«Жүрегімнің түбіне терең бойла!..»

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының концерт залында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Жүрегімнің түбіне терең бойла…» атты концерті болып өтті.

Биылғы жылдың тамыз айында қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Баршамызға белгілі аталмыш мерейтойдың салтанатты ашылу рәсімі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев пен Елбасы Қ.Тоқаевтың қатысуымен «Астана-Опера» театрынан бастау алған болатын. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы да осы ауқымды іс-шараны қолдау мақсатында өз өнерлерін көпшілік назарына ұсынды. Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлы ақынның рухани мұрасын насихаттау. Өйткені, Абай әндері – музыкалық өнердің інжу маржаны, өшпес құнды мұрасы іспеттес.
Концертте Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетiнiң «Жастар» студенттік хор капелласы, Үкілі Ыбырай атындағы филармониясының Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен әншілері өнер көрсетті. Тұрлықожа Базаров пен Жанат Рашиттің дирижерлігімен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі және Үкілі Ыбырай атындағы филармонияның оркестрі хакім Абайдың ел аузында жатталып қалған жиырмаға тарта әндерін шырқап, көрермен жүрегіне жеткізе білді. Сахнада өнер көрсеткен Серікболсын Бекмолдин, Шолпан Дүкенбаева, Фархат Сағымбай, Гүлжан Ахметова, Шыңғыс Сәрсенбай, Мереке Бекмағамбетов, Ғазиза Жұмекенова сияқты әншілер көрермендерінің қошеметіне бөленді.
Екі бөлімді концерттік бағдарламаның бірінші бөлімінде қазіргі Абай өлеңдерiне жазылған осы заманғы композиторлардың төл туындыларынан Төлеген Мұхамеджановтың «Жыл мезгілдері» циклы, Е.Коробейников өңдеген «Абай тақырыбындағы вариациялар» атты жаңа шығармалары орындалды. Ал, екінші бөлімде Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Сегіз аяқ» сондай-ақ, А.Жұбановтың «Абай» операсының ариясы сияқты танымал әндері мен романстары шырқалды. Концерт әншілер мен хордың, оркестрдің орындауындағы «Абай» операсынан алынған «Той бастар» шығармасымен аяқталады.
Концертке келген Көкшетау қаласының тұрғыны Серік Тоқтаровты сөзге тартқан едік:
– Менің жасым 75-ке келді. Абай әндері бала күнімізден құлаққа сіңіп, жатталып қалды. Мен өзімнің балалық шағымды осы әндердің әуенімен елестетемін. Абайдың қай өлеңін алсақ та, ешуақытта ұмытылмайды. Оны өскелең ұрпаққа танытып, ұлағаты мол өнегемен сусындату біздің борышымыз деп білемін, – дейді ол.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Суретті түсірген
Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар