Экономикада оң өзгерістер бар

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сандықтау ауданының әкімі Асқарбек Үйсімбаев журналистерге өңірдің 2019 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және биылғы жылдың міндеттері жөнінде жан-жақты баяндап берді.

Аудан әкімі өз баяндамасын алдымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтылған міндеттерден бастады. Сандықтаулықтар егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығын дамытуға зор көңіл бөлуде. Әкімнің айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда 36,4 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліпті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп. Ауданда шағын және орта бизнесті дамыту бағытында да айтарлықтай жұмыстар қолға алынуда. Осы орайда, азық-түлік тағамдарының бағасын тұрақты ұстап тұру маңызды. Осы мақсатта аудан орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің 32 жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 49,7 миллион теңгенің өнімі сатылған.
Брифингте айтылғандай, ауданда «Агробизнес – 2020», «Сыбаға», «Ырыс» және «Игілік» бағдарламалары бойынша да нақты шаралар қолға алынған. Биылғы жылы Веселое ауылында «Байдалы» серіктестігі 400 бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отыр. Жалпы, өткен жылы «Игілік» бағдарламасы бойынша 11 кәсіпкер 28,9 миллион теңге көлемінде несие алды. «Ырыс» бағдарламасы бойынша Приозерный ауылында «Қарлығаш» шаруа қожалығы 50 басқа арналған сүт фермасын ашты. Ауданда асыл тұқымды мал өсіретін төрт шаруашылық бар. Биылғы жылға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша құны 1 миллиард теңге болатын 6 жоба енігізіліп отыр.
Сонымен қатар, аудан әкімі өңірде жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау мәселелеріне де үлкен көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Өткен жылы әлеуметтік жағынан аз қамтылған 225 отбасы анықталып, оларға 94 миллион теңгенің көмегі көрсетілді.
– Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жылдан-жылға жақсарып келеді. Бюджетке түсімнің қосымша көздерін іздеу бойынша жұмыс жүргізілуде, – деді өз сөзінде аудан әкімі.
Брифингті қорытындылаған аудан әкімі Сандықтау өңірінде қолға алынған құрылыс, экологиялық, әлеуметтік-экономикалық, туризмді дамыту, көктемгі су тасқынына дайындық мәселелерін саралай келе, журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар