Орташа еңбекақы 14 пайызға өсті

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Аршалы ауданының әкімі Талғат Мұханбеджанов 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы мақсат-міндеттерді баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Жиында белгілі болғанындай, аудан бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес кәсіпорындарының өсімі 101,9 пайызды құрап отыр. Соның нәтижесінде бөлшек тауар айналымының көлемі 2,8 пайыз артты. Ауданда «Игілік» және «Кәсіпкер» бағдарламалары бойынша жалпы сомасы 116 миллион теңгеге 30 адам несие алды. «Бизнестің жол картасын» жүзеге асыру аясында 5,2 миллион теңге сомасына 2 грант мақұлданды. Соның арқасында шағын және орта бизнес кәсіпорындары – тренажер залы, балалар ойыншықтары мен ағаштан жасалған кәдесыйлар жасайтын кәсіпорын, шиномонтаж шеберханасы, ойын бөлмесі, балық павильоны мен зооклиника жұмыс істей бастады.
Аудан әкімі Талғат Мұханбеджановтың айтуынша, Аршалы ауданы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 16 миллиард теңгені құрап отыр. – Біз үшін тағы бір басты міндет ауданға мейлінше көп инвестиция тарту. Қазіргі таңда «ЦАТЕК ГРИН ЭНЕРДЖИ» ЖШС-і аудан экономикасына 47 миллиард теңге инвестиция салды. Сонымен қатар, «Борей энерго» ЖШС-і желден қуат алатын электр стансасын салуды жоспарлап отыр. Жобаны іске асыру 2020-2021 жылдарға арналған. Жобаның құны 73 миллиард теңге. 2016-2020 жылдарға арналған аймақтарды дамыту бағдарламасы аясында Үлкен Сарыоба көлінде туристік демалыс базасын салу және Жібек жолы ауылдық округінде қоқыс өңдеу кешенін салу жоспарланған. Аудан бойынша орташа еңбекақы көлемі 14,2 пайызға өсті, сөйтіп 112 370 теңгені құрады. 2019 жылы жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша 972 адам өтініш білдірді, оның 881-і жұмысқа орналастырылды. Ауылдық жерлерге жұмыс істеуге және тұруға келген мамандарды қолдау мақсатында әлеуметтік саланың 23 қызметкеріне тұрғын үй сатып алуға 86,6 миллион теңгеге бюджеттік несие төленді, –деді аудан басшысы.
Ұзақ жылдар бойы жылумен қамтамасыз ету аудандағы өзекті мәселелердің бірі еді. Бүгінде бұл мәселе толығымен шешілді. Халықты жылумен қамтамасыз ету жағдайын жақсарту мақсатында Аршалы кентінде жаңа қазандық салу және орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету жүйесіне жаңа тұтынушыларды қосу бойынша қарқынды жұмыс атқарылды. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 133 миллион теңге бөлінді.
Тұрғындардың негізгі қажеттіліктерінің бірі орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізу болып табылады. Өткен 2019 жылы Қостомар ауылында 27 шақырым су құбыры желісі салынды. 15 су құбыры ұңғымасының жұмысы қалпына келтірілді.
Ағымдағы жылы Жібек жолы ауылында инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы, сондай-ақ, «Новоалександровка» қосалқы станциясын қайта жаңарту, Аршалы кентінде дене шынықтыру -сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасады, Жібек жолы ауылында 300 орындық мектеп құрылысы мен 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталады.
Аудан әкімі атап өткеніндей Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған әлеуметтік саланың дамуына жіті көңіл бөлініп отыр. Білім, денсаулық сақтау, мәдениет салалары да қарқынды дамып, үнемі назарда.
Жиын барысында бұқаралық ақпарат құралдыры өкілдері аудан әкіміне көкейтесті сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар