Халықпен кездесіп, ашық пікір алмасты

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев кезекті жұмыс сапарымен Есіл ауданында болып, бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандардың жұмыс барысымен танысып, алдағы міндеттерді белгіледі.

Өңір басшысы алдымен аудандағы №1 орта мектебіне барып, ұжымның тыныс-тіршілігімен танысты. Іргетасы 1961 жылы қаланған білім мекемесінде 43 қызметкер еңбек етеді. Мұнда 322 оқушы білім нәрімен сусындауда. Мектеп жанында 24 бүлдіршінге арналған «Қарлығаш» шағын орталығы бар. Басты мәселе – білім беру мекемесіне күрделі жөндеу қажет. Мектептің бүгінгі материалдық-техникалық жағдайы сын көтермейді. Білім сапасы да көңілге қонымсыз. Мәселен, өткен оқу жылында мектеп түлектерінің ҰБТ көрсеткіші 68 пайыз болыпты. Осы мәселеге байланыс-ты өңір басшысы тиісті сала басшыларына сын-ескертпелер жасады. Алдағы уақытта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 47 миллион теңге бөлінетін болады.
Бұдан кейін облыс әкімі Свободный селосында болып, ондағы жылу қазандығының жұмысымен танысты. 2019 жылы Свободный ауылының тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 40 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен ұзындығы 4,5 шақырым жылу құбырын жөндеу, 3 қазандықты ауыстыру жұмыстары жүргізілген. Ауылда жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары да кезең-кезеңімен атқарылған. Облыс әкімі осы мәселеге байланысты әлі де болса жұмысты ширатып, әсіресе, тұрғындардың өтініш-тілектерін аяқ асты қалдырмау басты назарда болуы керектігін баса айтты.
Сонымен қатар, өңір басшысы «Есіл-Свободный-Раздольный» бағытындағы автомобиль жолындағы көпірді жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жаңа көпір салудың жобалық-сметалық құжаттамасының құны 417 миллион теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарына ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 234 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Қазіргі уақытта жолаушылар көлігі басқармасы мердігерлік ұйымды айқындау бойынша конкурстық жұмыстар жүргізуде. Облыстық маңызы бар Есіл-Свободный-Раздольный автожолының 13-ші шақырымындағы автомобиль көпірінің құрылысы жобасы екі жыл ішінде жүзеге асатын болады. Облыс әкімі осы бағыттағы жұмысты үнемі қадағалап, жандандыруды тиісті сала басшыларына тапсырды.
Облыс әкімінің жұмыс сапары Есіл ауданындағы Есіл №2 орта мектебінде жалғасты. Бұл білім ордасы да күрделі жөндеуді қажет етеді. 1973 жылы іргетасы қаланған мектепте қазіргі таңда 368 бала оқиды. Балалардың бойында спортқа деген құлшынысты арттырып, салауатты өмір салтын ұстануы үшін спорт алаңы қажет. Осы мақсатқа 315 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр.
Аудандық мәдениет үйінде облыс әкімі Ермек Маржықпаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген азаматтардың негізгі көтерген мәселесі Элеватор көшесінде балалар ойын алаңын орнату, Бұзылық-Алматы жолын жөндеу, Н.Әбдіров көшесін жарықтандыру сияқты сұрақтар болды. Өңір басшысы барлық өтініштер мен ұсыныстарды мұқият тыңдап, қолданыстағы заңнама аясында қаралатынын түсіндірді және аудан әкіміне тұрғындардың мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берді.
Бұдан кейін өңір басшысының қатысуымен аудан әкімі Серік Балжановтың есептік кездесуі өтті. Жұртшылық алдында сөз сөйлеген аудан әкімі Серік Балжанов өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алда тұрған міндеттер жайлы баяндама жасады. Ауданда ауыл шаруашылығы, индустрияландыру, шағын және орта бизнес салаларында өндірілген өнім көлемі бойынша едәуір өсім бар екендігі айтылды. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,8 миллиард теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, ауданда етті мал шаруашылығын дамыту аясында қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды орындау бағытында кешенді шаралар қолға алынған. 2019 жылғы қаңтар-қыркүйекте орташа еңбекақы 123,3 мың теңгені құрады, бұл тиісті кезеңнен 21,5 пайызға жоғары. Ағымдағы жылы ауданда екі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің нақты көлем индексі 100,7 пайызды құрады, оның ішінде егін шаруашылығы 100,2 пайыз, мал шаруашылығы 103,2 пайыз. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары кешенді жүргізілуде. 2019 жылы 3,5 миллиард теңгеге 64 бірлік жоғары өнімді импорттық техника сатып алынды.
Ағымдағы жылы дәнді және бұршақ дақылдары 441 мың гектар алқапқа егілді, жалпы түсім 415,5 мың тоннаны құрады. Шығарылатын өнеркәсіп өнімінің көлемі 2786,3 миллион теңге көлемінде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда сәл төмендеу. Көрсеткіштің төмендеуінің негізгі себебі 2 ұн тарту кәсіпорындарының жұмысы тоқтаған. Тұрғын үй құрылысына 268,0 миллион теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 182 миллион теңгеге жоғары. Өткен жылы 2578 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауданда 1255 шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 123 ЖШС-і, 188 шаруа қожалығы және 944 жеке кәсіпкер бар.
Сумен жабдықтау желілері 207,3 шақырымды құрайды. Оның ішінде 36 шақырымы жөндеуді қажет етеді. 2019 жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстауға және жөндеуге 50 миллион теңге жұмсалды.
Есептік кездесуде аудан әкімі Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған әлеуметтік саланың дамуына зор көңіл бөлінетіндігіне ерекше екпін түсірді. Әсіресе, денсаулық сақтау, білім, мәдениет және жұмыспен қамту бағытында айтарлықтай игі істер жүзеге асатындығын баса айтты.
Жиналысты қорытындылаған өңір басшысы есілдіктердің өткен жылы атқарған істеріне оң баға беріп, алдағы уақытта жүзеге асырылатын міндеттерді белгіледі. Ермек Маржықпаев өз сөзінде жекеменшік пен мемлекет арасындағы әріптестікті дамытуға, шаруашылық нысандарын, әлеуметтік мекемелер мен ғимараттарды жөндеу, күтіп ұстау жұмыстарына көптеп тарту қажеттігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, аудан орталығын дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар