1400 отбасы әлеуметтік көмек алу үшін құжат тапсырды

2020 жылғы қаңтар айының соңындағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш 1 349 отбасынан қабылданды. Бұл отбасыларында 6 160 адам болса, оның 3 533-і бала. Көп балалы отбасылардың үлесі 30,2 пайыз немесе 407 отбасын құрайды.

Өңірлер бөлінісінде өтініштердің ең көп саны Көкшетау қаласында – 329 отбасы немесе 29,5 пайыз, Бурабай ауданында – 190 отбасы немесе 14 пайыз, Степногорск қаласында – 103 отбасы немесе 7,6 пайыз, Есіл ауданында – 97 отбасы (7,2 пайыз), Атбасар ауданында – 83 отбасы (6,2 пайыз) қабылданды.
Облыста 247 учаскелік комиссия жұмыс істейді. Олар жүргізген зерттеу нәтижелерін ескере отырып, АӘК 673 отбасыға немесе 3 081 адамға тағайындалды, оның 230 отбасын немесе 34 пайызын көп балалы отбасылар құрайды. АӘК тағайындауға өтініш берген отбасылардың материалдық жағдайын тексеру жұмыстары жалғасуда.
Өңірлер бөлінісінде ең көп тағайындау саны Көкшетау қаласы – 137 отбасы немесе 20,4 пайыз, Бурабай ауданы – 131 отбасы (19,5 пайыз), Степногорск қаласы – 98 отбасы (14,6 пайыз), Атбасар ауданы – 70 отбасы (10,4 пайыз).
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысының 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша АӘК тағайындау тетігі оның айқындылығын, әділдігін және еңбекке ынтасын қамтамасыз ету мақсатында түзіледі. Мемлекеттік көмектің жаңа шаралары кешенді түрде іске асырылуда және оған: көп балалы отбасыларды қолдау, жаңғыртылған атаулы әлеуметтік көмек, табысы аз отбасыларындағы балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік топтама кіреді.
Ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар көп балалы отбасыларға арналған жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Бұл мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан 42 496 теңгеден
74 388 теңгеге дейін сараланған мөлшерде төленеді. Осындай төлемді ағымдағы жылғы қаңтарда жалпы сомасы 17,7 миллиард теңгеге 367 мың отбасы алды.
Табысы аз отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көзделген. АӘК тағайындау үшін басты критерий – отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірдің ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен болуға тиіс. Отбасының барлық мүшелері үшін АӘК мөлшері жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегінің арасындағы айырма ретінде айқындалады. АӘК ашықтығын қамтамасыз ету үшін ол тоқсан сайын тағайындалатын болады, ал отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу мерзімі 3 күннен 7 күнге дейін ұлғайтылды. АӘК тағайындау кезіндегі маңызды талаптардың бірі жұмысқа қабілетті отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына міндетті түрде қатысуын талап ету.
Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде көп балалы және табысы аз отбасыларға үйде жұмыс істеу үшін де, өз ісін ашу үшін де кең мүмкіндіктер беретін жаңа тетіктер көзделген.
Бұдан басқа, АӘК алатын табысы аз отбасылардың балаларына кепілдік берілген әлеуметтік топтама ұсынылатын болады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін әлеуметтік топтамаға азық-түлік жиынтығы мен тұрмыстық химия тауарларының жиынтығы кіреді. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін мектептерде ыстық тамақ, оқу құралдары мен мектеп киімдерін беру көзделеді. Сондай-ақ, осы санаттағы балалар үшін мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтелетін болады. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.
Айта кету керек, АӘК көрсетудің жаңа тетіктерінің енгізілуіне байланысты республикалық және жергілікті бюджеттерден табысы аз және көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға арналған қаржыландыру көлемі ұлғайтылды. 2020 жылы бұл мақсатқа 326,9 миллиард теңге бөлінді (республикалық бюджеттен – 279,9 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен – 46,9 миллиард теңге). 2019 жылы АӘК төлеуге 244,2 миллиард теңге бөлінді.
Жаңа тәсілдерге сәйкес, ақшалай және заттай түрдегі әлеуметтік қолдау мөлшері табысы аз және балалар саны көп отбасылар үшін көбірек болады. Бұл ретте отбасының әрбір мүшесіне АӘК төлеу сомасы орташа есеппен 10 мың теңгені құрайды, ал, табысы жоқ отбасыларда әлеуметтік көмек тағайындау үшін белгіленген өлшемдерден толық көлемде – өңірлік күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде болады. Осылайша табысы аз отбасылар, көп балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны есептемегенде, әр балаға орташа есеппен 20 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алады. Оның 10 мыңға жуығы – АӘК-тің ақшалай төлемі, 10 мың теңгесі – заттай түрдегі кепілдік берілген әлеуметтік топтама.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар