Үздік жобалар іріктеліп алынды

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Марат Сырлыбаев «StartUp Project» конкурсының жеңімпаздарын марапаттады.

Салтанатта сөз сөйлеген университеттің ректоры жоғары оқу орны жанындағы «StartUp Project» академиясы 2017 құрылғанын айтты.
–Академияның мақсаты – университет үшін үздік бизнес-идеяны іріктеп алу. Одан әрі бизнес-идеяның авторлары жобаны іске қосу кезінде университеттің қаржылай қолдауымен қондырғылар, құрал-жабдықтар, шикізат сатып ала алады. Биылғы жылы академия Рустам Жанқонақов, Марат Алтынбеков, Антон Штрак, Олжас Қадырәлиев сияқты көкшетаулық кәсіпкерлердің қолдауы арқасында өз жұмысын жандандырды. Академияның жұмысына облыстық кәсіпкерлер палатасының «Кәсіпкерліктің негізі» және бизнес-жоспар жасау курсында білімін жетілдірген бизнес-жаттықтырушы Сәкен Қаженов пен университет оқытушылары қатысты,–деген ректор биылғы жылғы конкурсқа қатысушылар төрт мәрте іріктеуден өткенін айтты.
Нәтижесінде 14 бизнес-жобаның сегізі финалға шығып, Марат Богапов, Анар Әміржанова, Бибігүл Захай, Динара Қақабаева, Маржан Мырзаханова жеңімпаз атанған. Университет ректоры грант қаржысын 13,3 миллион теңгеге дейін көбейтіпті. Жобаларды іріктеген университеттегі сарапшылар кеңесі қатысушылардың өз бизнес-идеяларына деген қызығушылық деңгейі жоғары болғанын айтты. Әр жоба қолдауға тұрарлықтай болған екен. Енді оларға өндірісті ұйымдастыру, қондырғылар мен барлық қажеттілікті сатып алу, мамандар тарту, нормативтік құжаттар мен күн тәртібін жасау барысында үлкен жауапкершілік жүктелуде.
–Жобаның коммерциялық құрылымын құру барысында университет қолдайтын болады. Бұл бизнес басқарудың қазіргі заманғы моделімен, маркетингпен және ақпараттық қолдаумен іске асырылады. Бірқатар жобаларға «Astana hub» халықаралық технопаркі қолдау көрсетеді. StartUp академиясындағы жүзеге асырылмаған жобалардың қоржынында экономика мен мәдениетті, өңірдің қауіпсіздігін дамытуға бағытталған қызғылықты әрі маңызды тақырыптар бар. Университет оларды жүзеге асырудың әдістері мен жолдарын жалғастырады. Грант иелеріне бастаған істеріне сенімді болып, оны одан әрі дамытуды тілеймін,–деді университеттің ректоры Марат Сырлыбаев сөз соңында.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар