Көкшетау әлеуметтік-экономикалық даму жағынан үнемі алда болуға тиісті

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласы әкімінің халық алдында есеп беру кездесуіне қатысты. Көкшетаулықтардың алдында қала әкімі А.Х.Смайылов 2019 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттарының орындалуы туралы есеп беріп, биылғы жылдың міндеттерін ортаға салды.
Есеп беру кездесуінде облыс әкімі Е.Б. Маржықпаев сөз сөйлеп, Көкшетау қаласын дамытудың негізгі маңызды бағыттарына тоқталып, биылғы жылы өткелі отырған Қазақстан-Ресей өңіраралық форумына дайындық жұмыстарының үздіксіз жүргізілу қажеттілігін айтып, нақытылы тапсырмалар берді. Әкімнің есебіне Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Бақытжан Сәпиев қатысты.

  Еңбек ардагерлері, облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары, қала тұрғындары, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік сала ұйымдарының еңбеккерлері, саяси партия филиалдарының, үкіметтік емес ұйымдар мен жастардың, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан шарада Көкшетау қаласының әкімі қаланың 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы жөнінде есеп беріп, алда тұрған міндеттер жайында баяндады.
– Өткен жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Көкшетау қаласында болып, биылғы жылдың қазан-қараша айында өтетін Қазақстан-Ресей өңіраралық форумына байланысты міндеттер жүктеп, жылу-электр орталығы құрылысын жүргізуге рұқсатын берді,–деген қала әкімі өткен жылғы міндеттердің толық орындалғанын атап өтті. Қалада «Көкшетау минералды сулары» мен «Тыныс» акционерлік қоғамынан өзге «КамАЗ-Инжиниринг», «Асыл Арман», «ЕНКИ», «Агромир Астық», «Ақсай нан НТК» тәрізді 20 кәсіпорын өз жоспарларын ойдағыдай орындады. «Вектор» комбайн зауыты биылғы жылы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры арқылы жұмысын жандандырады.
Шаһарда кәсіпкерліктің 19288 субъектісі жұмыс істейді. Жергілікті бюджетке 5,2 миллиард теңге қаржы құйылған. 2019 жылы 1703 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Одан әрі қала әкімі шағын және орта бизнестің дамуы жөнінде айтып берді. Мәселен, «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 15 жобаны жүзеге асыру мақұлданған екен. Қала бойынша тұрғын үй кезегінде 10 мың 243 адам кезекте тұр. Осыған орай облыс орталығында тұрғын үй құрылысы қарқын алуда. Оны «Сарыарқа» шағын ауданында салынған көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар дәлелдей түседі. Мұнда мектеп пен балабақшалар салу жоспарланған. Былтырғы жылы көп балалы 82 отбасы пәтер алды. Әлі де осындай 485 отбасы кезекте тұр.
Қалада абаттандыру, ағаш көшеттерін отырғызу жұмысы жиі жүргізілсе де қоқыс үйінділерінен құтыла алмай отыр. Бұл бағытта қала әкімі тұрғындардың тәртіпке шақырылатынын айтып өтті. Өткен жылы Қылшақты өзенінің үстінен өтетін көпір салынып, Абылайхан даңғылынан орталық көшелерге апаратын жолға асфальт төселді. Өңір басшысы өз сөзінде азық-түлік тағамдарының бағасын тұрақтандыру жұмысын жандандыру қажеттігін айтты. Биыл білім саласына 5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Облыс басшысының білім сапасына көңілі толмады. Бұл бағытта степногорлықтардан үлгі-өнеге алу керектігін ескертті. Биылғы жылы «Юбилейный», «Көктем» шағын аудандары мен «Нұрлы көш» ауылында салынатын балабақша құрылысы қолға алынады. Бірқатар мектептерде қосымша ғимарат салып жатқан мердігерлер сөзінде тұрмай, нысандар уақытында тапсырылмаған. Денсаулық сақтау саласы компьютерлік техникамен жабдықталуда. Облыс әкімі дәрігерлерге көпқабатты бір үй салынатынын айтты. Қазір 4 студент бюджет есебінен медициналық оқу орындарында оқып жатыр. Одан әрі қала әкімі мәдениет, спорт, туризм, әлеуметтік қорғау салаларының жетістіктері жөнінде айтып, қала тұрғындары қойған сауалдарға жауап берді. Тұрғындар азық-түлік тағамдары мен дәрі-дәрмектің қымбаттығы, сапалы су мәселесі, су тасқынының алдын алу жөнінде сұрақ қойып, нақты жауап алды.
Есеп беру кездесуінің соңында облыс әкімі Ермек Маржықпаев облыс еңбеккерлерінің қол жеткізген табыстары жөнінде айтып, қала әкімінің жұмысына оң бағасын берді.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар