің көмегіне зәру қамкөңіл жандардың көңіліне медеу бола алды. Ал, «Қазақстан» атты бір үйдің балалары ең бастысы, аман болып, ел ертеңін арқалайтын азаматтар болса екен деп тілейміз!
Иә, Ұлы Абай айтқандай, «қолымды мезгілінен кеш сермедім» демес үшін, әрбір ата-ана бала үшін екі дүниеде де жауапты екенін ұмытпаса екен…

«Балдәурен» РОСО баспасөз хатшысы Ерденова Айнур Жетпісбайқызы

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *