Абай орталығы ашылды

Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен қалалық үлгілі қазақ кітапханасында қазақтың біртуар ақыны, ұлы ойшылы, хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы ақынның ұлағаты» атты Абай әдеби орталығы ашылды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай шын мәнінде қазақ болмысының айнасы. Ақынның дара тұлғасы – халқымыздың руханиятын әлемге танытатын теңдесі жоқ құндылық. Дүниежүзі әдебиетінде Абай сияқты ақын, ағартушы, ойшыл, сыншы кемде-кем. Абай шын мәнінде қазақтың біртуар перзенті. Ұлы Абайдың мұрасы рухани жаңғырудың маңызды бағдарына айналуы қажет», – деп айтқан болатын. Осыған орай ашылған Абай әдеби орталығының негізгі мақсаты – хакім Абайдың рухани мұрасын кеңінен насихаттау және оны жас ұрпақ тәрбиесіне жүйелі енгізу болып табылады.
Айтулы шарада Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Сәбитова орталықтың ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірсе, жергілікті ақын Мұхамед Қонқаев ұлы Абайдың «Мен бір жұмбақ адаммын» өлеңімен кеш шымылдығын ашты.
Кең ауқымды кітап экспозициясы бірнеше бөлімдерді қамтыған. Ондағы бірінші бөлім «Абайдың дүниетанымы» хакім Абайдың балалық шағы, өмір жолына арналды. Ұлы ғұламалардың Абайға арналып жазған дәйек сөздері туралы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы Аманжол Есмағұлов баяндап берді. Ал, «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты екінші бөлімде ақынның шығармалары мен «Қара сөздерін» кітапханашы Ерден Нұрахмет таныстырып өтті. «Абай мұрасы мәңгілік» атты үшінші бөлімде жазушылардың Абай туралы жазған шығармалары, мақалалары, мерзімді басылымдардағы зерттеулері тұрғысында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек нақтырақ тоқталып өтті.
Сонымен қатар, іс-шараға қоғам қайраткері, ақын Айдос Әбутәліпов және мәдениет мекемелерінің қызметкерлері мен кітапхана оқырмандары қатысты. Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің оқытушысы Әлия Заманбекова және «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» Ақмола облысы бойынша институтының инновациялық білім беру және ақпараттық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы Ботагөз Хамзина ұлы ақынның әндерін оқырманға тарту етті.
Абай орталығының ашылу салтанатының соңында жас ақындар хакім Абайдың жырларынан үзінділер оқыды.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар