Мүгедектерді әлеуметтік қорғауда олқылықтар бар

Облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысовтың төрағалығымен өткен әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мүмкіндігі шектеулі азаматтардың және әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың құқықтарының сақталуына байланысты жүргізген тексеріс қорытындылары талқыланып, заң бұзушылықтарды жою жөнінде қолға алынған шаралар пысықталды.

Тексеріс кезінде Бас прокуратура Қазақстан Республикасының «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы», «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Білім туралы» заңдарының бірнеше мәрте бұзылғанын анықтаған. Облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов еліміз бо-
йынша, соның ішінде біздің облысымызда да мүгедектерді әлеуметтік қорау мәселесінде бірқатар проблемалық сұрақтар бар екенін айтты. Мәселен, тілі кеміс балалармен жұмыс істейтін логопед, дефектолог мамандар тапшы, мүмкіндігі шектеулі азаматтар тиісті деңгейде жұмыспен қамтылмай келеді.
Осы орайда, үйлестіру кеңесінің отырысында сөз алған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова Бас прокуратура анықтаған кемшіліктерді жою мақсатында қандай жұмыстар атқарылғаны жөнінде айтып берді.
– Бас прокуратура облысымыздағы интернат үйлерінде тексеріс жүргізді. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын тексерді. Тиісті мамандардың қатысуымен алқа мәжілісін өткізіп, барлық мәселелерді талқыладық. Анықталған 21 заң бұзушылықтың 10-ы жойылды. 2 миллион теңгеден астам қаражат мемлекетке қайтарылды. Жеке көмекшілерге қарыздары толық төленді. Алаяқтық фактісіне қатысы бар деген күдікпен Біржан сал аудандық жұмыспен қамту бөлімі басшысының ісі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қарауында жатыр. Кемшіліктерге жол бергені үшін 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қорғау саласында мұндай олқылықтарға жол бермес үшін арнайы жұмыс жоспарын әзірледік, – деді Дина Ахметжанова.
Басқарма басшысының сөзіне қарағанда Көкшетауда үстіміздегі жылы мүгедектерге арналған оңалту орталығының құрылысы басталады. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
Орталық ашылса, мүгедектерді әлеуметтік қолдауға қатысты біраз түйткілді мәселелер шешілер еді, – деді «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Василий Шиманский.
Тағы бір мәселе, биыл іске қосылатын Әлеуметтік қызметтер порталын пайдалану үшін әр мүмкіндігі шектеулі жанның жеке электронды сандық қолтаңбасы болуы міндетті.
Отырыста үйлестіру кеңесі мүшелерінің күн тәртібінде қаралатын мәселелерге бей-жай қарайтыны, үйлестіру кеңесінің отырысына дайындықсыз келетіні сынға алынды. Облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов кеңес мүшелерінен нақты жұмысты талап етіп, жақын арада өз ұсыныстарын беруді тапсырды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар