Жол ақылы болғанымен…

Елімізде ұлан-ғайыр жолдар салынып жатқанымен оның сапасы қандай деңгейде екен деген ой қылаң бермей қоймайды. Бүгінгі күні кез-келген көлік жүргізушісін осы мәселе толғандырады. Ауылдық елді мекендердегі ойлы-шұңқырлы жолдар мен көшелерді айтпағанда, республикалық маңыздағы күре жолдардың сапасы сын көтермейді. Биылғы жылға «Нұр-Сұлтан — Петропавловск» жолын күтіп-ұстауға және жөндеуге 1,2 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр екен. Бұл әрине, аз ақша емес. Дегенмен, соған қарамастан қыс айларында ақтүтек боран мен көктайғақ кезінде жол уақтылы қардан тазартылмағандықтан көлік жүргізушілері мен жолаушыларға қатынау қиынға соғуда.

Осыны анықтау мақсатында Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің жанындағы Арнайы мониторингтік тобы мен «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Ақмола облысы бойынша филиалы бірлесіп, «Сапалы жол» жобасы шеңберінде автомобиль жолдарын пайдалану мен күтіп ұстауға қоғамдық мониторинг жүргізді. Онда арнайы топ «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы қызмет көрсететін «Нұр-Сұлтан – Щучинск» ақылы автомобиль жолына шығып, жолды қардан тазарту жұмыстарына көңіл бөлді.
Биылғы қардың мөлшері жылдағы нормадан жоғары. Ал, коммуналдық қызметтер бұған дайын болмай шықты. Қар тазартатын арнайы техниканың жетіспеушілігі біраз қиындықтар туғызды. Мониторинг кезінде анықталғандай, боранды күндері Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдайлар режимі жарияланып, техниканың басым көпшілігі елорда көшелерін қардан тазартуға жұмылдырылған. Сол себепті, Ақмола өңірінде арнайы техниканың жетіспеушілігі туындаған.
– Мониторинг барысында шетелдің кейбір сапасыз техникалары қар күреу жұмыстары кезінде істен шыққаны анықталды. Талдау барысында белгілі болғандай, қар ұстап қалатын учаскелерде темір-бетон қоршаулар санын арттыру және оны бір емес, екі-үш деңгейлі етіп орнату ұсынылды, – деді Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Динара Нұртаз.
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Ақмола облыстық филиалының инженері Абылай Төлеуовтің айтуынша, Бурабай ауданында бораннан кейін жол ғана тазаланған, ал, оның бойындағы аялдамалар сол күйінде қар құрсауында қалған.
– Жол инженері жолды пайдалану учаскесінің басшылығына кемшіліктерді жою туралы ескерту жасалды. Ал, Ақкөл ауданының тұсында жолдың кейбір бөліктерінде үш жолақтың екеуі ғана тазаланған. «Нұр-Сұлтан – Щучинск» тас жолының 157-ші шақырымында жолдың үшінші жолағында қар тау болып үйіліп жатыр. Бұл, көлік қозғалысының қауіпсіздігіне әсер етері сөзсіз, – дейді ол.
Ақылы автожолда жол жүру үшін жиналған қаражаттың жұмсалуы туралы жария ақпараттың болмауына байланысты автокөлік иелері тарапынан қайшы пікір туындайды. Осыған байланысты, арнайы мониторингтік топ жоғарыда көрсетілген қаражаттың жұмсалуы туралы ақпаратты ұсынуда ашықтықты қамтамасыз етуді ұсынды.
Сонымен қатар, жол бойындағы кемпингтерді тексеру қоқыс шығаруға және қоғамдық дәретханаларға қызмет көрсетуге байланысты кемшіліктердің бар екенін атап көрсетті. Одан басқа, жол учаскесінде болып жатқан барлық жағдайлар туралы азаматтар WhatsApp-чат арқылы ЖПУ қызметкерлерін хабардар етуге мүмкіндігі бар. Жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша шығарылған барлық ескерту мен ұсынысты тиісті мемлекеттік органдармен
және мекемелермен жұмыс кездесуінде жариялау жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, тексеру барысында жолайырығы, көпір, жол белгілері, жол бойындағы демалыс нысандарының барлығы назарға алынды. Осындай қоғамдық мониторинг алдағы күндері «Алматы – Екатеринбург», «Нұр-Сұлтан – Ерейментау», «Нұр-Сұлтан – Қорғалжын» тас жолдарында да жалғасатын болады.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *