Еселі еңбекпен еңселенген «ENKI»

Әңгімені осындай екпінмен бастауға болатын кәсіпорынның бірі – жаңа тұрпаттағы әрі республикамыздағы бірегей «ENKI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл Қазақстандағы кең қалыпты, 30 түрлі керамикалық кірпіш шығаратын тұңғыш зауыт. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы жоба «Астана-Финанс» АҚ қолдауымен жүзеге асырылды. Жұмылдырылған 6178 миллион теңге қаржының құрылыс барысында жұмсалған 2,9 миллиард теңгесін қазақстандық үлес құрайды. Газет тілшісінің кәсіпорын басшысы Мырзабай Әбдіхалықовпен сұхбатында зауыттың қалыптасу кезеңі мен бүгінгі тіршілігі, ертеңгі жоспарлары тілге тиек етілмек.

– Мырзабай Асанұлы мәселені төтесінен қоялық. Сіз орасан маңыздағы жобаны жүзеге асыру жолындағы жұмысты үйлестіруде алдымен қандай талаптарды басшылыққа аласыз?
– Бұл жеке бастың әңгімесі ғана емес, тоқтаусыз дамуды талап етіп отырған өскелең уақыт пен Президентіміздің міндеттемесі. Бүгінгі күннің адамы кез-келген бастамашылдық істерге дайын болуы керек. Іштей толқып, толықсуды көтеретін заман емес қазір. Өзгеден озып кеттім демесем де, солтүстік өңірдің біршама кәсіпорындарында тер төктік, бизнес әлеміне де барлау жасап көрдік. Тас қалаушыдан ұжым басшылығы дәрежесіндегі жұмыстардың дәмін татып көрдік. Жалпы, кездейсоқ таңдау болмайды. Нағыз жауапты кезеңде сенімге ие болғаныма қуаныштымын. Сенімнің астарында қайрау жатады. Өзінің әлеуетіне сай ұйымшыл ұжымыма да ризамын.
– Кәсіпорынға «ENKI» атауын таңдаудың себебі неде? Бұл өзі қандай ұғымды білдіреді?
– Түсініп отырмын. Біз де намысқой ұлдың біріміз. Оған көлеңке түсірмейтін ұғымдар да бар. ЖаҺандану бәрімізді алға жетелеп отыруға тиісті. Әрине, табиғатымыз бен тіршілігімізге орайластырып. Ежелгі грек аңыздарында ENKI деген құдай болғандығы айтылады. Ол кірпіш күйдіріп, оны дайындау құпияларын иеленген екен. Әлгі құдайдың ізгілігі мен мейірімділігі арқасында ең алғашқы тұрақтар мен әртүрлі сәулет құрылыстары пайда болады. Кәсіпорынды «ENKI» атай отырып, біз де адам мүддесі жолында еңбек етуге ұмтылудамыз. Біздің мақсатымыз – кез-келген құрылыс саласына қажетті экологиялық таза және қауіпсіз материалдармен қамтамасыз ету.
– Дұрыс екен. Ертеңін ойлайтын ел жоталы жоспарларды жайдан-жай қабылдамайды. Ерекше жобаны жүзеге асыруда Көкшетауға таңдау жасалуы кездейсоқтық емес шығар?
– Көкшетау барлық жағынан талапқа сай келеді. Зерттеу нәтижелері мұнда қажетті мүмкіндіктер жеткілікті екендігін көрсетті. Атап айтқанда, жер қойнауының жомарттығы, жағрапиялық жағынан тиімді орналасуы, инфрақұрылымдық қолайлылық «жеті өлшеп, бір кесуді» талғайтын, жылына 60 миллион дана құрылыс материалын шығару қуатына ие «Керамикалық кірпіш өндіру бойынша зауыт құрылысы» инвестициялық жобасын қабылдауға негіз болды. Төрт карьеріміз жергілікті шикізаттан тарықтырмайды және өнімнің өзіндік құнын арзандатады. Осыған байланысты, қысқа мерзімде барлық тұтқалы цехтар мен әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Ал, 2013 жылдың желтоқсанында, Тәуелсіздік күні қарсаңында алғашқы өнім шығарыла басталды. Аталған жоба өңіріміздегі көптеген мәселелерді оңтайлы шешуге ықпал жасады. Оның ішінде жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту және астаналық облыстың құрылыс индустриясын дамытуға серпін беру басты мақсат саналды. Қазір Көкшетау қаласындағы Қопа көлі маңындағы заманалық, мен айтар едім, озық елдер деңгейіндегі құрылыс ансамблін құруға, Қазақстан құрылыс жинақ банкісі жүйесіндегі қолжетімді тұрғын үйлер бағдарламасын іске асыруға белсене араласып отырмыз. Осы орайда, зауыттың маған дейінгі басшылығының тиімді бағыттар ұстағанын атап өткім келеді.
– Иә, Көкшетау соңғы жылдары көз тартар сәулетімен құлпыра түсті. Еліміздің басқа өңірлеріндегі сан алуан бағыттағы құрылыстар «ENKI» өнімдерін пайдалануда. Мемлекеттің тұтқалы бағдарламаларын жүзеге асыру үшін зауыттың қуатты әлеуеті болуы керек қой. Нәтижеге көңіл тола ма?
– Неге толмасын. Құрылыс адамзат дамуының құбылнамасы сияқты. Оған деген талап күшейе береді. Сондықтан, талғампаздық талабынан шығу оңай емес. Біз жобаны іске асыру барысында жүздеген ұсыныс-пікір төңірегінде толғанысты ой кештік. «Жеті ойланып, бір кесу» дегеніңіз осындайда болады екен. Соның өзінде зауытымыздың құрылыс жұмыстарына еліміздің аты шығып жүр деген оннан астам фирмасы, Испанияның екі жобалау институты қатысты. Технологияға, қолданылған сан алуан жабдықтарға келсек, Ресей, Украина, Қытай, Батыс Еуропа елдерінің, оның ішінде Испания, Греция, Германия фирмаларының озық өнімдері бар. Тіпті, қабылдау актісіне 17 бақылау ұйымы қол қойғаны біраз нәрсені аңғартса керек. Өндіріс процесінің барлық кезеңдері автоматтандырылған және компьютерлік техникамен бақыланады. Кірпішті кептіру және күйдіру газбен жүзеге асырылады, сондықтан қоршаған орта өндіріс қалдықтарымен ластанбайды.
Зауытымыз іске қосылған алғашқы жыл ішінде, 26 миллион дана керамикалық кірпіш өндірілсе, толық өндірістік қуатына енген бүгінгі күннің көрсеткіші 60 миллионды жағалатып қалды. Қазір қабырғалық кірпіштер де шығарудамыз. Маркетингтік қызметіміз сауда айналымына Қазақстанның бүкіл аймағын, Ресей федарациясын қосып отыр. Нақты айтсақ, өніміміздің 85 пайызы ішкі, 15 пайызы сыртқы рынокты қамтуда. Бұл алты облыстағы өкілдіктеріміздің үйлесімді жұмысынан да дерек береді. Осы мерзімде республикалық, халықаралық байқау-көрмелер мен конкурстарға қатысып, жүлдегер атандық. Отыз түрлі өніміміздің барлығы жоғары бағаланды.
– Бұл бәсекелестік пен сұраныстың маңыздылығынан дерек береді. Сапа да бірінші кезекте екендігі айтпаса да түсінікті.
– Бізде өндірістік желілер үнемі қуаттандырып отырылады. Әріптестеріміз кірпіштің кез-келген түрі мен түсіне тапсырыс бере алады. Өнімдеріміз «ИСО 9001…», «СТ-КZ» сапа менеджменті стандартының толық базасын қамтиды. Көптеген марапаттарымыздың қатарында Швейцарияның «Сапа жөніндегі Еуропа гран-приін», Францияның «SEIN» алтын медалін», Ұлыбританияның Жылдың үздік Топ менеджері» атағын, Қазақстанның сапа мен сенімділік эталоны саналатын «Алтын Сапа» және «Қазақстанның өндірістік бағыттағы үздік тауары» сыйлығын жеңіп алғанымызды алға тартқым келеді. Мұндай жоғары марапаттар өнімдеріміздің ұзақ мерзімді пайдалануға арналғанына, аязға төзімділігіне, қолданыс пен пайдаланудағы қарапайымдылығына, табиғи және механикалық әсерлерге шыдамдылығына, ұжымның қажырлы еңбегіне берілген баға деп білеміз. Бұл кәсіпорнымыздың өндірістік қуатын арттыру жоспарларын белгілуімізге де мүмкіндік беріп отыр.
– Мырзабай Асанұлы, сұхбатымызға жоғарыдағыдай ат қоялық дедім, сіз келістіңіз. Ақырындап қаланы қалыптастырушы ұйымға айналып келесіздер. Енді әлеуметтік бағытқа ойыссақ қайтеді.
– Мемлекет басшысы айтқандай, игі өзгерістердің барлығы Қазақстан халқына қызмет етуге тиісті. Біздің өнімімізді пайдаланып, үй тұрғызып, өлең төсегін тербетіп отырғандардың көбейгеніне қуанамыз. Әйткенмен, жаңа қоғам күрделі үрдістерді бастан кешіруде. Сондықтан, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі арта түседі. Бұл қазақстандық тауар өндірушілер мүддесімен де сәйкес келеді.
Зауытымыз өзінің жобалау қуатына енген кезде жыл сайын 2,7 миллиард теңге кіріс алмақ. Қазіргі кезде миллиондаған теңге көлеміндегі сауда айналымын жасап отырғанымыздың өзі нысаналы деңгейге жетуімізге сенім қалыптастырады. Салық және міндетті төлемдерден қарызымыз жоқ. Жұмысқа тартылған 255 адамның айлық орташа жалақысы біртіндеп өсе түсуде. Бізде әлеуметтік бағдарламалардың он екі түрі жүзеге асырылады. Солардың ішінде, заманалық кәсіпорын тұтқасын ұстайтын кадрлар даярлау ерекше назарда тұрады.
Негізгі өндірістік буындардың жекелеген қыметкерлері шетелдерде арнайы даярлықтан өтті. Басқару жүйесі операторларын, слесарьларды және басқа орта буын мамандарын өз кәсібінде тәжірибе жинақтау үшін Қазан кірпіш зауытына жіберіп алған кезіміз болды. Ал, техникалық бақылау бөлімінің мамандары мен зертхана қызметкерлері Ресей құрылыс материалдары институтында оқып келді. Сонымен бірге, жұмысшы құрамын толықтыруда Көкшетау қалалық жұмыспен қамту орталығымен, білім ордаларымен ынтымақты байланысымыз бар. Жаз айларында кәсіптік лицейлер мен колледждердің оқушыларын ақылы жұмысқа тартып отырамыз. Бұл кадр саясатындағы мақсатты жұмысымыздың бір арнасы – әмбебаптылық. Яғни, біздегі жастар жұмысшы мамандығының кез-келген буынын алмастыра алады. Мысалы, бүгінгі бас инженер Марат Кесекпаев жоғары білімі бола тұра жұмысты слесарьлықтан бастаған. Ал, реттеуші-шеберіміз Владислав Смирнов отбасы жағдайымен Польшаға қоныс аударып, сондағы ірі зауытта жауапты қызмет атқаруда. Бұл зауытымыздағы біліктілік мәселесінің жоғарылығын байқатады.
Жалпы, зауыт әкімшілігі өз жұмысын бастаған сәттен-ақ қалыпты адами қағидаттарды ұстануды басты парыз санайды. Тіршіліктің қуаныш-қайғысын бірге бөлісеміз. Әлеуметтік пакеттеріміз кең және бұл көңілден шығады деп ойлаймыз. Ұжым мүшелерінің орта жасы 25-30-дың айналасында. Демек, біздің жаңа заман құрылысшылары өрелі өзгерістерге өзіндік өрнек салатындығына сеніміміз мол.
– Таратып айтқан әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар