Тарих көшіндегі орны дара

Ұлы Абай! Бір халықтың ар-ұяты, арман-мүддесі мен ұлттық намысы, сөз құдіреті де бола білген данышпан ғұламаның дара қасиеттерін біздер жастайымыздан аз-мұз танып өстік. Ол кезде өздері де бір-бір елдің ақылмандары бола алған аузы дуалы қарияларымыз әңгімелерінде, өткенді толғаған есті естеліктерінде Абайға, оның өлеңдері мен қара сөздеріндегі өмір, жаратылыс тұжырымдарына бір соқпай кете алмайтын.

Әрине, онда да Абайды тану, оның ой, интеллект әлеміне барып көру бәріне бірдей бұйыра бермейтін-ді. Неге десеңіз, Абай шың, Абай шырқау биік. Сондықтан, бұл орайдағы айтарын ақын дүниелеріндегі мысалдармен қиыстырып өрелілеріміз ғана айтып қоятын. Біз соны ылғи болмаса да, анда-санда құлақ қойып, тыңдап қалушы едік. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 9 қаңтарында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласын қолға алып, оқи бастағанымда менің есіме осы бір өткен жайлар түсті. Мұндайда бірден айтарымыз, ұлы бабамыздың 175 жылдық мерейтойы алдында ол туралы кеңінен толғап, осы мақаласымен Абайдың өз ұлты, елі, адамзат баласы үшін алар орнын жан-жақты ашып көрсетіп берген Президент еңбегі мен ой-мұраты қандай жылы лебізге болсын лайық.
«Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі, ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған» деп атап көрсетілген мақаланың «Ұлттық болмыстың үлгісі» бөлімінде.
Расымен, бар шындық осында. Біз демократия, экономика тұрғысында да әрі қарай мықтап дамыта түсуді тілейтін бүгінгі қоғамымызды өткен тәжірибемізге сүйене, оның жақсы-жаманынан сабақ ала отырып, бұған дейін өмір сүрген, өз ортамыздан шыққан бірегей тұлғаларымыздың жалпы адамзаттық құндылықтарға қосқан мұраларымен де ілгері бастыра түсуге күш салуымыз керек. Бұл орайда, өз заманының дара құбылысы ұлы Абайдың алатын орны, ұлт тәрбиесіне, ұлттың өзіндік жетілуі мен сапалық деңгейіне тигізер ықпалы өте-мөте зор. Тек бұл арада бар мәселе, осындай асылымыздың өмірлік қағидаға, ғақлияға толы шыншыл шығармаларын, ондағы терең философияға, пайымға негізделген өзекті, жанашыр ойларын өз қажетімізге толық пайдалана білуімізге келіп тіреледі. Міне, осы жағынан да ұлт болып, ел болып көп жұмыс істеуімізге тура келетіні ақиқат.
Білген адамға Абайдың мұрасы өмірлік таусылмайтын мектеп. Оған біртіндеп бойлаған сайын бүгінгі өз басымыздағы талай жайдың жауабын табасың. Абайды жасынан елі, ұлты үшін жанын жай таптырмай, алаңдатып өткен не? Ең алдымен, туған халқының тағдыры, ертеңгі болашағы. Мұны Президентіміз де «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз» деп дәл аңғартады.
Бұл ретте, сол анық білуіміздің өзі «Ғылым таппай мақтанба» деген ұлы бабамыздың қазақты «еңбек ет, ізден, жаңалыққа құмар бол, сол үдеден шығып жатқан басқалардан сенің қай жерің кем?» деп келетін қайрауынан да бастау алары бар. Сөз қадірін білетін, көзі ашық, көкірегі ояу жанға «кетігін тауып, бұл дүниеге бір кірпіш болып қалану» үшін Абайдан сөз артылмаған. Соның бәрін біз осы елдің ертеңгі иесі – жастарымыздың, балаларымыз бен немерелеріміздің сүбесіне бүгіннен бастап құюды қолға алуымыз керек.
Рас, ұлы ойшылымызды қазірдің өзінде біз бүгінгі қоғаммен бірге қарастырып, біте байланыстырып келеміз. Абайсыз қазақ жоқ. Қазақсыз бағымызға туған Абай да болмас еді деп мақтануымызға және хақымыз бар. Бұл – ұлттық мақтаныш, ұлттық тұрғыдағы абырой. Бірақ, сол Абайды арамыздағы аз-кем отан-дастарымыз болмаса, қалған жұртымыз осы күнге дейін жете танып білдік пе? Мұндайда өзіміз үшін бір ақиқат, бәріміз де Абайды оқуымыз керек, Абай тылсымына бойлап, оның ойлы еңбектерінен бойға нәр, ойға серпін алып отыруды әдетке айналдырғанымыз жөн. Сонда атын ауызға көп алғанымызбен, әлі де жетісе бермейтін құрмет, кейде өзін, шығармаларын білмей тосылу, осы бір ұлы есімді бүкіл қазақстандықтардың ортақ идеалына айналдыра алмай келе жатқан «әттеген-айымыз», бәрі де біртіндеп артта қалады. Абай өз шырқау биігіне шығады, қазақ халқының асқақ бет-бейнесіне айналады.
Біздің білуімізше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы да осы жанашыр көңілден, Абайды өзіміз де терең біліп, әлемге де кеңінен танымал етсек, сөйтіп, сирек туар данышпанымыздың ендігі орнын олқы соқпас бір өз деңгейіне көтерсек деген ақ адал ниеттен жазылғаны анық. Мұны біз барынша құптаймыз әрі келешекте ел болудың қамымен алда тұрған міндеттерге жұмыла күш салып, мемлекеттілігіміздің іргетасын нығайтуға осы бір ғұлама бабамыздың баға жеткізгісіз мұрасы да қапысыз қызмет етеді деп білеміз.
Абайдың асқан көрегендігіне, данышпан ақыл-парасатына зер сала түссек, ол ұлтымыздың ілім-білімге ұмтылуына, шаршамай-шалдықпай өз-өзін ғылымға, жаңалыққа жетелеуіне барынша мүдделі, жанашыр болып өткен. Бұл – біздің жастарымыздың, тіпті, өзіміз сияқты үлкендеріміздің де үнемі ойынан шықпауы тиіс хакім өсиеті. Осы күні мыңдаған мектеп оқушылары, жасөспірімдеріміз Абайдың өлеңдерін жатқа біледі, дәстүрлі «Абай оқуларында» өздерінің бұл жағынан керемет дарындарымен таң қалдырып жатады. Дегенмен, мұндайда маған келетін бір ой, әр шәкірт, әр жастың Абайдың қанша өлеңін жатқа білетінімен ғана қанағаттанбай, сол өлеңдерде Абай нені айтады, адамзат баласына, өз қазағына нені меңзейді, ой-мұраттың қандай асылын баян етеді, міне, соны түсініп, игеріп, білуін де шама-шарқылап отырсақ, артық болмайды. Абайды оқыған, жаттаған, оның өлеңіне, қара сөзіне бойлаған кез-келген жас бұл өмірде жаман қадамға бармайтынына, бұл дүниеге бір кірпіш болып қаланарына өз басым сенемін. Міне, осы міндет қазір біздің жоғары оқу орындарының алдында да тұр. Бұл орайда, әсіресе «Абайтану» курсы жас ұрпақты ізгілікке, еңбексүйгіштікке, отаншылдыққа баулудың құрамдас бір бөлігі болуы шарт.
«Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы» деп атап көрсеткен Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жағынан да бізге өсер елдің баласы қандай болуы керектігін осынау ұлы тұлғамыз арқылы жете ұқтырып отыр. Енді бізден талап етілетіні, ел болып, әрқайсымыз болып, Абайдай ғұламамыздың қадіріне жету әрі сол қадірді әрі асыру, Абай әлемінен керегімізді алып, соны мінез-құлқымыз, ниет-пейіліміз, ақыл-ойымыздың нық темірқазығы ету. Жасыратыны жоқ, әлі де қырымыз, ебіміз келе бермейтін, еріншектігіміз ұстайтын шаруаның да қиюын келтіруді, жай жатпай, жайбарақат жүрмей, тырбанып, талпынуды осы Абай ұлағатынан үйренуге болады. Ол үшін не істеуіміз керек? Алдымен дендеп ұлы ақын шығармаларын оқуымыз қажет.
Абай қазақ даласында бұрыннан жарқыраған дара жұлдыз болса, соған сай есімі, ғажап болмысы да ерте таныла бастады. Халқымызда өз перзентіне ұлылардың, игі жақсылардың есімін беру ежелден бар дәстүр. Осы күні де еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген, мыңдаған азаматтар Абай есімін иеленіп жүр. Олардың көбі ел таныған тұлғалар. Бұл да болса, жаны дархан қазақтың «балам Абай атасындай болса екен, осы алыпқа ұқсаса екен» деген игі тілегінің жемісі. Алайда, кейінгі кезде біздің әрнеге еліктегіш жастарымыз бұл дәстүрді бұзып, өздерінше сәбилеріне «заманға сай» аттарды таңдап, Абай есімді баланы сирек кездестіруге айналдық. Бұл да ойланарлық мәселе. Біздің атақты жазушымыз Естай Мырзахметов бір кезде өз ұлына көп аттан осы атты жөн көргенде, Абайдың ұлылығына бас игені анық. Сол асыл азамат аз ғұмырында жасындай жарқылдап, жалындап өтті. Бүгінде біздің Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ұжымы өзінің күнделікті тыныс-тіршілігінде осы сабақтастықты да жақсы түсінеді. Содан болар, өзіне ұлы Абай есімін барынша жақын көріп, 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай мұрасын насихаттауда, ақын есімімен байланысты басқа да іс-шараларды атқаруда болсын, белсенділігімен көрінуді басты бір мұрат санап отыр.
Соңғы бірер жыл бедерінде Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жылы қабылдаған қоғамымыз ондағы айтылған орынды ұсыныстар мен алға қойылған іргелі міндеттерді басшылыққа алып, нақты іске асыруда біраз мерейлі жетістіктерге жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгін біз өз пікірімізді білдіріп отырған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы да менің ойымша, сөз жоқ, ұлт, мемлекет ретінде жаңа бір қырымыздан танылуымызға тың серпін берген жоғарыдағы бағдарламалардың заңды жалғасы болып табылады. Бұл орайда, Президентіміздің той тойлау емес, ой ойлау басым болсын деген тілегі де түсінікті. Ұлы Абайымыздың 175 жылдық мерейтойының мына жақта өзіміз де көзіміз көріп, тәлімді тағылым алар, дүбірі бір шеті өзге елдерге де жетіп, халқымыз бен алыбымызды танытар рухани мазмұнына баса көңіл бөлініп, діттеген осы мақсатымызға жетсек, ойшыл ғұламамыздың тарих көшіндегі өзіндік орны, ісі мен есімі де жаңа сапалы биікке көтеріле түспек.

Сағынтай ЕЛУБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі,
Ақмола облысының құрметті азаматы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар