Абайға арнау

Абайға арнап жүректен жыр жазамын,
Үңіліп тереңіне ой қазамын.
Абайдай дара бар ма, дана бар ма?
Мақтанышы ұлтының ол, қазағым.

Өлеңі әр қазаққа жақын болған,
Әуелеткен әндеріне көңіл толған.
Білім, ғылым, ізгілікке жетелейтін,
Есімі адамдарға болар қорған.

Әр сөзі, әр өлеңі шабыт берер,
Түсінетін адамдар ақыл түйер.
Туғанына 175 жыл толса-дағы,
Ұмытпай ән мен жырын айтып келер.

«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтіп келіп, ойнап күлмес», –
Деп жырлаған ұлы Абай өлеңінде,
Сол кезде өзі жайлы айтқанын білмес.

Артына өшпес мұра бай қалдырған,
Қара сөзбен, өлеңмен рух жандырған.
Аударылған көп тілге еңбектері,
Өзге ұлтты тамсантып, таң қалдырған.

Осылай бес нәрседен қашық болдым,
Бес нәрсеге жетуге асық болдым.
Адалдыққа, әділдікке бой түзетіп,
Абайдың жырларына ғашық болдым.

Абай ата – қазағымның данасысың,
Абай ата – қазағымның дарасысың.
Ұмытпаймыз ешқашан да ұлы есімін,
Абай ата – ақылдылар ағасысың.

Мәнсия ӘБЖАНОВА,
Біржан сал ауданындағы Макин орта
мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар