Боранды күндері сақ болыңыздар!

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Манарбек Шапағатов пен облыстық полиция департаментіндегі жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Баймұқанов соңғы бір апта бойы толассыз соғып тұрған боранға байланысты өңірдің автокөлік жолдарында кездес-кен төтенше жағдайларды қалпына келтіру және оларға жол бермеу үшін атқарылып жатқан істер жөнінде айтып берді.

–Қыс басталғаннан бері республикалық және облыстық маңызы бар автокөлік жолдары 61 мәрте жабылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен және жергілікті полиция қызметімен бірге 559 адамды, оның ішінде 36 баланы құтқарды. Жылыну бекеттеріне 978 адамды, оның ішінде 70 баланы орналастырды. 82 техника, оның ішінде 5 жедел көмек автокөлігі тіркеуге алынды. «Қазгидромет» мемлекеттік кәсіпорнының мәліметіне сәйкес, боран болатындығы туралы 76 ескерту алынса, соның 90-95 пайызы дәл келді.
– Автокөліктерді елді мекендерден жолға шығармау мақсатында облыс аумағындағы автокөлік жолдарына 125 жедел қимылдайтын блок-бекеттер қойылды. Олардың қарамағына 80 техника мен жергілікті полиция қызметінің 160 адамы, департаменттің 30 техникасы мен 50 адам бөлінді. 1827 техникасы бар автокөлік колоннасын бастап жүру ұйымдастырылды. 19-27 қаңтар аралығында облыстың автокөлік жолдарындағы қозғалысқа 29 мәрте шектеу қойылды,–деген департамент бастығының орынбасары Манарбек Шапағатов өз бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен және жергілікті полиция қызметімен бірге 298 адамды құтқарғанын атап өтті.
Облыстық полиция департаментіндегі жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Баймұқанов жылыну бекеттеріне 478 адам, оның ішінде 23 бала орналастырылғанын атап өтті. Мұндай оқиға Ерейментау, Бурабай, Атбасар, Целиноград, Ақкөл, Қорғалжын аудандарында көп болды. Тұрғындардың боранды күндері елді мекендерден жолға шығып кетпеулері үшін автокөлік жолдарына 47 жедел қимылдайтын блок-бекеттер қойылды. Мұнда жергілікті полиция қызметінің 95 қызметкері мен 51 техникасы, төтенше жағдайлар департаментінің 55 қызметкері мен 27 техникасы жұмыс істеді. Бүгінгі күні блок-бекеттерде 601 автокөлік тұр. Автокөлік жолдарын 141 арнайы техника қардан тазалауда. Брифинг барысында журналистер тарапынан қойылған сауалдар да болды. Олардың барлығына да тиісті жауаптар қайтарылды. Қыстың көзі қыраулы, сақ болыңыздар!
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар