Денсаулық үшін де күресу керек

Скандинавтық немесе нордтық жүріс деген бар. Осындай әдіспен жұмасына екі-үш рет жүремін. Сол жүрісте пайдаланатын екі таяқшаны көріп, кейбіреулер тоқтатып сұрайды: бұл таяқтардың пайдасы қандай?–деп. Содан маған ой келді: осы білгенімді көпшілікпен бөлісейін деген көңілмен мақала ретінде жазып отырмын.

Егерде жаяу жүгіріп немесе велосипедпен жүретін болсаңыз денеңіздің кіндіктен төменгі жағының бұлшық еттері қозғалысқа келеді, ал нордтық жүрісте адам денесінің бақайыңнан бастап мойын бұлшық еттерінің бәрі қозғалысқа келіп, шынығады. Ал, күш таяқтарға ауады да, белің дем алады. Бұл жүрістің барлық аурулардың алдын алуға көмегі бар. Таяқтар спорттық дүкендерде сатылады. Пайдалану туралы нұсқауы да бар.
Жалпы денсаулық үшін де күресу керек. Қысқаша өз тәжірибеме тоқталып өтейін. Жасым сексеннен асса да күнде таңертең белгілі дене шынықтыру жаттығуымды жасаймын, содан кейін денемді дымқыл орамалмен ысқылаймын. Осының бәріне бір сағаттай уақыт кетеді. Сосын таңертеңгі асымды ішкен соң, жапондықтардың ұсынысы бойынша он мың қадам жүріп келемін. Ол бес-алты шақырымдай. Жұмасына екі рет бассейнге барамын. Түскі астан кейін бір сағаттай дем алып, немеремнің оқуына көмектесемін, жаңа келген газеттерді оқимын, қоғамдық жұмыстармен айналысамын, мысалы қазір атақты жерлесіміз Сағадат Нұрмағамбетовтың туған жері Еңбек ауылының ердің атына сай келетіндей ету үшін біраз шаралар атқарып жатырмыз. Кешке теледидардан соңғы хабарларды қараймын, басқалай да жұмыстарым бар. Негізі қозғалыс – өмір деген қағиданы ұстауға тырысамын.
Әрине, адамда геналық жолмен тараған немесе басқа себептермен пайда болған аурулар болады. Оны дәрігерге көрініп, айтқан ұсыныстарын орындап, жазып берген дәрілерді ішу керек. Мысалы мен жас кезімнен гипертония ауруымен ауырамын. Бұл өте қауіпті ауру. Адам инфарктпен немесе инсульт болу қаупі бар. Жүрекке аортакоронарлық шунт та жасаттым. Осы жерде сөздің реті келіп тұрғанда айта кетейін. Ақкөлде істегенде кардиолог Л.В. Юст, осында №1 қалалық аурухананың бас дәрігері Марат Әбдуовқа, бөлімше меңгерушісі Шерияздан Абдугалимовқа, кардиологтар Т.Я.Конькова мен Елизавета Югайға алғысымды білдіргім келеді.
Денсаулықты сақтауда отбасының рөлі өте жоғары. Академик Төрегелді Шарманов ақсақал аурудың басым көпшілігі экология мен астан дегенін білемін. Ол кісі жылқы етінен жасаған тағамдарды пайдалануды ұсынады. Экология жағын шешу үшін жылына кемі екі рет әр жерге шипажайларға зайыбым екеуміз барып тұрамыз. Үй жағдайында зайыбым Хамила Құлбекқызы көп көмегін жасайды. Диетаны сақтауға, дәрілерімді уақытында әкеліп, пайдалану жағынан және күнделікті режимімді сақтауға қосқан үлесі үшін бәйбішеме ризашылығымды білдіремін. Балам Марат Америкаға, Жапонияға, Израильге барғанда сирек кездесетін дәрілер мен витаминдер әкеліп береді, басқа балаларым да әртүрлі көмектер жасап жатады.
Осы мақаланы жазудағы мақсатым өзімді көрсету емес, жастарға ақыл ретінде. Байқаймын жас жігіттердің біразында артық салмақ бар. Ол да аурудың бір түрі. Емхана мен ауруханаға барғанда жастардың ара салмағы әжептәуір. Денсаулықты жас кезден сақтауға тырысу керек. Ол үшін ерінбей денсаулық үшін күресу қажет. Күресу деп отырғаным, жалқаулыққа бой бермей, еңбектену. Тағы бір байқайтыным жолаушылар көлігінде, көшеде келе жатқан балалар мен жастардың қолдарынан ұялы телефондары түспейді. Кейбір ата-аналар мен ата-әжелер балалары мен немерелеріне кішкентай кезінен есепсіз телефонмен ойнатып қояды. Осы телефондарды шығаратын ғалымдар өз балаларына бермейтін көрінеді. Бірде теледидардан ыңғайсыз хабар болды: дүние жүзі бойынша бес миллион бала осы телефондардың кесірінен өмірден өтіпті. Жалпы электрондық аппараттарды пайдалану тәртібін орындаған жөн болады.
Денсаулық әркімнің өзі үшін керек, сондықтан әр адам сол үшін еңбектенуге міндетті. Орыстың мақалы бар ғой «ғасыр өмір сүрсең, сонша оқы» деген. Жылдан жылға қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы артып келеді. Осы мүмкіндікті пайдалану әрбір азаматтың парызы.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
зейнеткер.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар