Қар – қалың! Көктемде су жүру қаупі бар

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев кезекті аппарат мәжілісінде көктемгі су тасқынының алдын алу, елді мекендерді қардан тазарту және қарғын судың апатсыз ағызылып, өткізілуін қамтамасыз етудің іс-шараларын пысықтады. Сондай-ақ, мәжілісте өндірістегі еңбек қауіпсіздігін сақтау, жұмысшылардың еңбекақысын көтеріп, оның уақытылы берілуін қамтамасыз ету бойынша тиісті ведомство басшыларына нақтылы міндеттер жүктеді.

Әкімдік отырысында өңір басшысы жаңадан тағайындалған облыс әкімі аппараты басшысының орынбасарлары Бақтияр Көшкінов пен Венера Төлегенованы таныстырып, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Күн тәртібіне сай алғашқы мәселе бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Алексей Советовтың баяндамасы тыңдалды. Көктемгі су тасқынына дайындық өткен жылдың жазынан басталыпты. 2019 жылғы жаз бен күз айларында елді мекендерді су алып кетудің алдын алу және 2020 жылы апатты болдырмау бағытында кешенді іс-шаралар өткізілген. Су алу қауіпі бар елді мекендерді инженерлік қорғау бойынша жоспарға сәйкес 16 ауданның 54 елді мекендерінде су тасқынының алдын алу бойынша инженерлік-қорғаныс іс-шаралары жүзеге асырылыпты. Оның ішінде 26,8 шақырым су өткізгіш арықтары кеңейтіліп, тереңдетілді. 16,5 шақырым бөгеттерді жөңдеу және нығайту жұмыстары жүргізілді, 17,1 шақырым қауіпті аумақтарға топырақ үйінділері мен бөгеттер тұрғызылды.
– Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша төтенше жағдайдың алдын алу үшін 170,3 тонна жанар-жағар май, 4,5 мың тонна инерттік материалдар, 36,1 мың су бөгегіш қапшықтар дайындалды, – деді Алексей Советов. Дегенмен, қазіргі жағдайда 2019 жылмен салыстырғанда бірқатар аудандар мен қалаларда көктемгі су тасқынының алдын алудың жоспарланған шаралары сылбыр жүзеге асуда.
Мәселені қарау барысында облыс әкімі нақытылы қандай кемшіліктердің жіберіліп және оның не себепті болып отырғандығын түсіндіруді талап етті. Мәселен, Көкшетау қаласында 6 шара жос-парланса, соның біреуі ғана орындалыпты. Қылшақты өзені арнасынан асып тасиды деген қауіп биыл да бар. Қала әкімі Амангелді Смайыловтың айтқанына қарағанда, жоспарланған шаралардың кейінге қалдырылуына қалалық бюджетте қаржының жоқтығы себеп болып отырған көрінеді. Атбасар қаласында да жағдай мәз емес. Топырақтан тұрғызылған бөгет пен су өткізетін нысандарды көктемгі су жүргенше нығайту қажет.
Целиноград және Астрахан аудандарында да дайындық жұмыстарына осы бастан кірісу керек. Қоянды, Қосшы, Тайтөбе, Талапкер, Қажымұқан, Қараөткел және Қаражар ауылдарында ағын суға арналған кәріз жүйесінің жоқтығы еріген қар суының жиналуына әкеліп соғуы мүмкін. Су тасқыны биыл да қауіпті боларына қарамастан, кейбір аудандарда төтенше жағдайлардың алдын алуды ескерту шаралары үшін қаражат қарастырылмаған.
«Қазгидромет» кәсіпорны Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Мақажанованың айтуынша, биылғы қыс жылдағыға қарағанда жылы әрі қарлы болуымен ерекшеленіп тұр.
– Биылғы қаңтар айында түскен қардың мөлшері көп жылдық нормадан өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 есеге жоғары болып отыр. Соған байланысты көктем айларында қар суы көп болатыны болжанып отыр, – деді Бақыт Мақажанова.
«Қазсушар» кәсіпорны Ақмола филиалының директоры Уәли Дәлі өз сөзінде мемлекеттік су шаруашылығы нысандарында су тасқынына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Қазір облыстағы су қоймаларынан артық суды ағызудың кестесі жасалып жатыр.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Ақмола облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың басшысы Берік Мұстафиннің хабарламасы тыңдалды. Басқарма басшысы атап өткендей, өткен жылы 496 кәсіпорын мен ұйымда тексеріс жүргізіліп, 517 заң бұзушылық анықталды. Жұмыс берушіге заң бұзушылықтарды жою туралы 262 ұйғарым шығарылды, 148 лауазымды жəне заңды тұлғаларға 21,5 миллион теңге айыппұл салынып, əкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Жұмыс берушінің еңбек шарттарын сақтамауы техникалық қана мəселе емес, бұл – адам өмірі. Тəртіптің жоқтығынан туындайтын келеңсіздіктерден нағыз еңбек жасындағы адамдар зардап шегеді. Ал, олардың асырап отырған отбасылары, балалары бар. Сондықтан, бұл істе тəртіп орнату бойынша шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда, – деді Берік Мұстафин.
Еңбекақының кешіктіріліп берілуі әлеуметтік-еңбек дауларын туындататын басты жай болса, бұл тұрғыдан алғанда облыста өткен жылдармен салыстырғанда жұмысшылардың айлығын уақытында бермеу оқиғасы біршама азайғаны байқалады. Жағдайдың оңала түсуіне мемлекеттік еңбек инспекторларының қосып отырған үлесі зор. Қазір де Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бақылауымен «Банкроттық және оңалту туралы» заң аясында еңбекақы бойынша қарыздарды қайтару шаралары жүзеге асырылуда.
Еңбек қауіпсіздігінің алдын алу шараларын қатаң жүзеге асырудың арқасында өндірісте жарақат алу өткен жылдағыдан азайған.
Мәселен, 2018 жылы 17 адам мерт болса, былтырғы жылы зардап шеккен 78 адамның 13-і көз жұмған. Дегенмен, алдыңғы жылмен салыстырғанда көрсеткіштің төмендегені байқалғанымен, жұмыс беруші тарапынан қауіпсіздік талаптары əлі де толық сақтала бермейді.
Жиынды қорытындылаған Ермек Маржықпаев айтылған барлық мәселелер бойынша қолға алынған жұмыстарды ширату, сондай-ақ, аудандар мен қалалардың әкімдері, тиісті басқармалардың басшыларына су тасқынының алдын алу, оны болдырмау үшін қар суын апатсыз өткізудің шараларын пысықтап, жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды.
Көкшетау қаласы, Ерейментау, Зеренді, Есіл және Бурабай аудандарының әкімдеріне ақпан айындағы еңбекақы қарыздарының толық өтелуін қамтамасыз ету міндеттелді. Еңбек ақылары әлі де төмен жұмысшылардың айлық жалақыларын өсіру, еңбек келісім-шартың электронды жүйеге қосу, өндірісте жазатайым оқиғаларды болдырмаудың алдын алу шараларын қамтамасыз етуді тапсырды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар