Қазақ білсін!

Тұрмыс-салт дәстүрлері

Ата-бабаларымыз ежелден табақ тартуға аса мән беріп келген-ді. Әр қонақтың табағына малдың кәделі мүшелерінің салынуына мұқият назар аударып отырған. Осы орайда біз бүгін табақ тартудың ретін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Бас табақ. Бас табаққа бас, жамбас, омыртқа, қазы-қарта, жал, жая, сияқты кәделі мүшелер салынады. Басты қонақтың ең жасы үлкені немесе оның ұсынуы бойынша басқа бір беделді кісі ұстайды.

Сый табақ. Сый табақ негізінен құдалық рәсім кезінде тартылады. Бас, жамбас, басқа да кәделі мүшелер қонақтың жасына, туыстық қатынасына қарай салынады.

Орта табақ. Орта табаққа асықты жілік, ортан жілік, кейде жамбас та түседі.

Аяқ табақ. Аяқ табаққа кәрі жілік, жауырын, күң жілік сияқты еттің басқа да мүшелері салынып, ауыл адамдарына қойылады.

Күйеу табақ. Күйеу табаққа бір сан жілік (асықты жілік) пен төс салынады.

Келін табақ. Келін табаққа ұлтабар және жүрек салынады.

Қыздар табағы. Қыздар табағына жүрек, бүйрек салынады.
Құдағилар табағы. Жамбас немесе асық жілік пен сүбе, жақ құдағилар табағына салынатын негізгі мүшелер.

Ұмытылған ұлттық тағамдардың бірі Төңкерме – тез пісетін, әрі жеңіл тамақ. Жасалу жолы да оңай. Ол үшін қызған қазанға бидай ұнын себелей отырып қуырып, басқа ыдысқа салып алады. Қазанға енді мал майын, болса қойдың құйрық майын турап шыжғырады. Еріген май үстіне су, сүт құйып, әлгінде қуырылған ұнды қосып, тұз салып араластырады. Бұлар толық араласқанда қоймалжыңданып дәмді әрі жұп-жұмсақ төңкерме атты тағам дайын болады. Оны табаққа салып алып, қасықпен жей беруге болады. Бүгінде ұмытылып, халықтың қолданысынан шығып қалған бұл тағамды халқымыз жеңсік ас ретінде пайдаланған.

Халқымызда тамаққа байланысты қалыптасқан тамаша салт-дәстүрлер де көп болған. Алдағы уақытта осындай тәлім-тәрбиелік мағынасы мол, ас-суларымызға орай қалыптасқан, алайда ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерімізге де тоқталып отырмақпыз. Сондай салттардың бірі – қара сыбаға.

Қара сыбаға – сыйлы адамдар қайтыс болған кезде көзкөргендер ол адамның сыбағасын үзбей оның отбасына, әйеліне немесе балаларына әдейі жіберіп отырады. Мұны халық ұғымы мен салтында «қара сыбаға» деп атайды.
Қазақ сыйлы адамдарына, жақын-туыстарына жыл сайын тиісті сыбағасын сақтап отырған. Оны әдейі сақтау да, сол сияқты тиісті кісілердің келіп өз сыбағасын жеуі де үлкен парыз әрі сыйластық, құрмет белгісі саналған. Сыбаға сақтамау да, сақтағанын барып тата алмау да бір сын. Бүгінде ұмытыла бастаған қара сыбаға салтының тәлім-тәрбиелік маңызы зор.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар