Әкімге келіп 300-дей азамат өз өтініш-тілектерін айтты

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында Көкшетау мәдениет сарайында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

Шараға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, Көкшетау қаласының әкімдігі, құқық қорғау органдары, коммуналдық қызметтер, азаматтарға арналған үкімет корпорациясы мен «Nur Otan» партиясы филиалының және екінші деңгейлі банктердің басшылары қатысып, азаматтардың жеке сұрақтарына жауап берді. Жалпы, бұл күні қабылдауға өңірімізден 300-ге жуық тұрғын қатысып, көкейдегі сауалдарын қойды. Оның 91-і тікелей облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа жолығып, өтініш-тілектерін білдірді. Нақтырақ айтсақ, 52 азамат жеке өтiнiштерiмен келсе, 39 азамат ұжымдық мәселелерді көтерді.
Қойылған сұрақтардың басым бөлігі баспанамен қамтамасыз ету, тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алу, кәсіпкерлік және агроөнеркәсіп кешендерін қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламаға қатысу, жолдарды жөндеу, Көкшетау қаласындағы апатты тұрғын үйлердің жайы, абаттандыру, спортты дамыту, су басып кету қаупі бар елді мекендерге қатысты мәселелер болды. Өтініш-тілектердің біразы сол жерде шешілсе, қалғаны бақылауға алынатыны айтылды.
Облыс әкімінің қабылдауына алғашқылардың бірі болып жазылған бірінші топтағы мүгедек Айғаным Боташева келді. Ол отбасын құрып, сәбиін жарық дүниеге әкелгеннен кейін мүгедек болып арбаға таңылыпты. Жолдасы Арман қасынан қалмай бәрін түсіндіріп жүр. Оған ең бастысы ортопедиялық аяқ киім мен арба керек екен. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова мүмкіндігі шектеулі азаматшаның жағдайын толығырақ тыңдап, түсінгеннен кейін мүмкіндігінше көмек көрсетілетінін жеткізді.
Ал, өзін Көкшетау қаласының тұрғынымын деп таныстырған 80-нен асқан апамыз Зура Закарияқызы Мұхамеджанова, облыс әкімінің қабылдауына тұрғын үй мәселесімен келіпті. 2006 жылдан тұрғын үй кезегінде тұр екен. Бұған дейін Тұңғыш Президенттің қабылдауында да болғанын тілге тиек еткен ол «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері, он бес баланың анасы екендігін айтты. Балаларын өсіріп жеткізіп, бүгінде үйленбеген ұлы мен қызының қолында тұрып жатыр. Өз кезегінде өңір басшысы Зура Закарияқызының қала тұрғыны болғандықтан, мәселесін шешуді қала әкіміне тапсырды. Қала әкімінің орынбасары С.Шабаров «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерін алған кезде бірден тұрғын үй кезегіндегі тізімнен өз өтінішімен басқа санатқа ауысып тұру керектігін айтты. Қазір де сол жеңілдікпен берілетін санатқа ауысуына мүмкіндік бар. Бірақ, бұл жағдай уақытында орындалмағандықтан, қазір ауысқанда 400-шіден жоғары болатынын жеткізген қала әкімінің орынбасары Сағындық Серікбайұлы «Алтын алқа» иегерінің сол бұрынғы тұрғын үй кезегінде қала бергенінің тиімді екенін айтып түсіндірді. Сондықтан, жалпы тізімдегі кезегі шамамен 100-ші болып тұрған Зура Мұхамеджанова ұлымен бірге, бұйырса ағымдағы жылдың күзінде жаңа жалдамалы екі бөлмелі пәтерге қол жеткізетіні бәріміз үшін де жағымды жаңалық болды.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Бүгінде Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр.
– «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында үшінші рет халықтың өтініштеріне құлақ асу үшін ашық есік күнін өткізіп отырмыз. Төрт сағаттың ішінде 300-ге жуық адамды қабылдадық. Оның үштен бірінің мәселесін осы жерде шешуге тырыстық. Болашақта да айына бір рет осындай қабылдау өткізіп тұруымыз керек», – деді өңір басшысы
Ермек Маржықпаев қорытынды сөзінде.
Халықтың сауалдарына құлақ асып, олардың талап-тілектерін орындау мақсатындағы Мемлекет басшысының тұжырымдамасында белгіленген міндеттер бүгінгідей азаматтарды қабылдау барысында өз нәтижесін беретіні сөзсіз. Оны қоғамдық қабылдауға үлкен сеніммен келген жұртшылық санының көптігінен анық байқауға болады. Өйткені, мұнда азаматтардың сауалдары тыңдалып қана қоймай, оларға көмектесудің нақты мүмкіндіктері қарастырылды. Қалай десек те, бұл күнгі азаматтарды қабылдау халық көңілінен шықты.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар