Өмір, сен бәрінен де қымбатсың!

Өмірде түрлі жағдайлар болады. Адам жақсылықты да, қиыншылықты да көреді. Қуанышты бәрі қарсы ала алғанымен, қиыншылыққа әркім төзе бермейді. Нағыз орда бұзар шақта мүгедектер арбасына таңылса да, жүрегінің мықтылығының арқасында өмірдің салған сынағына қасқайып қарсы тұра білген кейіпкерімізбен болған әңгімеден кейін өмірде кез-келген қиындықты жеңіп шығуға болатынына анық көз жеткізгендейміз.

Біз бүгін әңгіме еткелі отырған кейіпкеріміздің есімі Амангелді Қапанов. Бүгінде Целиноград ауданына қарасты Ақмол ауылында тұратын ол сонау 1992 жылы қайғылы жайттан кейін жұлынына зақым келіп, жүруден қалғанда, небары жиырма бес жаста болған екен. Бірнеше күрделі ота жасалып, денсаулығын қалпына келтіру үшін оған біраз емделуге тура келеді. Қарағандыдағы республикалық оңалту орталығында екі жыл ем алады. Мүгедек болып қалғанына іштей күйзеліп, жаны жабырқап жүрген жас жігіт сол аралықта оңалту орталығында жұмыс істеп жүрген мейірбикемен танысып, екеуі артынша отбасын құрады.
Әңгіме барысында ерекше бір сүйсінгеніміз, неміс қызы Ольга Амангелді Шәукенұлымен сонау 1994 жылы оңалту орталығында танысқанда оның мүгедектігіне қарамастан, Қарағандыдағы медициналық институтындағы оқуын тас-
тап, қазақ жігітіне тұрмысқа шығу үшін ауылына іздеп келген екен. Міне, бүгінде екеуінің шаңырақ құрып отырғандарына аттай жиырма бес жыл.
–Қай жерде жүрсем де менің әркез айтатыным, қиыншылыққа берілмеу керек. Еңбек етсең ғана нәтиже шығады. Қолтығымнан демеп отыратын жақындарымның арқасында мен ауруымды тез ұмытып кеттім. Баяғыдай жүре алмайтынымды түсіндім. Түсіндім де, соған мойынсұндым. Осы қалпымда өмірге бейімделе бастадым. Мамандығым құрылысшы болатын. Алайда, енді бұл салада еңбек ете алмасым анық еді. Сөйтіп, аң терісінен бас киім тігуді, аяқ киім жөндеуді қолға алдым. Біраз қаражат жинап, жолдасым екеуіміз Ақмолдан екі бөлмелі пәтер сатып алдық, – деген кейіпкеріміз бос уақытында өзінің жеке шеберханасында аяқ киім жөндейді.
Ал, уақытының басым көпшілігін өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін шешуге арнайды. Өйткені, бүгінде Амангелді Қапанов аудандағы «Болашақ» қоғамдық бірлестігіне жетекшілік етеді. Сондай-ақ, аудан әкімінің мүгедектер мәселесі жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарады.
Қазіргі таңда Целиноград ауданында 170 мыңнан астам адам тұрса, оның 1230-ы мүмкіндігі шектеулі жандар. Аудандағы мүгедек балалардың саны 158.
–Ауданымызда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың басын біріктіретін, солардың мәселелерімен айналысатын бір ұйым ашу қажеттілігі туындады. Сөйтіп, 2011 жылы «Болашақ» қоғамдық бірлестігін құрдым. Қазіргі таңда үш жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Біріншісі «Үйдегі әлеуметтік қызметтер» деп аталады. Бұл жоба бо-
йынша 30 адамға қызмет көрсетіледі. Оның ішінде 11-і психоневрологиялық аурумен ауыратындар, қалғандары жалғызбасты қарттар. Екіншісі «Жеке көмекші» жобасы. Сондай-ақ, былтыр ауданымызда инватакси қызметін іске қостық. Такси қоңырау шалған мүмкіндігі шектеулі жандарды қалаған жерлеріне апарып, алып келеді. Қазіргі күні инватакси қызметін арбаға таңылған 80 мүгедек пайдаланады, – деді бірлестік төрағасы.
Былтыр кейіпкеріміздің мұрындық болуы-
мен аудандық аурухана жанынан оңалту орталығы ашылыпты. Мүгедектер, басқа да науқастар денелерін сауықтыратын бұл орталыққа жуырда Амангелді Шәукенұлы құны 350 мың теңге болатын вертикализатор деп аталатын заманауи құрылғы сатып әперіпті.
Телефон желісі арқылы өрбіген әңгімемізден бірлестік жанында төрт жылдан бері мүгедек балаларға арналған коррекциялық кабинеттің жұмыс істейтінін де білдік. Ол кабинет заманауи спорттық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Бірлестік жыл сайын мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спорттық жарыстар, «Жаңа тұлғалар» байқауының аудандық кезеңін ұйымдастырып тұрады. Жуырда осы «Болашақ» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, мүмкіндігі шектеулі жан Вадим Дукарт паурлифтинг деп аталатын спорт түрінен еліміздің 17 мәрте чемпионы атанған.
Амангелді Қапанов биылдан бастап әлеуметтік қызметтер порталының іске қосылатынына дән риза. Енді мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің барлығы мемлекеттік сатып алудан шығарылып, әлеуметтік қызметтер порталына ауыс-
тырылады. Ол жерде мүгедектер барғылары келген шипажайды өздері таңдайды. Әңгіме барысында Амангелді Шәукенұлынан мүгедектер мәселесі, аудан әкімінің кеңесшісі ретінде соларды шешуге қалай ықпалдасатыны жайында сұраған едік.
–Әрине, күнделікті өмірде мәселе туындамай болмайды. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға аса қамқорлық қажет. Бірін баспана, енді бірін жер мәселелері толғандырады. Көптеген өтініштерді аудан әкіміне жеткізбей-ақ, өзім шешуге тырысамын. Шамам жетпей жатса, тиісті бөлімдердің көмегіне жүгінемін. Қиын өмірлік жағдайда қалған тұрғындарға жомарт жандар өзіміз ұйымдасып көмектесеміз, – деген аудан әкімінің кеңесшісі Амангелді Қапанов үнемі қайырымдылық шараларының басы-қасында жүреді. Міне, сол үшін екі жыл қатарынан облыстық «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаты атанды.
Амангелді Қапанов осыдан төрт жыл бұрын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында облыста алғашқылардың бірі болып өз ауылдарында арзан бағамен азық-түлік сататын әлеуметтік дүкен ашқан. Онда әр жұма сайын қарттарға нан тегін таратылады.
–Әлеуметтік дүкенімізде бағаны барынша тұрақты ұстауға тырысамыз. Бізде нанның бағасы 65 теңге, ет 1600, қант 210 теңгеден. Сондай-ақ, дүкенде «Қайырымдылық бұрышын» ашып қойдық. Мәселен, тұрғындар дүкенімізден екі шай алса, оның біреуін «қайырымдылық бұрышына» қалдырып жатады. Сосын жиналған азық-түлік мұқтаж жандарға таратылады, – деді кейіпкеріміз.
Оған күресуді өмірдің өзі үйретті. Арбаға таңылдым демейді. Үнемі айналасындағы жандарға қол ұшын беруге тырысады. Жан жары Ольга Қапанова екеуі екі баланы бауырларына басып отыр. Сондай-ақ, Амангелді Қапанов төрт жылдан бері аудандық «Әкелер» одағын басқарады. Осыншама шаруаның басын қайыру қолынан келіп жүрген ел ағасына өмірге деген құлшынысы үшін тек алғыс айтуға болады.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Ақмол ауылы,
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар