Елдік істерден қалмайтын ұстаз

Ұстаз! Қандай қасиетті сөз, адамның жүрегіне ерекше жылылық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі ұстаз.

Бұл сөз қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Алғаш әріп танытып, өмірдің қыр сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алары анық. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді. Осындай ұстаздардың бірі – Торғай орта мектебінің директоры, Үмбетей жыраудың ұрпағы Жеңіс Бөдешов.
Әкесі Атай көзі тірісінде Жеңісті де ұстаздыққа баулып, орта мектепті тәмамдағаннан кейін Шәкейдегі сегізжылдық мектепке мұғалім болып орналасуына ықпал етеді. «Әке балаға сыншы» деген ғой, оның қай салаға бейім екенін байқаса керек. Жоғары оқу орнына сырттан түсуге кеңес береді. Әке тілегі орындалды. Бірақ, ата-анасы көп ұзамай қайтыс болады. Екі іні, төрт қарындасымен қалады. Сол кезде інісі Қуат екі жасар, аяғын апыл-тапыл басып жүрген еді. Үмбетей ұрпақтарының бәрі өр мінезді, сөзге жүйрік, шетінен ақынжанды. Жеңістің де қаламының желі бар. Соның арқасында өмірлік жары Әлия Ақтайқызын кездестірді. Жұбайы екеуі екі үйдің он екі жанын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай тәрбиелеп өсірді. Әлия жас болса да балаларға ана, қамқор пана бола білді. Алла жар болып, Жеңіс пен Әлияның қамқорлығымен бәрі де жоғары білім алды, өз алдына шаңырақ құрды. Жұмыстан қол үзбей жүріп, Қарағанды университетінің тарих факультетін бітірді. Жаңатұрмыс ауылының 8 жылдық мектебінде 5 жыл мұғалім болған жігіттің еңбегін аудандық оқу бөлімі де бағалады. Жеңіс Бөдешов Торғай орта мектебіне директорлыққа тағайындалды. Үнемі ізденісті талап ететін ұстаздық қызметпен бірге аудандық мәслихаттың депутаты болды. Күрмеуі күрделі кезеңде біраз жобалардың жүзеге асуына қолұшын созды. 1994-1999 жылдары Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болып, ұлттық мағынасы бар көше, жер, су, елді мекендер атауын өзгертуге білек сыбана кірісті.
Даулы істе өзінің тектілігін, рухты мінезін көрсете білді. Осының арқасында Ақмола өңірінің бірсыпыра аудандары өзінің бұрынғы қазақи атауларын қайтарып алды. Осыдан 20 жыл бұрын «Ерейментау-Көкшетау» электропойызының жүрісі бір аптадай кідіріске ұшырағаны жұртты қатты қамықтырып еді. Мұның соңына шам алып түсіп, түйінін шешкен Жеңіс Бөдешов болды. Ақыры бұл пойыздың бағыты қалпына келтірілді. Облысымыздың өнеркәсіп орындары мен шаруашылықтарын, тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етуде едәуір рөл атқаратын Ерейментаудағы Сарыадыр көмірін өндіру төңірегінде туындаған проблемаларды шешу де Жеңісті көктей өткен жоқ.
Ал, оның облыстық мәслихаттың сессиясында қазақ басылымдарының құнын арзандату, мектептерді қаржымен қамтамасыз ету, Абылайхан жырауларының бірі, Бөгенбай батырдың қанды көйлек жолдасы Үмбетей Тілеуұлының 300 жылдығын атап өту туралы айтқан құнды пікірлері өз алдына бір төбе. Бүгінде өзі тұрып, еңбек ететін Торғай ауылында имандылық ошағы – мешіттің ашылуына да көп атсалысты. Ерейментау автокөлікті пайдалану кәсіпорны жұмысшыларының сондағы келеңсіз көріністер туралы жазған шағымы да Жеңістің араласуымен тыңғылықты тексеріліп, шешімін тапты. Сондай-ақ, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне Парламент депутаттарының қабылдаған декларация-сы оның көңілінен шығып, 1998 жылы облыстың бір топ азаматтарымен бірге «Арқа ажары» газетіне «Қазақстан астанасы Нұрсұлтан болсын» деп өздерінің үндеуін жариялаған болатын.
Байқап отырсақ, халық қалаулысы араласпайтын іс жоқ. Ұлы Отан соғысының ардагерлері оған тұрғын үйлеріне телефон орнатуға, кейбіреуіне пәтер алуға көмектескені үшін рахмет айтса, Горный селосының тұрғыны Қыздарбекова төрт жыл бойы қозғалмай жатқан құжатты қайта қаратып, «Батыр ана» атағын алуға септігін тигізгені үшін алғысын білдірді. Иә, адамның күнделікті тіршілікте болып жатқан жақсы-жаман істерге араласып, адамдардың қайғы-қасіреті мен қуанышына ортақтасып, қолыңнан келгенше көмектескенге не жетсін. Бүгінгі күні Жеңіс Атайұлын білім саласында болып жатқан – өзгерістер қатты алаңдатады. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына қолдан келгенше көмектесіп, талай адамдардың алғысына бөленді. Бүкіл жанжүрегімен айтылған алғыста Жеңістің адамгершілігіне деген ризашылық пен құрмет адал көңілден аңқылдап ақтарылып тұрғандай. Дәйім сондай алғыстан айырмасын.
Жомарт ДОСМҰХАНОВ.
Ерейментау аданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар