Басты міндет – сананы жаңғырту

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы үшінші жыл жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлер географиясы», «Жүз жаңа есім», «Жүз жаңа оқулық» секілді көптеген республикалық жобалар қолға алынып, оған біздің облыс та белсене қатысты. Бағдарламаның келесі кезеңдері туралы және өткен жылы өңірімізде осы бағытта атқарылған шаралар жайлы білу мақсатында «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің бөлім басшысы Қайрат Сейітқазинмен әңгімелескен едік.

–Сонымен қатар, өткен айда Ақмола облысының ақын-жазушыларының аудио кітаптарын жасап шығардық. Алғашқы аудиокітапқа жергілікті жазушы Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері» романынан үзінді жазылған болатын. Жуырда тағы сегіз аудиокітаптың тұсауы кесілді. Олар: Ілияс Есенберлиннің «Қаһар», Естай Мырзахметовтың «Медет» романдары мен Мәлік Ғабдуллиннің эпистолярлық еңбектері, Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ», Ерік Асқаровтың «Ата қаз», Шоқан Уәлихановтың «Өлі мен тірі арасындағы достық», Төлеген Қажыбайдың «Айбозым», Жабал Ерғалиевтың «Ескі арба» шығармалары. Аудио кітап жасап шығарудағы басты мақсатымыз жас-
тар арасында қазақ әдебиетіне деген қызығушылықты арттыру. Оларды Smart «Рухани жаңғыру» Aqmola қосымшасынан немесе Telegram желісінен тегін жүктей аласыздар, – деген «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің бөлім басшысы Қайрат Сейітқазин елімізде аудиокітаптардың аналогы жоқ екенін айтады. Келешекте екінші және үшінші серияларын шығарып, республика аумағына тарату жоспарлануда. Екінші сериясында киелі Көкше өңірі жайлы қалам тербеген республикадағы ақын-жазушылардың еңбектері, үшінші серияда жергілікті жас қаламгерлердің шығармалары қамтылады.
Айта кетерлік жобалардың бірі – облысымыздағы түрлі салаларда белгілі бір жетістікке жеткен жастарды көпшілікке таныстыру мақсатында қолға алынған «Замандас» жобасы. Оны да өңірлік жобалық кеңсе мамандары жүзеге асырады. Қазіргі таңда жоба жастар арасында үлкен қызығушылыққа ие.
Бұдан бөлек, «Жүз жаңа оқулық» жобасымен 2018-2019 жылдары жарық көрген отыз оқулық бойынша былтыр аудандарда көрме ұйымдастырылған. Биыл жоба аясында тағы 15 кітап аударылып, өңірлерге жіберіледі деп күтілуде.
–«Жүз жаңа оқулық» бойынша аударылып жатқан оқулықтар өте қызықты. Олар көбінесе оқытушылар мен студенттерге арналса да, дамимын, білімін жетілдіремін, ізденемін деген кез-келген адам оларды кітапханадан алып, оқуларына болады. Былтыр 90 дана кітап облысымызға бөлінген болатын, – деген Қайрат Сейітқазин «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жұртшылыққа кеңінен насихаттау мақсатында жергілікті «Көкше» телеарнасында белгілі тарихшылар, әдебиетшілер, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Рухани жаңғыру – ұлт болашағы» бағдарламасын жүргізетінін айтты.
«Жүз жаңа есім» жобасы бойынша 2019 жылы республика бойынша 32 адам жеңімпаз деп танылған. Соның ішінде біздің облыстан таңдап алынған жалғыз жүлдегер – Целиноград ауданы Қосшы ауылында тұратын өз ісінің білгірі, ұлағатты ұстаз Назгүл Жәкенова. Ол 2004 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің экономика факультетін үздік бітірген, экономика және қаржы саласы бойынша көптеген оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Алғашқы жылдары өзі білім алған ордалы оқу орнындағы кафедрада жұмыс істеп, диссертация қорғаған.
–Биыл осы «Жүз жаңа есім» жобасының жеңімпаздарын насихаттау мақсатында жеңімпазды арнайы шақыртып, облысымыздың жоғары оқу орындарында, колледждерде MediaTalks шарасын өткіземіз, – дейді Қайрат Сейітқазин.
–Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеологиялық маңызына және бағытына барынша екпін қойып отырмыз. Рухани жаңғыруды іс-шаралармен ғана шектеп қоймауымыз керек. Біз ең алдымен санамызды жаңғыртып, бағдарламада айтылған міндеттерді күнделікті тұрмысымызбен байланыстыруымыз қажет. Мәселен, мен үшін прагматизм – уақытың мен қаражатыңды дұрыс есептей білу. Осыларды дұрыс басқара білген адамның еңбек өнімділігі және энергия өнімділігі, қоршаған ортаға келтіретін пайдасы арта түседі деп ойлаймын. Қарапайым ғана мысал, кейбір адамдар қандай мемлекеттік бағдарламалар барын, халықтың әл-ауқатын жақсартуға, жастардың сапалы білім алуына мемлекет қандай шаралар жасап жатқанын білмейді. Осы білместіктің салдарынан түрлі жағымсыз пікірлер туындайды. Сананың ашылмағандығының бірі көрінісі осы. Қандай да бір жетістікке жету үшін ең алдымен жүйе, тәртіп, білім, ұмтылыс пен талап қажет, – деген Қайрат Сейітқазин алдағы уақытта жастарға ысырапшылдыққа салынбау, жүйелі жұмыс істеу, уақытты үнемді жұмсау, мүмкіндікті пайдалану білу, ізденісті дұрыс ұйымдастыруды үйрету мақсатында идеологиялық жұмыстар жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы біріктіріліп, соның негізінде арнайы он үш жоба жасалғанын, өңірлік жобалық кеңсе осы жобалар негізінде құрылған облыстық жоспарға сәйкес жұмысын жалғастыратынын әңгіме барысында білдік.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *