Ұлтты сүюдің ұлағатты үлгісі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты еңбегінің қағидаттарын іске асыруға және ғұлама Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойының тәлімдік мәніне үңілуге талпыныс қоғамдық даму үрдісіне жаңа екпін әкелді. Мұның бір айғағы ретінде Ақан сері атындағы мәдениет колледжінде өткен «Ұлтты сүюдің ұлағаты» атты танымдық шараны айтуға болады. Білім ордасындағы кезекті кездесуге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы, драматург, қоғам және мемлекет қайраткері, «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы, Жабал Ерғалиевтің шақырылуы жас буынның бойындағы таным-түйсіктің арнасын кеңіте түскені бірден байқалды. Өздеріне етене жақын адаммен дидарласу еркіндікті, жүректегі желпіністі тудыратыны ғанибет. Бұлар ұзын-сонар баяндаманы емес, Абай армандаған ел тәуелсіздігінің бүгінгі талаптарымен сабақтас ой-пікірлерін жатық түсіндіруді қалайды. Ж.Ерғалиев солай етті. Қағаздарын жиыстырып қойып, толғанысты сұрақтарға жауап беруге ықыластылығын танытты. Колледж оқушылары тарапынан қол көтерушілер көбейді.

Алғашқы сұрақты Ноярбек Сайәділ қойды.
– Қазақстан Президентінің мақаласы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деп аталады. Неге?
– Қазақ қоғамында биыл үлкен өзгеріс болды. Оны Мемлекет басшысының жыл беташарында бір адамның өмірімен байланыстырылған ғаламдық тереңдіктегі мақала жазуымен байланыстырамыз. Мұны мақала деңгейінен асып түскен дүние деп қабылдайтынымыз сондықтан. Бұл еңбегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Абайды біздің ғасырымыздың, яғни, «Жаңа қоғамның жанашыры» ретінде пайымды ойларымен анық та айқын білдіріп отыр. Абай бізге бұрынғыдан да жақындай түсті, ұғынықты бола бастады. Президенттің Абайдың ойларын бүгінгі заманның ағымымен және барша адамзат баласын толғандырып отырған өзекті мәселелермен байланыстыра талдауында үлкен мән бар.
Абай ұлттық болмыстың үлгісі. Мұны Қасым-Жомарт Кемелұлы өте пайымды зерделеп берді. «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екені талассыз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Мемлекет басшысы данышпанның осы тұжырымдарының қазіргі уақытта да және қашан болсын өзекті болып қала беретіндігін алға тартты. Жалпы, мақаланың толғанысқа бастайтын, сананы үнемі сілкіндіріп отыратын қуатын сезіну жаңаша тіршілік ағымындағы Қазақстанның парасат бағдарламасы деп ұғыну керек. Ал, Абай тағылымы ХХІ ғасыр ұстанымында темірқазық болатындығы айқын.
Мирас Талғатбек: – Сіз «Егемен Қазақстан» газетінде «Абайды танудың жаңа әліппесі» деген тақырыппен жедеқабыл мақала жарияладыңыз. Әліппе – әлемді танудың бастамасы. Осынау жаңа ұғымды Абаймен байланыстырудың астарында не жатыр?
–Қазіргідей жаһандану заманында біз өзімізді ұлт есебінде қалай сақтап қала аламыз деген ой әрқайсымызды мазалап жүргені де анық. Осы ой ұшына ілігер жауаптың Абайда барлығын Қасым-Жомарт Тоқаев дөп басып танытып отыр. «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет»,–деп атап көрсетті. Қорытынды былай, біз ес білгелі Абайды оқыдық, шығармаларына қайта-қайта оралып отырдық. Яғни, жазу үшін оқу керек. Абайды кемеңгер Мұхтар Әуезовтен бастап, жазбаған кісі некен-саяқ. Мәселе, ғұлама ойларын бүгінгі күннің талаптарымен өзектес өрбітуде, іске басшылық етумен қатар, Қазақстан дамуының құбылнамасы етіп алуда. Мұны әлемдік қауымдастықтағы аяқалысымыздың әліппесі деген тұжырымды қалыптастырудағы азаматтық ұстанымнан туған мақала деп біліңіз.
Ақтоты Абдрахман: –Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт
Тоқаев Қазақстанды Абай арқылы таныту мәселесін көтеруінің мәнісі неде?
–Президент «Дүние жүзінде ғылым мен білімнің түрлі салаларын дамытуға зор үлес қосып, бүкіл адамзатқа ортақ ойшыл ретінде танылған тұлғалар баршылық»,–дей келіп, ендігі арада «шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек. Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық», – дегені баршамызды терең ойға жетелейді. Әзірге «Қазақстан» дегенімізде тек «Байқоңырды» ғана атайтын сол шетелдіктер ендігі арада «мен қазақпын» дегенде Абайды бірден ауызға алатын дәрежеге жетсек, бұл ұлт мерейі болар еді! Бұл үшін әуелі Абайды барша қазақ, біздің өзіміз түбегейлі тануға тиістіміз! Алда осыған жету үшін бірлесіп атқаратын қыруар істер күтіп тұр. Мақсат – егемен ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін мемлекеттілігімізді нығайтуда болып тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты бұл еңбегінің тағы бір құндылығы Абай ойларын «Мемлекет ісінің мүдделесі» ретінде қарастыруы деуіміз керек. Расында біз өз мемлекетімізді әлі де құрып, сонымен бірге сол мемлекеттігімізді әлі де нығайтуға тиісті елміз. Өйткені, әр заманның өз талабы бар. Қазіргі әлем қазақ елінің алдына да сәт сайын жаңа және қатаң талаптар қойып отырғаны да анық. Осыған орай Президент «Ұлы ақын өзінің шығармаларында елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктетті. Ол әділетті қоғам құру идеясын көтерген. Демек, Абайдың көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды»,–деген тұжырым жасады. Бұл қоғамның даму үрдісіне қуат берер пайым.
Назар Егімбек: Мемлекетті нығайтудағы Абай тағылымдарының орны қалай болмақ?
–Қазіргі жағдайда Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің президенттік ісінде Абай даналығын басшылыққа алып отырғандығын аңғарамыз. Әсіресе, Тоқаевтың 2019 жылғы 12 маусымда Президент қызметіне кірісерде «Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету» дегені және де былтырғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет»,–деп атап көрсеткен қағидалары ұлы Абайдың сол әділетті қоғам құру идеясымен өзектесіп жатқандығы деп айтар едім. Осы ой тағы бір ойға жетелейді. Жалпы біз ендігі арада мемлекеттік істегі өз қызметімізді де жеке басымызды да Абайға қарап түзеуге тиістіміз. Саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеу ісінің де басты нысанасы Абай болуы керек!
«Адам өмірі тұтасымен түрлі қарым-қатынастардан құралады. Онсыз адам қоғамнан бөлініп қалмақ. Ал, қарым-қатынас міндетті түрде өзара жауапкершілікті туғызады. Бұл жауапкершілік қара басының қамын биік қоятын өзімшілдік араласқан кезде бұзылады. Сондықтан Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – деп адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек, жылы жүрек керек екенін айтады. Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарастырады, бірақ алдыңғы екеуі жүрекке бағынуы керек деп есептейді»,– деген Қасым-Жомарт Кемелұлының осы бір пайымды сөзі жалпы адамзат баласының асыл құндылығы болуы тиіс. Себебі. Абай – ұлтымыздың мәдени капиталы. Біз оны әрқашанда биік ұстауымыз керек. Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру сіз бен біздің қастерлі борышымыз.

Кездесу барысында колледж директоры Құралай Ыдырысова, ғылым докторы Ерболат Баятұлы, ақын Мерген Тоқсанбай Абай тағылымы мен Қазақстан болашағы жайлы пікірлерін ортаға салып, Жабал Ерғалиевтің «Желсіз түнде жарық ай» ән фестивалін өткізу туралы ұсынысына қолдау білдірді.

Бақберген Амалбек,
«Арқа ажары» газетінің тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар