Қысқы жол қиындық келтірмесін

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен облыстық әкімдіктің мәжіліс залында тиісті департамент басшыларының қатысуымен ауа райының қолайсыздығына байланысты құрылған жедел топтың жұмысы пысықталды.

Биыл қар еліміздің барлық аймақтарында әдеттегіден көп жауып, борандар жиі орын алуда. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар комитетінде және 6 аймақта, атап айтқанда: Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарында жедел штаб құрылып, жұмыс істеуде. Біздің облысымызда да қардың қалың түсуіне орай күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қазір Щучинск-Нұр-Сұлтан жол учаскесінде қар тазартқыш техникалар үздіксіз қызмет көрсетуде.
Ауа райы жағдайының қолайсыздығына орай, жолда тұрып қалған автокөліктерге көмек көрсету мақсатында қуаттылығы жоғары вездеходтар жұмыс істеуде. Қарға кептеліп, автокөліктердің тұрып қалған жағдайлары барлық өңірлерде кездесуде. Ал, қиын жағдайда қалған адамдарға көмектесу тек вездеходтар арқылы жүзеге асуда. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент ауа райы жағдайына байланысты жолдардың жабық екендігі туралы СМС хабарлар жібереді. Бірақ та, соған қарамастан, алыс жолдарға шығып жататындар бар. Қазіргі күні Ақмола облысы бойынша 15 учаскедегі барлық автокөлік түрлері үшін жол қозғалысы жабылған. Мәселен, «Нұр-Сұлтан-Ерейментау-Шідерті», «Екатеринбург-Алматы», «Жезқазған-Петропавл», «Нұр-Сұлтан-Петропавл», «Қостанай-Әулиекөл-Сурган», «Щучинск-Зеренді» «Жақсы-Есіл-Бузулук», «Макинск-Ақсу-Торғай», «Көкшетау-Атбасар», «Нұр-Сұлтан-Қорғалжын», «Нұр-Сұлтан-Қабанбай Батыр-Киевка-Теміртау», «Көкшетау-Рузаевка» жолдары жабық.
Еліміз бойынша 83 автокөлік жолдарында қозғалыс тоқтатылып, шектеулер жасалды. Олардың 49-ы республикалық, 34-і облыстық бағыттағы жолдар.
Республикалық ІІМ ТЖК дағдарысты басқару орталығы мамандарының айтуынша, 50-ден астам техника мен 300-ден астам адам қар құрсауынан құтқарылған, оның ішінде 41 кәмелетке толмаған балалар бар. Төтенше жағдайға байланысты құтқару жұмыстарына мыңнан астам адам мен 800-ден астам техника жұмылдырылуда.
Ауа райының күрт нашарлауына байланысты қар, боранның әсерінен қалыптасқан күрделі жағдай Ақмола облысында тіркеліп отыр. Әсіресе, республикалық бағыттағы Көкшетау-Нұр-Сұлтан автожолдарында 500-ге жуық машина қар құрсауында қалған. Бұлардың бәрі қар тазалайтын техникалар мен автокөлік колоннасының алдынан жүріп отырған полицейлердің көмегімен астанаға жеткізілді. Сонымен бірге, Макинск қаласы маңындағы жолдың бір бөлігінде қарлы боранның әсерінен апат орын алып, 8 автомашина бір-біріне соқтығысып қалған. Апат салдарынан барлық көліктерге механикалық зақым келді. Дене жарақатын алған жолаушылардың бірі Бұланды аудандық ауруханасына жеткізілді. Бұланды ауданының аумағында, 40-шақты автокөліктің адамдары 5 қонақ үйге орналас-тырылып, олар тамақпен қамтамасыз етілді.
Мұндай жағдай барлық автожолдарда орын алуда. Жолда қалған адамдардың бәріне көмек көрсетіледі. Жедел штаб отырысында облыс әкімі Ермек Маржықпаев тиісті құрылым басшыларына жедел топтың үздіксіз жұмыс істеуін, жағдай тұрақтанғанша олардың жұмыстарын пысықтап, тиісті тапсырмалар беріп, қадағалап отыруды тапсырды.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар