Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысындағы жағдайға байланысты мәлімдемесі

Құрметті қазақстандықтар!
Бүгін түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында жергілікті тұрғындар арасында жаппай төбелес, жанжал болды. Бұл ахуалды арандатушылар өз мақсатына пайдаланды. Өкінішке қарай, бұл оқиға кезінде адам шығыны болды. Мен қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Қазір полиция мен Ұлттық ұлан бұл жағдайды бақылауға алды. Осыған орай, мен Үкімет комиссиясын құруды тапсырдым.
Оған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Машбекұлы Сапарбаев төрағалық етеді.
Үкімет комиссиясы болған оқиғаның себебін анықтайды. Жамбыл облысы әкімімен бірлесіп, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастырады. Сондай-ақ, жағдайды тұрақтандырумен айналысады. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады. Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма бердім.
Мемлекетіміздің мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлігімізді бұзатын және жалған ақпарат таратқан азаматтар заң алдында жауап береді.

* * *

Кеше Қазақстан Президенті Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады. Үкімет басшысы еліміздің 2020 жылдың қаңтар айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және инвестиция тарту мәселесіне орай қабылданып жатқан шаралар туралы және Үкіметтің 2019 жылдың қорытындылары жөніндегі кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларының орындалуы жайында баяндады.
Сонымен қатар Премьер-Министр Президентке Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиғаның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссияның жұмыстары туралы айтты.

***
Кеше Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметовке Жамбыл облысы, Қордай ауданында кісі өліміне, тұрғын үйлердің қирап, азаматтардың дүние-мүліктерінің бүлінуіне әкеп соқтырған оқиғаға байланысты облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары С.Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Б.Байтөлені жұмыстарына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатуды тапсырды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ҚР Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевқа Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы А.Оразалиевті және Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы А.Айқымбековті қызметінен алуды тапсырды.
***
Кеше Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады. Мемлекет басшысына Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиғаға байланысты құрылған ведомствоаралық жедел тергеу тобының жұмысы туралы баяндалды. Президент Бас прокурорға тергеу жұмыстарының әділ әрі жан-жақты жүргізілуін, қабылданған барлық шешімдердің заңды болуын және кінәлілердің жазасыз қалмауын қамтамасыз етуді тапсырды.

***
Кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жағдайды тұрақтандыруға байланысты қабылданып жатқан шаралар жайында есебін тыңдады. Президент министрге облыстағы ахуалды қатаң бақылауға алып, азаматтардың қауіпсіздігіне және еліміздің абыройына нұқсан келтіретін осындай оқиғаларға жол бермеу мақсатында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырды. Қоғамдық тәртіпті бұзып, кісі өліміне және дүние-мүліктің бүлінуіне әкеп соқтырған бұзақылар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуы тиіс.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар