Кәсіпкер әйелдер қатары арта түсуде

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірлесіп, кәсіпкер әйелдерге және өз ісін бастауға ниеттеніп жүрген нәзік жандыларға арнап семинар-тренинг өткізді.

Шараның басты мақсаты әйел кәсіпкерлердің белсенділігін арттырып, жаңа бастамаларды жүзеге асырудағы маңызды қадамдарды кеңінен түсіндіру. Кәсіпкер әйелдердің қатары күн сайын толығып келеді. Бүгінде олардың кәсіпкерліктегі үлесі 40 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткішті елімізде кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалғанымен байланыстыра аламыз. Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы  Раушан Сәрсембаеваның айтуынша, аталмыш семинар қажетті мағлұматтарға қанық болуға септігін тигізеді. Оған қоса, қатысушылардың бойында өзіне деген сенімділікті нығайта түседі. Әрі кәсіпкерлерді қолдауға арналған бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың мән-маңызын жете түсініп, берілетін мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға итермелейді. Мәселен, қазіргі таңда елу мыңға жуық азамат мемлекеттік бағдарламалардың қатысушылары екені мәлім. Осы семинардан соң мемлекеттік қолдауға ие болғысы келетін кәсіпкер әйелдердің саны арта түсері сөзсіз.
Семинарда кәсіпкерлікте толайым жетістіктерге жеткен іскер әйелдер өз тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтты. Себебі, көбінесе жеке кәсібін ашуды жоспарлап жүрген жандарға білім жетіспей жатады. Ал, несиені қалай алуға болады, қандай құжаттар жинау қажет деген сынды сауалдар әркімнің көкейінде жүрген келелі мәселелер. Мұны Ақмола облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының директоры Еркебұлан Баяхметов те назардан тыс қалдырмады. Ол мемлекеттік бағдарламалардағы салалық шектеулер алынып тасталғаннан кейін кәсіпкерліктің қарқыны үдеп келе жатқанын да жеткізді.
Жалпы алғанда, семинар өте қызу өтті. Қатысушылар өз ойларын білдіріп,  күрмеулі мәселелерді бірге шешуге тырысты. Қорытындысында қатысушылар сертификаттармен марапатталып, естелік суретке түсіп, тарқасты.

 

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар